Біз де бала болғанбыз

1888

0

«Шыбықтан скрипка жасап»…

Күлән Қалымбетова, Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі:

– Ол кезде қойшы ауылдың балалары бір-екі жас үлкен-кішілігіне қарамай, бірге оқи беретін. Мен 1955 жылғы өзімнен екі жас үлкендермен қатар оқыдым, 1973 жылы мектепті бітірдім. Бастауыш кластарда жүріп-ақ ән айта бастадым. Мектептегі түрлі жиындарда ән салатынмын. Бірақ әншілік деген арнайы мамандық екенін білмейтін едім. Ауылдың орталығында үлкен радио болатын, одан күн сайын Ермек Серкебаев, Рашид Абдуллин, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова ән шырқайтын. Маған, әсіресе, Роза Бағланованың әндері ерекше ұнайтын. Ол кезде Роза апамыздың Қазалының тумасы екенін білмеймін, бірақ әндері сондай жаныма жақын болғандықтан, радиодан тыңдап, жаттап алатынмын. Сосын мектептегі концерттерде орындаушы едім.

Көрші үйде Балапан Жұбаева деген менен екі жас кіші қыз болатын. Қазір елге танымал, атақты әнші. Ауылдың көп баласымен бірге сусыған шегеқұмды кешіп, көл жағалап ойнайтынбыз. Әдемі орамалдар, неше түрлі шүберектерден безендіріп, сахна жасап, ән айтатынбыз. Роза, Бибігүл апаларымыздың дауысын саламыз. Жоғары ноталарға даусымыз жетпей жатады. Сонда бір қыздардың ойлап тапқаны, талдың бұтағын кесіп алып, шынтағымызға тіреп қойып, оны шынының сынығымен ысқылап, скрипкада ойнағандай мәз болатынбыз. Кешкілік үйге келгенде “Қолдарыңа не болған?” деп анамыз ұрсып жүргені сол.

Иә, арманыма жетіп, әнші болдым. Мектеп бітіргеннен кейін М.Мәметова атындағы педучилищеге оқуға түстім. Одан соң облыстық филармонияға жолдамамен келіп, алғашқы бір-екі жылда әртүрлі мәдени үгіт бригадасында еңбек етіп жүрдік. Содан кейін тұрақты бір бригадаға маман ретінде қабылдады. Қазір, міне, 44 жылдан бері осы филармония қабырғасында еңбек етіп келемін.

«Бұлттардың ар жағында не бар?»

Амангелді КЕНЕНБАЕВ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

– Бала күні арман-қиялға берілмейтін жан болмайтын шығар. Арман әр адамда әртүрлі болады. Шығармашылық жұмыс бабымен шетелге, ұзақтау сапарларға жиі шығамыз. Әрдайым ұшаққа мініп, заңғар көкке көтерілген сәтте сол бала кездегі қиялым үнемі еске түседі. 

Ол кезде біздің «Бірлестік» ауылында сегізжылдық мектеп болды. Кейін алысырақ барып оқыдық. Бастауыш сыныпта менің бір жаман әдетім – жалқау болдым. 8-9 жасар кезімде мектепке барғым келмейтін. Сабақты нашар оқығаным жоқ, бірсарындылық жалықтырып жіберетін.

Есесіне, табиғатты тамашалағанды, айдалада өзіммен-өзім оңаша отырып, шексіз алқаракөк аспанға, ондағы ақшаңқан бұлттарға қарап ой кешкенді ұнататынмын. Әсіресе, көктемде бұлттар керемет әдемі болады. Төбемнен ұшақ ұшып өтеді. Бала қиялы қашанда жүйрік қой. осы көріністер арманшыл қиялыма қанат бітіреді. Сонау заңғар биіктегі ұшаққа қызыға қарап отырып: «Шіркін, бұлттың арғы бетін көрсем!» деп сан мәрте қиялдағаным осы күні ұзақ сапарға шыққанда ұдайы есіме түседі.

Мәселен, Парижге, Лондонға ұшақпен 8-10 сағат ұшасың. Былтыр көптеген мемлекеттің суретшілері Кипрге жиналдық. Сондай алыс сапарға шыққан сайын иллюминатордан ақ бұлттармен көмкерілген әлемге сүйсіне қараймын. Бейне аппақ мақтадай шашылып жатқан бұлтты, алтын күннің шашырай түскен сәулесін көріп: «Ой, Алла, менің бала қиялым орындалды-ау!» деп ойлаймын.

«Балыққа барғанда»…

 Арнұр Көшеней, жырау, Мәдениет саласының үздігі:

– Бала кезімде ер­келеу болдым. Бірақ тәртіпті, үлгерімі жақ­сы  оқушылардың бірі едім.  Мектептегі шара­ларға белсене қатыса­тынмын. Шама­сы, 4 иә 5-ні бітір­ген кезіміз болар, соң­ғы қоңыраудан кейін сол үстіміздегі киімімізді де шешпестен, Сәбит, Жақсылық деген кластас балалар бар, үшеуміз “балыққа барамыз” деп тартып кеттік. Бір-бір белесебет мініп алғанбыз. “Дауылкөлде балық көп” дегенді үлкендерден естігенбіз, сол жерге барып, балық ауламақшымыз. Қолымызда бірде-бір құрал-сайманымыз жоқ. Ауылдан ұзап, құмның ішіне түскенде белесебетіміз жүруге жарамай, шеңгелдердің арасына жасырып, жаяу тарттық. Бір уақытта көлдің басына да жеттік-ау. Біз барғанда бес-алты адам кермеше құрып, балық аулап отыр екен. Бізді көріп: “Келіңдер, сендер балықты қуыңдар, соңынан үлестеріңді береміз” – деді. Содан балық аулаудың қызығына түсіп кеттік. Бала болсақ та біраз балық аулап бердік. Ішінде үлкен-үлкен балықтар бар. Сонымен, әлгі адамдар бізге бір балық берместен жинап алып, көліктерімен кетіп қалды.

Күн кешкіріп, қараңғылық түскен кез. Қорықсақ та, ауылға қарай жолға шықтық. Әбден шаршаған, жолдан адасып кеткенбіз, үсті-басымыз батпақ-батпақ. Қарнымыз аш, шөлдегенбіз, зорға келеміз. Бір кезде жүк көлігінің жарығы көрінді. Соған жүгіріп жетіп, әйтеуір, аман-есен ауылға келдік. Сөйтсек, бүкіл ауыл болып бізді іздеген, неше түрлі ойға кетіп, абыр-сабыр болған екен.

Әлі күнге дейін ойыма түссе күлемін, анам мені  құшақтағысы кеп жақындаса, “ұрады екен” деп қашып ұстатпаймын. Ауылдың бәрі біздің аман-есен келгенімізге қуанып жатыр. Балалық-ай… Осындай бір қызық жағдай басымыздан өткен.

Рүстем АЙБОЛАТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

3-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<