Білім нұрының жарығы

1166

0

Әр бастаманың нәтижелі болуы оның басындағы азаматтардың іс-әрекетімен өлшенбек. Игіліктің ұйтқысы бола білген, тіршілігіне кісі қызығар, пайым-парасатына жан сүйсінер текті тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, рухани болмысы биік, жастарға үлгі боларлық ғибраты мол, халқымыздың мақтанышына айналған жандар туралы қанша мақтау айтсақ та жарасады емес пе?! Елге қызмет етіп, биік белеске көтеріліп, жетістікке жеткен жандардың еңбегін кейінгі ұрпақ  білгені жөн.

Парасатымен, беделімен, білім-білігімен қалың жұртына сыйлы болған асыл азаматтың бірі Бақытжан Бекішев еді.

Ол еңбек жолын соғыс жылдарында «Казрис» ауылының бастауыш мектебінде мұғалім болып бастаған. Небары 14 жаста еді, соғыс ауыртпалығын көппен бірге көтерген балаң жігітті шағын елді мекен ұстаз тұтып, ерте есейтті. Қаладағы педагогикалық училищені үздік бітірген Бақытжан Бекішев ұстаздық жолын үзбей, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін де ­тәмамдады.

1954 жылы Абай атындағы орта  мектепке мұғалім болып ауысады да, осы жерде өзін білікті басшы ретінде танытып, ел ықыласына бөленді. Кейін Сырдария аудандық оқу-ағарту бөліміне қызметке жіберіледі. Өз мамандығына деген адалдығы, ұстаздық жолындағы ұлағатты істері, адамдық, азаматтық қасиеттері Бекішевтің абыройын биіктете түсті. Сырдария аудандық оқу-ағарту бөлімінде қызмет атқарып, 1980-1984 жылдары қаладағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатының директоры болды. Өзін білікті басшы, жаңашыл ұйымдастырушы деңгейінде көрсетті.

Кейін облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты директорының орынбасары қызметінде оқу-әдістемелік жұмыстарға басшылық жасады. Республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің Қызылорда облысындағы тілшісі қызметін қоса алып жүрген Бақытжан Сүлейменұлы өзін журналис­тика саласында да білікті маман ретінде танытты. Облыс­тың оқу-тәрбие ісіндегі озық тәжірибелері мен білім саласының жетістіктері туралы жазған мақалалары Сыр елі ағарту саласының мәртебесін көтере түсті.

Жалпы білім беретін ауыл мектептерінің жұмысын жетілдіру, жаңа оқу бағдарламасы, жаңа оқулықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің іс-тәжірибелерін зерттеп, жинақтау және оны таратуға жетекшілік жасап, әдістемелік жұмыстарды ұтымды ұйымдастыруымен кейінгі буынға үлгі көрсетті. Педагогикалық институттың кафедраларымен, ғалым-оқытушы, профессорлармен тығыз байланыс жасады.

Қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушілігін атқарған жылдары тіл мамандарының тәжірибесін тарату, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін оқыту мәселесіне айрықша көңіл бөле отырып, облыстық, республикалық ғылыми-практикалық конференция, семинарлар мен педагогикалық оқулар өткізудің бастамашысы мен ұйымдас­тырушысы, шын мәнінде тіл жанашыры болды. «Педагогикалық озық тәжірибені мектеп өміріне енгізу», «Сабақ көркем творчествосы», «Драмалық шығарма мектеп  сахнасында», «Қос тілділік – қайта құру талабы», «Көркем шығарманы талдау – әдеби-теориялық білім көзі», «Ұлағатты ұстаз» тақырыптарында озат мұғалімдердің іс-тәжірибелерін облыс мектептеріне таратуға да елеулі үлес қосты. Халық ағарту саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегімен, өнегелі өмірімен мұғалімдердің кәсіби білімін жетілдіріп, шыңдағаны үшін КСРО және Қазақ КСР «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Ізденістері мен тынымсыз еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталған.

Өмірінің соңғы күніне дейінгі жартығасырлық еңбек ұрпақ жадында сақталып қалары анық.

Жанат Көмекбаева

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<