Роллс пен Ройс

741

0

Rolls-Royce  – автомобиль саласында аңызға айналған компания. Оның әу бастағы мақсаты – өнім сапасының жақсы болуы. Сондықтан әрбір көлікті шығару барысында кемшіліктің болмауына және жетілдіріп отыруға баса назар аударды.

Мұны мына жағдаймен салыстыруға болады. Мәселен, КСРО машина жасау индустриясы сапаға көңіл бөлгенімен, оны дамыту жағына кемшін қарады. Бір ғана «Ладаны» алайық, 30-40 жыл бойы алғашқы қалпынан өзгертілмей шықты. Оның адамға жайлылығы, түр-келбеті жетілдірілмеді.

Біз айтып отырған компания­ның негізін Чарльз Стюарт Роллс пен Генри Ройс Фредерик дейтін аты аңызға айналған ағылшын инженер өнертапқыштары қалаған.

Фредерик Ройс кедей диірменшінің ұлы болыпты, ол ақша табу үшін газет тасудан бастап темір жолда ауыр жұмыстар істеген. Бос уақытында ол шетел тілі мен электрді қолдану мәселелерімен шұғылданатын ғылыми кітаптарды оқи бастайды. Кітап оқу оның өнертапқыштыққа деген қызығушылығын арттырады. Жас бала инженер болуды армандамаса да, ізденісінің арқасында көп тәжірбие жинайды. Оның электротехникамен байланысты алғашқы жұмысы Максим Хайрем фирмасынан басталыпты.

1903 жылы күтпеген жерден Ройс француз автомобилі Decauville-ге ие болады. Осы кезде ол машинаның көптеген жұмыс жасалмаған жерлері мен құрылымындағы қиындықтарына кездеседі. Бұл Ройстың өміріндегі шешуші сәттің бірі еді және осы кезде ол өз автокөлігін шығаруды ойлайды. Сөйтіп, Фредерик өзінің досымен бірігіп, Манчестерде «F.H. Royce&Co» фирмасын құрады және 1904 жылы ол өндіріске өзінің алғашқы автомобилін шығарады. Оның туындысы Decauville-тен асып түсіп, бұл туралы газеттерде жақсы пікірлер жазыла бастайды. Сол машина құны 395 фунт стерлинг болыпты.

Ал, Чарльз Роллс – ауқатты отбасында дүниеге келіп, жақсы білім мен тәрбие алып, ешнәрседен мұқтаждық көрмей өскен жас. Роллстың алғашқы автомобилі – Peugeot Phaeton. Сонымен бірге машина жарысына қатысып, рекорд орнатқан. Сондықтан оқуын бітірісімен оның автомобиль саласында өз бағын сынайтындығына ешкімнің күмәні болмады. 1902 жылы ол автомобиль сату  үшін «CS Rolls & Co» компаниясын ашады. Ісі алға басып, компанияның құрылғанына аз ғана уақыт болса да дистрибьютерлік желі құрылып, бүкіл Англияға танылады. Бірақ Роллстың арманы тарихта қалатындай өз автомобилін шығару еді. Кәсіпті қайтадан нөлден бастағысы келмегендіктен және көп қаржы шығармас үшін мүмкіндігі жоғары фирмамен келісім жасау керек болады. Сондықтан ол «F.H. Royce&Co» фирмасымен біріккен.

Міне, осылай 1904 жылы Фредерик Ройс пен Чарльз Роллс бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, жылдың соңында біріккен «Rolls-Royce» компаниясын құрған.

Алғашқы автомобильдер сатылымда жақсы табыс алып келеді. Шындығында, бұл көліктер керемет еді. Екі кәсіпкер бір-бірін толықтырып тұрады. Ройс автомобиль жасай білсе, Роллс оларды қалай сату керектігін меңгерген. Ұлыбританияда бұл жақсы жолға қойылып, 1906 жылы олар көліктерін АҚШ-қа шығарады. Америка ағылшындарды үлкен құлшыныспен қарсы алды және компанияның сатылымы да бірден көтеріледі.

Сонымен қатар, Америкада Чарльз Роллс ағайынды Райттармен танысып, авиацияның не екенін біледі. Соның арқасында компания авиамоторларды шығару ісін қолға алады, ал, енді сол компания бұл іспен қазіргі күнге дейін шұғылдануда.

Бірақ Ройс 1910 жылы 33 жасында қайтыс болады да, компания толығымен Чарльз Роллстың қолына өтеді. Ол осы кәсіпті дамытты, алайда, 1933 жылы өзі де дүние салған.

Осылайша, өнертапқыштар бренд қалыптастырды және осының өзі бүкіл әлемді тәнті етті. Rolls-Royce автомобильдері байлардың қолындағы дүние болып саналды. Өйткені, оның сапасы да, бағасы да жоғары болды. 

Бүгінгі күндері компания ісі бұрынғыдай жақсы емес. 2003 жылы  Rolls-Royce маркасы германдық компания BMW-ның қолына өтті. Ал, бұл компанияның танымалдығы өте жоғары, сондықтан оған қосылған кез келген компанияның жайы көлге құйған бұлақтай болып қалады. Ендеше, неге брендтің аты сақталмағаны түсінікті. Бірақ, оны біржола құрыды деп айтуға келмес, десе де Rolls-Royce-тың танымалдығы жоғалды.

Қазақ «Жыланды жеті кессең де кесірткедей әлі қалады» дейді. Сол айтпақшы, дәл сол Rolls-Royce көлігін кейде өзіміздің Қызылорда көшелерінен де көріп қалатынымыз рас.

Бұл – ғылымды да, кәсіпті де сүйікті ісіне айналдыра білген еңбеккеш екі ағылшын азаматының көлік өндірісі ғана емес, адамзат даму тарихына қалдырған ізі.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз