Бойтұмар өлеңнің тарихы

483

0

… «Мың  өліп,  мың  тіріл­ген»  қазақтың,  бүкіл Алаш  зиялыларының, тағдыр  талайы, маңдайына  жазған  азапты  тірлігі  мен  заманақыр    күй  кешкенін     еліміз бойынша кезекті рет аталып  өткен  саяси қуғын-сүргін және аштық жылдары құрбандарын еске  алу барысында көріп-естиміз.

…Сонау  60-жылдары жо­ғары  сыныптағы  ­әде­­биет пәні  сабағында ұста­зым Тәу­кенов  Қо­ңыртай  ағайдың  «30-жыл­­дардағы  қазақ совет әде­биеті» тақырыбын  әңгі­мелеу барысындағы айтқан­дары есіме  түседі. Қазақтың алаш­ордашыл  ақын-жазу­шы­ларының  есімдерін  ал­ғаш  рет   естідім.  Бірақ  ол  кісі  Сәкен, Бейімбет, Ілияс,  т.б сол кездің  ақын-жазу­шы­ларымен қатар Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіп­бек Аймауытовтардың  есімдерін не себепті ешкімнен  қысылмай, қорықпай  айтқа­нын  кейінірек 70-жылдары Қы­зылорда педагогикалық инситутында    оқып  жүргенде,  атақты  түркітанушы, профессор  Әуелбек  Қоңыратбаевтың  лекциясынан  кейін  барып бір-ақ  білдім.

90-жылдардың  аяғына  де­йін біздің Амангелді селосын­да Қараш деген иманды  ақсақал  тұрғанын аға және орта буын өкілдері жақсы біледі.  Жұрт  ол  кісінің  1929 жылғы Батпаққара көтерілісінен ке­йін  16-17 жасында  «халық  жауы» тізіміне  ілігіп,  совет  заманының  айдауында  болып  келгенін  айтатын. Өзінің  бітім-болмысында  кей  қарттарға  ұқсамайтын  ерек­шеліктері  болатын. Өзіне  ғана белгілі  жағдаймен,  еш­кімге  тіс  жарып, өткен  туралы бөтен әңгіме  айтпайды  деп  естігенбіз. Саяси  қуғын–сүргін құрбандарын ақтау  туралы  заң  шыққаннан  кейін, жасы  сексенге  таянған  кезде ақсақалдың «Қазақстан» арнасының тілшісі  Қапышева Ләззат Мейрамханқызына үйі алдындағы  орындықта, камера  алдында    отырып, ақырындап айтқан  әңгімесі  еді:

…1930 жыл.  Ақтеңізде  айдауда  жүрген  кезіміз. Тә­ңірдің бұйрығы шығар? Құдайдың  құдіретімен  бір  күні айдауда  жүрген Мір­жақыппен  кездесіп  қалдым. Біз бір-бірімізге  жақын,  ілік  болып  келеміз,  екеуміздің  жақындығымыз бар. Бір-бірімізді  бұрыннан,  ел­ден  білетінбіз…

…Ой,  шіркін, дүние-ай!..Мың-мың  адам  канал  қазып  жатқанбыз. Үстінде күпәйке, қалың-мақталы шалбар, басында сәбеттің  сотталғандарға  кигізетін  қара құлақшыны,  қолында ұстаған  санитар сумкасы бар  бізге  қарай Міржақып Дулат келе жатыр! Қара жұмыс  істеп жатқандарды  аралап жүргенін байқап  қалған  мен: «әй, бір, шіркін  кездесіп қалсам  дұрыс  болар  еді…» – деп, жан-жағыма  алақтап,  дайындала  бастадым. Құдайдың  сәтін салғанын  қарасай?! Тура  мен  жаққа  қарай  жүрді. Айдалып  барған  бетте-ақ  жанымдағы  орыстардан: «Мирякуп Дулатов  деген  политический бар, өте  грамотный, добрый человек,  фельдшер,  постоянно  помогает  больным  людям…» дегендерін  естігенмін.

Сөйтсек, Міржақып  сот  үкімімен Карелия жеріне айдалып барысымен сол  тұтқындар  лагері  ішіндегі қысқа  курстан медсанитарлық-фельдшерлікті оқып,  үйреніп  алыпты.  Мен  оны  ауырып-сырқағандарға  көмек­тесіп  жүрген  кезінде  кездестірген  екенмін. Жа­рық­тық мені  көре  салысымен,  ұмтыла,  құшақтай кеп алды. Мен  булыға,  өксіп,  жылап  жібердім. Тез-тез  амандық  сұрасқан  болдық. Екеуміз  де  жан-жағымызға  қарап,  жалтақтаудамыз. Іле: – Аға,  тағы  көрісеміз бе, көріспейміз бе? Ескерткіш болсын,  бойтұмар қып  ұстап  жүретін  бірдеңе  айтпайсыз ба? Жазып берсеңіз, тіпті  жақсы  болар  еді!» – дегенімде,

– Әй, оны  саған  ұстата  қояр  ма  екен? – деп, қойнынан  блокнот, қарындашын  ала берді. Жыртып  алған  тілдей қағазды тізесіне қойып  жіберді де:

 «Қарашқа.

Жаңа  талап  балдырғандай баласың,

Жүрсің  шарлап Ақтеңіздің  жағасын.

Келешегің  кемел  болып,  Қарашым,

Туған  елге  аман-есен барасың!» –

деп, бір ауыз өлеңді сүйкеп жіберіп,  қолыма  ұстата берді. «Жаттап алып, жыртып тастарсың…» деді. Деді де, ай,  сабазым  жүріп  кетті. Бұл төрт жол  өлеңді  Жақып  жазып жатқанда-ақ  жаттап  алдым.  Қазір  Торғай-Амангелдіде  бұл  төрт  жолды журналист Хамитбек Мұсабаев  жатқа  айтып,  тиісті жерінде  жазып  жүреді. Естелік-жинақтарына енгізген.

– Қарақтарым-ай, біз  елге  аман-сау  оралдық-ау. Қайран,  Ахаң-Жақаңдарды  айтсай! Талай  жанның  өзегін  өртеген  өкініш  пен ыза,  жоғалғанның орны  толмайды  ғой!

Қараш қарт кірпік қақпай,  біраз  үнсіз  отырып  қалды.

Тағы да  сөйлеткім  келіп,  мен бір оқыс  сұрақ беріп  қалдым:

– Аға, осы Міржақып  ағамыз  қашан,  қалай  атылды?

Қарекең маған жалт  қарап:

– Тек!  Міржақып  атылған  жоқ. Жарықтықтың  басына  кейін  бір  жара шығыпты  ғой! Құданың  құдіреті, сол жара  ажалына  себепші  болыпты! Қайран,  есіл ер! Сөйтіп, әне, ол  да  сол жақта  қалды…

…Кейін  1992 жылы ел­дің  азаматтары Жақан аға Қосабаевтың  бастамашыл қам­­қорлық-қолдауымен, Тор­ғай­дың  тастүлек қыраны,  «Мұң­­ды сапар» естелігінің  авторы Қайсар Әлім,  тағы басқа  көптеген жанашыр  жігіттер   Міржақып Дулатовтың  мүр­десін  туған жеріне  алып  келіп, қайта  жерлегенде  Қараш  ақсақал  қалай  тебі­реніп  сөйледі  дейсің?!

Қайтсін  енді?  Сонда  бүкіл  ел-жұрт:  – Бұған  да  шүкір, – деп  еді…

Әбдіқадыр ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ

Қостанай  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз