Туған жердің киесі

1119

0

Жалпы  менің ауылдастарымның –  құландылықтардың жүрегі маздаған от, көкірегі тола ән-күй, қара  сөзді де өлеңмен  өріп айтады. Әзілдерінің өзінде  өнегеге  толы  ғибрат жатады, қаракеттері  сабырлы  да  саналы,  мінездері аңқау да қанағатшыл-шүкіршіл. Ниет-пейілдері  өздерінің  Аралындай  мөлдір де таза, кеңпейіл. Қиыншылық-қуанышты ойлары біте  қайнасып  кеткен, ешбір  шаңырақтың мезгілінде шөбі  шабылмай, отыны  тасылмай, соғымы сойылмай   қалған емес. Ауылдасының  асарына  келмей   қалу әбестік, жерлеу  рәсіміне  қатыспай  қалу құдайсыздық  ретінде  қатаң  сыналады. Асығыс  қонақ  келіп  қалғанда  сойылатын  қой  өрісте  болса,  көршісі  көгендегі марқасын  жетектетіп  жіберетін  өнегелі  де өрелі,  қарапайым да қайырымды  қарияларынан  өнеге алған.  «Таспен  ұрғанды  аспен  ұрып»  абыройға  бөленген   халықшыл  азаматтары  асылдарын  ардақтауды,  қадірлілерін құрметтеуді  санасына  жөргегінде-ақ  сіңіріп алған.

Саясатқа  көп араласпай,  әкімдердің  арқасынан  сипауын  дәметпей, малын  бағып, балығын  аулап  мамыражай  күн кешіп, тек Тәңір деген  қожасына  сы­йынып,  өздерін  өмірге  берері  көп, алары да жетерлік санайды. Мейірімі мол, мерейлері  мәртебелі,  айтары  аз емес. Армандары  асқақ, еңбекқорлықтың нағыз символына айнала білген  менің бауырларым  ерен  еңбектің  үлгісін  көрсетеміз деп кеуде  қақпайды.  Алайда  аштан өліп, көштен  қалып  жатқан  олар  жоқ. Қызу  өмірдің  бел  ортасында  жүргендіктен кісіге алақан  жаюды қорлық санайды. Құйтақандай Құландыдан  Алаштың айтулы  азаматтары  шығатын уақыт келер.  Дегенмен тулақтай Төбебұлақ  топырағынан  түлеген  ғылым докторлары  мен  кандидаттары, орден-медаль, төсбелгі  иегерлері,  қоғам  қайраткерлері, ақын-жазушылар көлге  біткен  құрақтай қаулап  келеді.  Иә,  Жаратқан,  тіл-аузым  тасқа,  бергеніңнен  жазба!

Мектебін үлкейтіп, мешітін салып, клубын көріктендіріп, соғыс  ардагерлерінің аттарын тасқа қашап өшпейтін етіп қойды. Бес арысына (ауылдың алғашқы ұстаздары Икмаш Дәулетов,  Обайдулла Ерекешов,  Есенғали ­ Жолаев, Жұмахмет Әуезов, Бақытжан  Ермұқанов ) асыл азаматтарын елдің есіне салып тұратын гранит белгі қойып,  жарыса қора толтырып,  бәсекелесіп бала оқытып, осы да жетеді деп тоқмейілсімей ұл-қыздарын алыс-жақын шаһарларға өнер-білім, ұлағат алуға жіберуді әдетке айналдырған. Балаларының  түбі айналып қазығын табарына көздері жеткен. Әттеген-ай, Аралы толып асыл армандары орындалар күн туса Құланды баяғыдай гүрілдер еді-ау.  

Бақилық болғандарын ақ жуып арулап аттандырып, жас үйленгендерге облыс орталығынан  900, аудан орталығынан  300 шақырым түкпірде жатса да,  өркениетке лайық мәре-сәре той жасап берудегі ауыл азаматтарының ауызбірлігі ұрпақтарға үлгі. Алла-ай десейші, көшпелі құм, тандыры кепкен тақыр, шетсіз-шексіз егістікке жарамсыз аңқасы кепкен  сусыз қиыр далада өмір кешіп отырған олардың мына қым-қуыт нарық заманында берекесі кетпеген, қайта еңселері  әбден биіктеген. Төбебұлағының құмына дейін  өлеңге қосып :

– Құм оркестр ойнағанда,

Дирижері жел болып.

Сайын дала сағынышы,

Төгіледі сел болып, –

деп көпшілік назар аудара бермейтін, айдалада көшіп жүрген ақ құмды жырына арқау етсе, енді бірі :

– Елтуым бар қыранды,   

Түркі бабам ұранды.                        

Ұлы елімнің бөлшегі,

Мені туған Құланды, –

деп  ауыл клубы сахнасында тақпақтайды.       

Бір ауылдас әженің айтуынша, Құдай адамдарға өкпелеп, өзі берген теңізін өзі алып кетіпті, бірақ, қасиетті  Арал теңізі киелі жеріне түбі қайта оралады.                      

 Иә, әже, дұрыс айтасыз.

– Бас ұрмай, бойұсынбай өлеріне,

Тулайтыны сыймайды кемеріне.

Төбебұлақ тәкәппар тік тұр әне!

Сенеді семген Арал келеріне.

Төбебұлақтың  қарияларымен  тілдессең, айтары : «Осы топырақта тудық, осы бейітте ата-бабамыз жатыр, біз де осы құмда қаламыз. Осы жағалауда бала-шағамыз өсіп-өнуде, енді қайда барамыз?» Міне, атамекенге адалдық! Айтарға сөз жоқ.

Кеңес өкіметінің оларға қалдырғаны, қалдырғаны емес-ау, ауылдың ақсақал-қарасақалдары әупірімдеп жүріп сақтап қалғаны – тек шағын мектеп, бір штаттық клуб пен жапырайған пошта үйі және бір бөлмелі дәрігерлік пункт. Нарық уақыты жеткенде төбебұлақтықтар езілуден еркіндікке жеткендей, бұғаудан бостандыққа шыққандай күй кешті. Ауырып қатты қиналғандары да, тұрмыстық, азық-түліктік заттардың жетіспеуін шыбын шаққандай көрмей (ауылымыз аудан орталығы   Аралдан  300  шақырым қашықта), ел бірлігін бекемдеп, ынтымағын жарастырып, ырысын шашпай, екі білегін сыбанып еңбек етудің жаңа үлгісін көрсете білді. Қараңыз, келіңіз, көріңіз, ауылының ажарын сақтай білген азаматтардың игілікті істеріне куә боласыз.

Менің ауылымның қыр-қыраттарының да, жықпыл-жықпыл сайларының да, бел-белденіп, бірін-бірі қуып, бір-біріне жете алмай келе жатқан шағыл құм жоталарының  аттары да жүрекке жып-жылы, естірге әдемі де жағымды.  Тыңдаңыз:

– Қасқажол, Қаратамақ, Қызылбұлақ,

Алдыңда Қожасайы жатыр сұлап.

Басына Бестөбенің шауып шықсаң

Шақырар Қоянқұлақ қолын бұлғап.

Не биік-биік құзар шыңды тауы жоқ, не сарқырап аққан асау өзені жоқ, не болмаса арқыраған аюлы, қарағайлы-қайыңды орманы жоқ, ең биік ағашы сексеуіл,  қос уыстай ғана Құланды, алақандай ғана Төбебұлақ оларға неге соншалықты ыстық,  неге жер жаннаты болды екен?

Менің ауылымның ата-әжелерінің түсінігінше, жер кіндігі де, жерұйық та осы – Төбебұлақ. Бұл жердің бұлағының суы бал шырын, топырағының асты толған кен, теңізінде таусылмайтын байлық – балық, аунасаң – үстіңнің кірі кететін ақ құмы, науқасыңа – ем-шипа тұзды  батпағы. Қарсыласып ештеңе өндіре алмайсың. Олардың пайымдауынша:

– Күллі қазақ бастауын,

Құландыдан алыпты.

Қазақтың пейіл мейірі,

Төбебұлақта қалыпты.

– Иә, әйгілі Арал теңізі

Адамдардың азабынан,

Тәңірімнің тозағынан,

Қасірет кешіп талмаусырап,

Әлдекімнен сауға сұрап.

Қансырады, қақ айырылды.

Үлкен теңіз мұңға батты.

Кіші Арал жарым көңіл,

Жағадағы ел құмға батты.

Тарихы жұмбақ  қайран Аралдың қайғылы халге  душар болғаны рас. 

Тарихта қалатын тағы бір ақиқат, ол – Құдайдан басқаға құлшылық етуді ар санайтын, баба салтына берік, рухы асқақ, жаны жарқын, пейілі дархан  жандар теңізі тартылып, дариясы сарқылып, негізгі күнкөрісі – теңізінен айырылып, тұз қауып қалған қайғылы шақтарда да  (басынан өтпегендер қайдан білсін?) шаңырақтарын шайқамады, тастамады, тастамайды Аралын.

– Мен өзіңнен бір елі ажыраспан,

Итсигегім, изенім, адыраспан.

Ұлы далам, біткенде ақтық демім,

Хаттамаға қол қоям ажырасқан.

Төбебұлақтың  қариялары бастары қосыла қалса, көңілден кетпес мейірге толы жанарларын жайнатып, тер төгіп, еңбек еткен құтты мекендерінен, құм көшкен қиял даласында, боз суыр­лы бозарған боз даласында, араласаң әрмен созыла беретін, таусылмайтын, жеткізбейтін арман даласында өткен күндерінен қалған өшпес іздерін іздеп, мәз-мәйрам болып отырғаны.  Қарағайдай-қарағайдай ну қамыстың ортасындағы қалың қопасын қабан жайлаған теңізін, жел батыстан шықса шығысқа , шығыстан шықса батысқа барып қоныс­танып, алуан-алуан  өркеш-өркеш бейнеге ие болып сап түзей қалатын,  әсем  желге қосылып әр түйірі әнге айналып, әр түйірі ән салатын ақ құмын шегіне жеткізе мақтайды. Жандыға жаны шықпай жеткізбейтін, патшаны да көлденең өткізбейтін ақбөкені бар кең жазира даласын бақ мекені деп санайды. Жарысып желмен жететін қырандар,   қиялдан озып қия кезген құландары бар аңыз даласын әңгімелеріне арқау етіп мадақтап, шалқып отырушы едіңдер-ау, дария көңіл дархандарым кешіріп, қазбаламайтын, мақтасаңыз жадырар  абыз­дарым, бір атым насыбайға өкпелейтін жарықтықтарым-ау, сағынышқа айналып кеттіңдер ғой.   Иә, менің мекенім – адал сенім мекені. Сенім мекені – сенің мәңгі мекенің.

О кісілердің сол басқосуынан ұққаным: «Азамат болсаң алдымен атамекен  ауылыңды ойла. Еліңді ойламасаң елің де сені ұмытады. Өз ағасын ағалай алмағандар, кісі ағасын сағалай алмайды. Арман қуып алысқа, білім қуып биікке ұмтылып, талап қылу дұрыс. Алайда қағынан жеріген құландай, аспаннан түсе қалғандай болмай, туған жердің тасына да жерік болып, алыста оқығандарың бір-біріңе серік болып, бабажұртқа көрік болып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жақсылық жасап, келіп-кетіп жүрсеңдер елің де риза, алтын бесік туған жерің де риза, ата-баба аруағы да риза».

Атамның  айтуынша, аспан жерден басталады.  Оның қолын төбеге жеткізген кім? Кіндік қаны тамған топырақтың киесі, ауылдастарының ақжарма тілегі ғой.

– Айтыңдаршы азамат па ол анық,

Қалатындай тоны тозып, аты арып.

Кіндік қаны тамған жерге он жылда

Сағынышпен соқпағандар оралып.

