Дүние-сарай төр берер дидары ашық кісіге

864

0

Кеңестік дәуірде шаруашылық басқарып, қоғам өміріне белсене араласқан азаматтар туралы кейінгілердің «партияның солдаты болған кісілер ғой» деп біржақты баға беретіні бар. Бұл – өрескел қате түсінік. Етігімен су кешіп, еңсесімен жүк көтеріп, тулаққа айналған туған жердің кеудесіне жан салған солар. Бүгінгі ұрпақты еңбекке тәрбиелеп, аузын аққа жеткізіп, ел қатарына қосқан әкелердің жан сарайын ашып қарасаңыз небір қиындық пен ауырлықтың арасынан қашып шығасыз. Сол жандардың берен болмысын сонда барып түсіне бастайсыз, бас иіп құрмет тұтасыз.

Біз сөзімізге өзек қылып отыр­ған еңбек ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Мәлкайдар Дүйсенов те – бір өңірдің өркен жаюына, әлеуметтік әлеуеттенуіне ерекше үлес қосқан тұлға.

1972 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, туған жеріне келіп еңбек жолын бастаған ол қырық жылдан аса халық игілігі үшін қызмет етіп, өткен өміріне айтар іс, айқын із қалдыра білді. Қазалы ауданындағы қазіргі Кәукей аулы ол кезде «Бозкөл» совхозының №2-фермасы еді. Сол фермаға кіші мал дәрігері болып барған жас маманды ферма зоотехнигі Алдаш Жәнібеков өз үйіне орналастырды. Ол замандағы адамдардың пейілі кең, туыстығыңды түгендеп жатпайды. Мәлкайдар осы үйдің бір мүшесі болып, бір жылға жуық жұмыс істеді. Тек өз мамандығын атқарып қоймады, ауыл жастары арасында спорттық жарыстар, көркемөнерпаздар байқауларын ұйымдастырды. Кейбір отбасылар кеш түссе оң жақтағы қыздарын үйден шығармайды екен. Оларды үйіне кіріп, ата-анасынан сұрап алатын. Осылайша, бұл ауылдағы бос тұрған клуб ойын-сауық отауына айналып шыға келді. Тіпті, ауыл адамдары өз балаларының бойында әртүрлі өнер бар екенін сол кезде сезіп, қызыға тамашалады. Бір ғажабы, тоғыз жыл перзент көтермеген Алдаш ағаның әйелі сол жылы ұл туып, Мәлкайдар күллі ауылға «Құтты бала» атанды. Жас маманның қарым-қабілетін, көпшілдігін көрген басшылар оны көп ұзамай, «Октябрь» совхозына бас мал дәрігері қылып жіберді. Осы жұмысты Мәкең тоғыз жыл істеп, тәжірибе жинады. Жұқпалы ауруларды болдырмау, мал шығынына жол бермеу, өнімді арттыру секілді міндеттерді жаңашыл бастамалардың ұйытқысы бола жүріп, мейлінше біліктілікпен орындады. Оның жұмыс басында қона жүріп атқарған қызметі ақыры әрі қарайғы өсу жолына алып келді. 1981 жылы Мәлкайдар совхоздың кәсіподақ комитеті төрағасы болып бекіді. Өзіне не тапсырылса, соны атқаруға жанын жалдап кірісетін жігіт кәсіподақ жұмысын жандандырып жіберді. Егін бригадалары арасында социалистік жарыстар ұйымдастырды. Жеңімпаздарды ылайықты мараппаттауды басты орынға қойды. Бұл әдіс еңбек өнімділігінің артуына едәуір серпін берді.

Күз айының бір күні егістікте мектеп оқушылары күрішті комбайнның алдына салу жұмыстарын атқарып жатқан. Ол кезде қазіргідей масақ қалдырмайтын әмбебап техника қайда. Комбайндар сабағы жерге жатып қалған немесе атыз басына біткен күрішті ала алмайтын. Оқушылар соларды қол орақпен орып, комбайнның көме­йіне салып береді.

Сол сәтте аудандық ауыл шар­уашылығы басқармасының бас­ты­ғы Жарылқасын Шәріпов егіс басына келе қалады, оқушылардың шашау шықпай қызу жұмыс істеп жатқанын көреді. Кеңестік заманда осындай жұмыстар мектеп оқушыларына міндеттелсе де, балалардың бұл жұмыстарды ықыласпен атқара қоюы екіталай еді. Сонда іс басында «профком» Дүйсенов жүрген. Кәсіподақ комитеті төрағасының іскерлігін көрген басқарма бастығы екі күннен соң оған ферма меңгерушісі болуға ұсыныс жасады. Мәкең бірақ бұл ұсынысқа бірден келісе салмады. Көз алдына өзі көрген ферма меңгерушілері көлбеңдеді. Олардың мінезі қатал болатын, айқайы алты қырдан асады. Жұрт жолынан жылыстап кетеді. «Қой, менен ондай мінез шықпас, бұл жұмыс қолымнан келмейді» деп шешті. Бірақ, Мәлкайдардың қолынан іс келетінін алыстан таныған Шәріпов өз ұсынысын аудан басшысына да жеткізеді. Сонымен, Мәкеңді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Табынбаев шақырып, тауарлы сүт фермасының меңгерушілігіне жібереді. «Партия қайда жұмсаса, сонда барасың» деп бір-ақ кеседі. Міне, қазіргінің адамдары айтатын «партия солдаты» деген сөз осы жерден шығады. Шынында, партия кадр саясатына өте жоғары деңгейде қарады, сатылап өсу қағидатын қатаң ұстады. Осындай жолмен қызмет атқарған адамдар елді көркейтуге, көтеруге ерекше күш-жігерін жұмсады.

