Мен сенің өміріңнің жалғасымын

1383

2

Өткен өмірге бір сәт шегініс жасап, қан майданның ортасына түсіп, тағдыр тауқыметін басынан өткерген әкем Отар Асанов жайлы әңгіме қозғасам деймін.

Әкем бұ­рынғы Тереңөзек ауданында дүниеге келіп, сол жерде өмірінің соңына дейін тұрған және ұстаз болып қызмет атқарған. Біз ағайынды бес қыз, бір ұл дүниеге келдік. Мен қыздың кенжесімін. Бала кезімде оның ерліктерін үнемі мақтаныш сезіммен айтатынмын. Тіпті, еліктеп, сол сияқты болсам деп (әкемді көрмесем де, анамның айтқандарына қарап) армандайтынмын. Тү­рім ұқсағанымен, затым нәзік еді. Қалай да ұқсаймын деген мақсатпен ұстаздық жолды мен де таңдадым. Бірақ менің бұл жетістігімді әкем марқұм көре алмай кетті. Бүгінде мен жоғары оқу орнының оқытушысымын. Елуді еңсеріп қалсақ та, ата-ана үшін қашанда бала болып қала береміз ғой. Сол бір балаң шақтан бергі сәбилік сағынышым әлі күнге дейін жүрегімнің түкпіріне терең ұялап қалған сияқты…

Міне, Жеңіс туының орныққанына да 76 жыл болыпты. Осынау  ұлық мерекеде әкемді тағы да бір сәт есіме алып, ол кісінің соғыста көрген азабы мен тағдыр талайы жайында кейінгі жас ұрпаққа бір үзік сыр айтқым келеді.

Отар Асановқа (ол кезде құжатты орысша толтыр­ғандықтан, әкемнің атын Утар деп жазып жіберген) соғыс басталғаннан бір жылдан соң мұғалімдік қызмет атқарып жүргенде шақыру қағазы келеді де, 1942 жылдың күзінде майданға аттанады. Бұл кезде майдан шебінде нағыз қырғын жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыс жүріп жатты.

Сол бетте Сталинград майданы 809-атқыштар полкіне қосылады. Жаумен бетпе-бет шайқас басталады. Тарихшы мамандардың пікірінше, Екінші дүниежүзілік соғыс­тың шешуші кезеңіне жол ашқан Сталинград шай­қа­сындай сұрапыл да қиян-кескі айқас адамзат тарихында бұрын болып көрмеген екен. Сұрапыл соғыста оқ пен оттың ортасында жүрген әкем талай рет сұм ажалға да қарсы келіпті. «Елімді, туған жерімді жауға таптатпаймын!» деген патриоттық сезіммен неміс әскерлерінің шабуылдарына тойтарыс беріп, бекініс шебін қорғап тұру үшін бар күш-жігерін салады. Осылайша Кеңес әскерлерінің табан тіресіп жүргізген қорғаныс ұрыстары неміс әскери қолбасшыларының Сталин­градты жедел алмақшы бол­ған жоспарын іске асыртпай тастайды.

1943 жылдың қаңтары. Алты айдан астам уақытқа созылған (1942 жылдың 17 шіл­десінен 1943 жылдың 2 ақпанына дейін) Сталинград шайқасының соңғы айы. Майдан даласында қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Күнімен, түнімен атыс. Неміс­тердің үсті-үстіне атқан оқ­тарының зың-зың еткен даусы естіледі. Анда-санда гүрс етіп жарылған бомба мен снарядтардың да үні құлақты жарып жіберердей. Жердің астаң-кестеңі шыққан. Бомба түскен жерлер үңірейіп-үңірейіп қалған. Әр жерде шашылып жатқан өлі денелер, күл-талқаны шыққан соғыс техникалары… «Алға!» деп айғайлап,  жауды қуып бара жатқан жауынгерлер.

Осындай шайқастардың бірі – Бесхабат селосының маңында (бұл селоның сол кездегі атауы екен, қазір өзгеріп кетіпті) болған кес­кілескен ұрыста (1943 жыл­дың 17 қаңтары) әкем аса ауыр жарақат алады. Жанына келіп жарылған снарядтың жарықшағы сол қолын шын­тағының тұсынан жұлып тү­седі. Шынтағынан шапшып атқылаған қанды тоқтатпақ болып, шүберекпен байлай бастайды. Бірақ қан тоқтар емес, оның үстіне қақаған қаңтар айының қытымыр аязы.

Шынтағынан сорғалаған қан енді шоқпыт-шоқпыт мұзға айналып, қата бастаған. Қолының қатты ауырғаны соншалық, жанын қоярға жер таппай қиналады. Жанына қатты батқан соң, оң қолымен шынтағын мықтап ұстап, кеудесіне басады. Бір мезет көзі қарауытып, есінен айырылып қалады. Қанша жатқаны белгісіз, есін жиып, жан-жағына қараса, тірі жан жоқ. Бар күшін жиып, алға қарай жүреді. Бірақ көп қан жоғалтқандықтан, жүру қиындап, көзі қарауыта береді. Аяғын баса алмай, құлай береді. Сөйтіп бір күн бойы жапан далада жалғыз өзі қалады. Әбден қансырап, өлуге айналғанда, көз ұшында қараңдаған біреулерді кө­реді. Сөйтсе олар майдан даласындағы жарақат алған және өлген әскерді жинап жүрген далалық санитарлық бөлімшенің адамдары екен. Әбден қансыраған әкем санитарлық бөлімшеге де­йін еңбектеп әрең жетеді де, есінен танып қалады. Арғы жағы бұлыңғыр. Есін жиса, сол қолы шынтағынан кесіліпті, қолын әбден та­ңып тастаған. Ал екінші қолының саусақтары жара­ланған қолын ұстаймын деп, қатып қалған қаннан үсіп кеткен екен. Дәрігерлер әкемнің екінші қолының саусақтарын да кесуге мәжбүр болады. Сөйтіп, майданға аяқ-қолы бүтін, сап-сау кеткен әкем айналасы 3-4 айдың ішінде елге екі қолынан да айырылып, І топтағы мүгедек болып оралады.

Әкем Сталинград майданында көрсеткен ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «1941-1945жж.Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен ­марапатталады. Елге келгеннен кейін шә­кірт тәрбиелеумен айна­лыс­қан. 1964 жылы ұзаққа созылған нау­қастан дүние салыпты. Дүниеден озғанда мен 1 жастан енді ғана асқан сәби екенмін. Әкем жайлы әңгімені марқұм анамнан талай рет естігенмін (бала кезімде анамның әкем жайлы қайта-қайта айтып бергенін қалайтынмын, тыңдай бергім келетін). Анам айтқан әңгімелер жүрегімде жыр жолдарындай жатталып қалыпты. Жеңіс мерекесінде оның оңай жолмен кел­мегенін әкемнің басынан өткізген  оқиғалары арқылы жет­кіздім. Бұл менің жүрегімнің түкпірінде жатқан әкем жайлы бір үзік сыр еді.

Ұлмекен АСАНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

профессоры.

Нұр-Сұлтан қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<