Рухани өрлеу өзегі

971

0

Тәуелсіз еліміздің рухани байлығын арттырып, асыл мұраларымызды жарқырата көрсетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде, төл өнерімізді халықаралық деңгей дәрежесінде танытуда мәдениет пен өнер саласы өкілдерінің еңбегі ерекше. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Сыр мәдениеті мен өнері де кең құлаш жайды. Мәдениет мекемелері де мейлінше жаңа келбетке еніп, өркендеді. Облыс бойынша типтік жобадағы 31 клуб, 6 музей, 1 кітапхана, 1 мемлекеттік архив құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамбльдері, камералық оркестр, т.б. кәсіби өнер ұжымдары құрылып, олар бүгінде өз өнерімен аймағымызға ғана емес, шетелдерге де танылып үлгерді.

Сонымен қатар, өңіріміздегі мәдени құндылықтарды зерттеп, зерделеу мақсатында ежелгі өркениет ошақтары саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қыпшақ, қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, қорғау, пайдалану мақсатындағы қазба жұмыстары мұнан әрі де жалғасын табады.

1991-2020 жылдары 38 тарих және мәдениет ескерткіші қайта жаңғыртудан өткізіліп, 109 монументті өнердің жаңа құры­лыстары орнатылды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, сырбойылық өнер ұжымдары ұлт өнерін әлемдік сахнаға алып шықты. 2001 жылы құрылған «Томирис» би ансамблі АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби, Ресейдің Қазан, Өзбекстанның Ташкент, Шыршық, қалаларында өткен фестивальдерде өнер көрсетіп, қазақ би өнерін насихаттады.

2007 жылы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдығына орай облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі құрылды. Осы мерейтойға орай республикалық жыраулар сайысы мен ақындар мүшәйрасы өткізілді. Санамалай берсек, Сыр мәдениетінің тәуелсіздік жылдарындағы атқарған толайым істері баршылық, игі шаралары мол.

2018 жылы облыс кө­леміндегі ескерткіштердің 3D форматтағы интерактивті картасы әзірленіп, 150 ескерткішке QR-код тақтайшалары  орнатылды. Осы жылы Қорқыт мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізіліп, облыстық филармония жанынан «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды. Осыған сәйкес, облыс мәдениет үйлері мен клубтарында қобыз үйірмелері ашылды.

Осы жылы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «академия­лық» мәртебесі берілді.

Облыс мәдениет және өнер ұйымдарында дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған «Бабалар тарауы…», «Тау тұлға Тұрмағамбет», «Кино – тарих келбеті», «Сағынышқа айналған бейнең» айдарлары, «Алтын уық» жобалары қолға алынды. Облыс музейлерінде «Тарихи тұлғалар», «Бұл үйде кім тұрған?», «Музей радио­сы», «Асыл мұра», «Жас өлкетанушы», «Киелі мұра» музейлік жобалары жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін артыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау мақсатында «Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту,  кітап оқуды насихаттау және «Оқитын ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру бағытындағы 2021-2025 жылдарға арналған облыс­тық іс-шаралар жоспары» бекітіліп,«Сыр шаңырағы» Youtube каналында «Балалар әдебиеті» айдары ашылды.

Сондай-ақ, Ел Президенті Қасым-Жомарт ­Тоқаев қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Алтын Орданың мерейтойын атап өтіп, оның негізін қалаушы әрі қазақ хандарының түпатасы Жошы ханның есімін ұлықтау жөнінде бастамасы Сыр елінде өз деңгейінде көрініс тапты.

Алтын Орданың 750 жылдығына арналып облыс кітапханаларында 200-ге жуық тақырыптық кітап көрмесі мен тарихи-танымдық кештер және 280 түрлі бағыттағы шаралар, тарихшы ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, өнер ұжымдары мен дәстүрлі орындаушылардың концерттері берілді. Бұл шаралар шеруі ұрпақтың отангерлік сезімін тереңдете түсіп, ұлттық рухымызды биікке көтерді. Облысымыз­дың мәдениет және өнер мекемелерінде тарихымызды таразылауға, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, насихаттауға бағытталғанбасқа да жүздеген жобалар жүзеге асырылды.

2020 жылы республикалық «Алтын домбыра» жобасы аясында айтыскер ақын Мұхтар Ниязов «Айтыстың ақтаңгері» атанып, үшінші мәрте «Алтын домбыра» сыйлығын жеңіп алды. Алтын домбыра салтанатты түрде Сыр еліне әкелініп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне құнды жәдігер ретінде қойылды.

Ашаршылықтан зардап шеккен Поволжье мен Ресей халқына Арал ауданы балықшыларының 14 вагон балық жөнелту тарихи оқиғасына 100 жыл толуына орай тарихи құнды жәдігерлер сақталған «Балықшылар музейі» қайта жаңғыртудан өткізілді.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бо­йынша 21 жоба жүзеге асырылса, Шиелі ауданының Жиделіарық, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңақорған ауданының Шалқия елді мекенінде 150 орындық ауылдық клубтарының және облыстық бюджет есебінен Әйтеке би кентінде  600 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталды.

Пандемия барысында облыстың мәдениет және өнер мекемелері онлайн режиміне көшіріліп, арнайы жоспарланған іс-шаралары әлеуметтік желілер арқылы халыққа тоқтаусыз берілді. Онлайн концерттер, спектакль, экскурсия, лекция, танымдық сағаттар, виртуалды көрмелер, басқа да шаралар көрермені мен тыңдарманына жолданды.

Сыр елінде тұңғыш рет А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы сахналанды. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жауһар мұрасы «Шаһнама» дастанын насихаттау мақсатында «Шұғыла шашқан Шаһнама» атты дастан жыр­лаушылардың облыстық жыр фестивалі болып өтті. Белгілі жырау Алмас Алматовтың «Шыңғыснама» тарихи дастаны алғаш рет республика жыршы-жырау­ларының қатысуымен жыр­ланып, жұртшылық оны әлеуметтік желі арқылы тамашалады. 

Сондай-ақ, облыстық мәдениет саласы осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді мемлекеттік тапсырыс негізінде ұйым­дастыру жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарды.

Бұл жоба – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту, оларға рухани мәдени бағыт беру, жеткіншектердің бос уақытын мазмұнды және тиімді ұйымдастыру мүмкіндігі. Облыс бойынша 2021 жылға мемлекеттік шығармашылық тапсырысқа 240 үйірмеге 1522 баланы қамту мүмкіндігі бар. Бұл үшін облыстық бюджеттен 100,1 млн теңге қаржы қаралған. Жобаның артықшылығы өнім беруші ретінде оған білім беру ұйымдарынан басқа, меншік нысанына, ведомостволық бағыныс­тылығына қарамастан. заң­ды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер де атсалыса алады. Анығырақ айтқанда, «бала тәрбиесі – баршаға ортақ» деген қағида іс жүзінде көрініс табады.

Біз, әрине, тәуелсіздік жылдарында іске асырылған мәдени-ағарту ба­ғы­тындағы шаралардың басты-бастыларына ғана на­зар аудардық. Өңірімізде қаншама мәдени серпіліс, рухани өрлеудің орын алғанына сырбойылық талғампаз жұршылықтың өзі куә.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<