Ол  кісі  қой кезектен шаршап, шөлдеп келе жатқаныңа қарамай итсигектің түбіне тұрып одан қалай сабын қайнатып алуға болатынын,  адыраспанның қасына аялдап, оның қайнатындысына түсіп құяң ауруынан жазылуға болатынын, сексеуілдің шоғының тас көмірдің  қуатынан кем емес кереметін, жусан арасынан ерінбей еңкейіп бір уыс қына алып, оның қайнаған суының қотыр малдарға таптырмайтын ем екенін сыналап түсіндіріп, ауылға тез жетіп қалатынбыз. Ал Құланды топырағының қасиеті мен тазалығы сонша, бұл аймақта бірде-бір зиянды, адам мен мал кәдесіне жарамайтын өсімдік өспейді. Ол кісі солай дейді, біз де солай де­йік, жер қадірін олардан артық білмейтініміз рас қой.

Туған жерді осылай мадақтап, осылай сүю керек шығар!

Мектепте немересіне «Біздің ауыл неге Құланды аталған?» деген тапсырма беріпті. Мақтағаны ма, мақтанғаны ма, әлде, шынында солай ма, осы сұрақты күтіп жүргендей сөйлеп бір берсін: 

– Мамыра біздің түбекте,

Ғасырлар жайлап мыңғырған,

Құлан деген аң болған.

Кербездігімен таң қылған,

Тұяғына дейін тәкаппар,

Жаратылысынан паң болған.

Топтасып үйір-үйірмен,

Жарысып желмен-құйынмен,

Түбекті түгел шаң қылған.

Бас имеген ешкімге,

Ешкімнен сағы сынбаған.

Адамнан басқа жауы жоқ,

Төртаяқтылардан қыңбаған.

Тектілігіне тең болмаған,

Алдын ала айнытпай,

Күн райын болжаған.

Әлемде саны санаулы-ақ,

Көргеннің көзін жандырған.

Мойыл мөлдір жанары,

Сиқырлап естен тандырған.

Кірпияз, сұлу, сүйкімді,

Өлкемізге сән берген.

Дүбірлеп өтсе дүркіреп,

Топыраққа жан кірген.

Қылығымен ой салған,

Дегдар өжет, қайсардың,

Тұяғымен бақ кірген.

Мекеніне құланның,

Құрметіне бұл аңның, 

Құланды  деп ат берген.

Оны қуған тұлпардың,

Шаң қауып қалған талайы.

Сымбатты, өжет тектіге,

Ескерткіш қойсаң жарайды.

Емес ғайып-қиырдан,

Құландылық сүйікті құлдарына, 

Алланың сыйы бұйырған, –

деп толғады.

– Құландар неге қазақтың ұлан-ға­йыр жерінен тек қана Төбебұлақ топырағын таңдап, Құланды құмын мекендеп қалған? Себебі, тектілер мен қасиеттілер  (құлан  мен Құланды) бірін-бірі таниды, бірін-бірі бағалап, қастерлей біледі.  Қазір неге аз дейсің бе?  Тектілер қашанда аз, ал  даналар бар болса бірен-саран ғана жаралады. Құландардың азаюы адамдардың аштығынан емес, тойымсыз ашкөздігінен, қаскөй қанағатсыздығынан! Үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы, пада-пада сиыры болмаса да, мол күн көрерлік халдері бола тұра,  текті хайуанды атты-шапты, етін жеп терісін сатты, әйтеуір, ештеңесін қалдырып жарытпады. Енді Түркіменстаннан әкелінген құландарды құртпаса де! Бұған әзір Алладан басқаның амалы болмай тұр, қатаң тәртіп керек, тәртіп! (Заң керек дегені шығар). Ал киіктер мен қарақұйрықтар өздерінің өсімталдығы арқасында әзір аман жүр, қашанға дейін шыдар екен? – деп күрсінді.   

– Жөргегімнен жүрегіме

Жырға айналып құйылған.

Ғашық екем құмыңа да,

Қоныс тептің миымнан.

Тілеуіңді тілеймін,

Түгендеймін жоғыңды.

Айналдырам алауға,

Санама салған шоғыңды.

Қуанышыңды күй етем,

Мұңдаймын болса мұңыңды.

Төл перзенттік борышым,

Мақтан етем мұнымды.

Оразбай  ҚОСАНОВ,

зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<