Шәріповтің болжамы дұрыс шықты. Дүйсенов артта қалған ферманы алға шығарды. Жоспардан тыс 500 центнер сүт өндірілді, әр жүз сиырдан 77 бұзау алынды. Мал төлін суықта өсуді қолға алған да осы ферма болатын. Олардың бұл тәжірибесі облысқа таратылды.

Ал, 1985 жылы М.Дүйсенов Қа­зақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың партком хатшысы, 1989 жылы конкурстық әдіспен Ү.Түктібаев атындағы совхоздың директоры болып сайланып, қыз­мет жасады. Директор болған жеті жыл ішінде совхоз барлық салада озық жүріп, ауданда бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Шаруашылықта израйлдық кіші сүт цехы жұмыс істеп, қалдықсыз сүт өнімдері өндірілді. 2500 гектар күріштің әр гектарынан 56-62,6 центнер дән терген дихандардың облыс алдындағы беделі биіктеді.

Мұндай жағдайда сүйінетін іске күйінетін кісілердің табылатыны да бір заңдылық па дерсіз. Ша­руашылықтың алға басқан адымын кейін тартқандар да шықты. Түктібаев атындағы шаруашылықта күріштің өнімін көтеру үшін артық жер көлемі егілді деп прокуратураға арыз жазушылар табылды. Судың аяғында, тегістелген жері жоқ, жоспарлы егіс көлемін егуге шамасы келе бермейтін бұл шаруашылықты артық екті деу ақылға сыймайтын. Тегістелмеген жерде егілген күріш көлемінің нақты есебін өлшеп шығару да оңай емес. Бұл мәселе аудандық жиында қаралып,  жиында сөйлеу­шілер  мән-жайды талдап айтып, түктібаевтықтарды қорғап шығады. «Аққа хақ жақ» деген, Дүйсенов қай жұмысында да халықтың қолдауын, алғысын иеленді.

Ауданда әр жылдары Е.Көшербаев, Қ.Табынбаев, Ж.Шәріпов, Н.Мұсабаев, А.Көшербаев секілді білікті бірінші басшылардың қарамағында қызмет атқарды. Өз қызметіне адал, айналасына сыйлы, ортасына қадірлі болды.

1995-2000 жылдары аудан әкі­мінің бірінші орынбасарлығына жо­ғарылады. Осы жылдары ұйым­дастырушылығымен, жаңашылды­ғымен, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жұртшылдығымен жар­қырай көрінді. Бес жылдық бірінші орынбасарлықтан кейін Азық-түлік келісім шарт корпорациясының №6 Астық базасының директоры қызметін атқарды. Мұнан соң аудандық байланыс торабын басқарды. Осы жұмыста екі жыл болып, кент әкімдігіне келді.

2010 жылы шілде айында сол кездегі аудан әкімі А.Көшербаев «Егемен Қазақстан» газетіне: «Қа­зақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазалы ауданы елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту да басты мақсат болып отыр. Әйтеке би кентінен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы жаңа квартал ашылады. Одан бөлек Ауған соғысында қаза тапқан қазалылықтарға арналған Тағзым алаңына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кенттің орталық көшелерін, алаңдар мен гүлзарларды, саябақтарды, ескерткіштерді абаттандыруға байланысты гүл көшеттерін, газондар мен гүл табақшаларын орналастыру жоспарланып отыр. Жалаңтөс Баһадүр атындағы стадионды қайта жаңғырту жұмыстарына 37 млн теңге қарастырылды…», – деп сұқбат берген екен. Осы жұмыстардың тікелей басы-қасында кент әкімі Дүйсенов жүрді. Оның сол кездердегі аудан орталығы тұрғындарынан алған алғысы да алабөтен. Әйтекебиліктер өз әкімдеріне әрқашан дән разы болды.  Әсіресе тұрғындарға кенттің 5 квартал аумағына бағдарлама жасап, әкімнің бөлімшесін ашып, барлық анықтама құжаттарды сол жерден бергізілуі ерекше жаңалық болған еді.

2012 жылы Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі тарапынан ветеринариялық бақылау-қадағалау инспекциясы құрылып, Дүйсенов аудандық инспекцияның басшысы болды. Мұнан соң 2019 жылға де­йін Қазалы аудандық ветеринария­лық стансасының директоры қызметін атқарды. Сөйтіп, кейінгі жеті жылда өзінің кәсіби мамандығы бойынша еңбек етті. Қанша жыл әр сала қызметінде жүрсе де «медицина – ауруды емдейді, ветеринария – адамзатты емдейді» деген қанатты сөзді қашан да жадында тұтты, өзінің таңдаған мамандығына деген адалдығынан танған жоқ.

Бүгінде Мәлкайдар аға жетпіс жастың жемісін жеп, бейнеттің зейнетін татып келеді. Отанасы Бақыт апай екеуі алты қыз, бір ұл бала тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған ұрпақтың қызығына ұйып отыр. Мұнан артық бақ бар ма? Мен де осындай болсам екен дейтін-ақ ғұмыр емес пе? Дүние-сарай дидары ашық адамға төр береді дейтін бе еді, мен сол төрде төредей болып отырған Мәлкайдар ағамды көремін…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<