Шабындыққа қыста су жайған

683

0

Әй, кәрілік-ай! Көбелектің кәрісі жоқ. «Кәріліктің дәрісі жоқ» деген осы-ау! Бопыраған қағаздарымның ішінен «Жа­ңақұрылыс» ауылының тұр­ғыны, Ажайып Сармановпен түскен суретім шыға келді. Арада төрт-бес жыл өтіп кеткен.

Бірақ, қариямен сұхбатым сақталыпты. Алғашқы сұ­рағым:

– Сіздер қыс айларында шабындыққа су жібереді екенсіздер, соның мән-жайын баяндаңызшы?

– Енді кәйтеміз?  Дария суы жаз айларында төмен түсіп кетеді. Тіпті ақ дарияны жаяу кешіп өткен кезімізде болды.

– Сіз механизатор-тракторшысыз ба?

– Иә, трактор руліне ерте отырдым. Әкем Сарман Беркімбаев 1942-жылы 29-да соғысқа аттанды. Алты айдан кейін «Қара қағаз» келді. Рабиға анамыз төрт баламен 26-сында жесір қалды. Сол төртеуден қалған қазір жалғыз менмін. Әкемнен «Қара қағаз» келгенде он алты жаста едім. Анашым колхоз жұмысында. Мен техникалық училищеге түстім.

– Иә, ол бір зұлмат кез еді. Енді қарасы өшсін. Десе де, тіріге тіршілік керек!

– Солай ағасы, солай. Әуелі Нұрқожа Жанназаровтың бригадасында еңбек еттім.

Жер жырттық. Егістікке жер дайындадық. Механик те, қоймашы да болдым. Осылай өмір өтіп жат­ты. Ал шабындыққа су жаю­ды 1974-жылдың қыс айында бастадық. Бұрынғы шабын­дықтың жері қурап, Нұралық болып кеткен.

– Сонда қыстың қайсы айларында?

– Алғашқыда қазан, қа­раша, желтоқсан, қаңтар, ақпан, яғни бес ай бойы дариядан су айдадық. Әбден шөліркеп, қаны кеуіп қалған ғой. Ол су канал арқылы барып шабындыққа жайылады.

– Қыс айында, соншама көлемді аумаққа су жеткізу де оңай емес шығар?

– Қайдан оңай болсын? Жанымда  Балымбетов  Ерса­йын есімді жігіт болды.

«Алтай» насосы тәулік бойы дүңкілдеп тұрады. Үзіліс болмайды. Сәл тоқтаса, труба қатып қалады. Ара-арасында трубаның суатқа кірер тұсын жиырма минуттай паяльная лампамен қыздырып, мұзын жібітіп аламыз. Кейін нау­рыз, сәуір, мамыр айларында су жайдық. Әрине, бұл кез жеңілдеу.

– Сол шабындықтан жазда қанша тонна шөп жиналды?

– Дәл дерегі архивтен табылар. Бірақ 4,5-5 мың тоннадан кем болған жоқ. Әсіресе, бұл жұмыс Н.Құлбаев пен Қ.Тілеуовтің директор ке­зінде кең өріс алды.

– Ал қазір ше? Қыс айларында насоспен шабындыққа су жаяуға бола ма?

– Неге болмасын, – деді кейіпкерім күліп, ниетпен, ықылас-ынта болса, бәрі де болады.

***

Ажайып пен Дәметкеннен жеті ұрпақ тараған екен. Жамиғасы – медбике, Ұл­паны мен Шолпаны, Мұрат­бегі мен Айманы – ұрпақ тәр­биесіндегі ұстаздар. Шол­паны оқу министрінің «Құр­мет грамотасымен» ма­рапат­талған қаладағы №83 мектептің тәжірибелі мұға­лімі. Жолжаны – электрик, Пе­ризаты үй шаруасында. Демек, өсіп-өнген бақуатты семья. Ұл-қыздарының Тәуел­сіз елі­міздің өркендеуіне ла­йық­ты үлес қосқандарына ата-ананың марқайып отырған жайы бар.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

тыл ардагері.

«Жаңа-құрылыс» ауылы,

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<