Қобыздың Қорқыт деген иесі бар

2318

0

Музейдің біздің демалатын әрі білімімізді толықтыратын орынға айналғаны әлдеқашан… Музей залдарын аралап жүріп, Сыр өңіріндегі қасиетті ескерткіштерге көзім түсті. Көзіме оттай басылғаны, өзім барып жүрген төрт құбылаға қарап тұрған төрт қобыздан тұратын ескерткіш. Бұл – кәдімгі Қорқыт ата ескерткіш кешені.

Кешен Қармақшы ауданы Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде биік төбенің үстінде орналасқан. Қызығы, бұл ескерткіш кешен – Сыр өңірінен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 ескерткіштің бірі екен. Біріміз білсек, біріміз біле қоймаспыз. Кешен стелладан, амфитеатрдан, қылуеттен, қошқар тастан және музейден тұрады. Құстың ұшу биіктігінен қарағанда Қорқыт ата кешені қобыз бейнесін береді. Қызық, ия?! Бұл – архитектор Бек Ибраевтың идеясы. Амфитеатры – шанағы, қошқар тас – тиегі, арка – ысқышы, ал музей мен қызметкерлер кабинеті қобыздың қос құлағы іспетті.Төрт қобыздан тұратын стелла құрылысының өзі бір бөлек. Желді аймақ саналатын Қызылорданың желін ескеріп салса керек, жел соққанда ескерткіш қобыздың зарлы үнін береді. Физик-акустик Совет Исатаевтың идеясымен жасалған темір түтікшелер қобыз үнін шығарып, бізге «Қорқыт! Қорқыт!» деп тұрғандай әсер қалдырады.

Қорқыт ата кім? Қорқыт – Түркі дүниесінің абызы, ұлы ойшылы, көріпкел көсемі, даңғайыр жыршысы, қобыз аспабының авторы. Қобыз аспабы авторының бізге дейін жеткені қызық! Неге десеңіз, әлемде музыкалық аспап көп. Барлық аспаптың авторлары айтыла бермейді немесе ұмытылып, бізге жете бермейді. Ал, әлем білетін скрипканың атасы саналатын қобыздың тарихы Сыр елінде жатыр. Бұл – мақтанарлық жайт! «Қобыздың Қорқыт деген иесі бар, қобыздың адам нанғысыз киесі бар» деген осы!

Қазалыдағы ортағасырлық Жанкент қалашығында дүниеге келіп, Қармақшы топырағында дүние салған Қорқыт ата туралы аңыз-әңгімелер

жетерлік. Ал, оның қобызы туралы аңыздың орны бөлек. Қорқыт өз заманында барлық аспаптың құлағында ойнаған деседі. Дегенмен, адам мен жануардың үнін, табиғат құбылыстары мен дыбыстарын жеткізетін жаңа аспап жасап шығару арман болады. Бір күні Қорқыттың түсіне ақ киімді, таяғы көк тіреген ақсақал енеді. Ақсақал Қорқытқа: «Жаңа аспап жасайсың, аспабыңды қарағай ағашынан нар атанның жілігіндей етіп жаса, шанағын желмаяның терісімен қапта, тиегін ортекенің мүйізінен ой, ішегін бесті айғырдың құйрық қылынан тарт», – деген екен. «Дегенімнің барлығын жасасаң, аспабың сайрағалы тұр» деп аян береді. Қорқыт ұйқысынан оянып, түсіндегісін іске асырады. Жасап болып, қолына алып, тарта жөнелгенде, қобыз сарнап қоя береді. Міне, ғажап! Халық арасында айтылып жүрген мына өлең жолдары осы аңыздың дәлелі іспетті:

Қарағайдыңтүбінен

Қайырыпалғанқобызым.

Үйеңкініңтүбінен

Үйіріпалғанқобызым.

Желмаяныңтерісін

Шанаққылғанқобызым.

Ортекеніңмүйізін

Тиекқылғанқобызым.

Бестіайғырдыңқұйрығын

Ішекқылғанқобызым.

Құлағыңдыбұрайын,

Осы айтқанымболмаса,

Қайырыпжергеұрайын!

Қобыз үнін ұшқан құс, соққан жел, жүгірген аң – бәрі тоқтай қалып тыңдапты. Тіпті, Бетбақдаланы бойлай қобыз үніне елтіп келген қырық қыз туралы аңыз да қобыздың кереметін баяндайды. Кешеннің жанынан орын тепкен сәукеле тектес Ақсақ қыз мазары да қырық қыздың болғанын дәлелдейді. Ешкісінің көмегімен Бетбақдаланың шөліне төтеп берген Ақсақ қыз Қорқыт салған әуенге жақындап, Қорқытты көріп, дүние салыпты деседі аңыздық желілер…

Музейде үлкен қобыз көрдім. Айналы, қоңыраулы келген. «Бұл – бақсының қобызы», – дейді музей қызметкері Әйгерім Сейітбекқызы. Айна – бақсының о дүниемен байланыс жасау құралы. Адамды біздің жалғанға қосалқы әлеммен байланыстыратын тылсым соның ішінде жатқандай. Денең түршігеді. Қоңыраулар да әсемдік үшін ілінбеген. Қобыздың үнімен қоса ырғала сыңғырлайтын қоңыраулар көмегімен адам денесінен ауруды қуған деседі. Қорқыт атадан бізге бірнеше күйлер жеткен. Олар – Қорқыт, Желмая, Тарғыл тана, Елім-ай, Ұшардың ұлуы, Әупбай т.б. қобыздық күйлер.

Қорқыт ата мұрасы, яғни Қорқыт ата туралы дастандар, аңыздар және музыкасы ЮНЕСКО-ның материалдық тізіміне енді. Қуанарлық жағдай. Қорқыт ата мұрасы түркі халықтарында ғана емес, адамзат тарихында ерекше із қалдырған құбылыс саналады.

Карина ӘБІЛҚАЙЫР,

№282 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы