Ұмытылмас ұлағат

717

0

Аға буын – кейінгінің үлгісі, жас ұрпақ – олардың айнасы. Абай айтқан «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер…» деген тәмсілдің мәнін ақылшы ақсақалдар азайған сайын терең түсіне бастайсың. Олардың бай тәжірибесінен, кез келген мәселені шеше алатын көрегендігінен, мінезге бай болмысынан үйренетін, өмірлік ұстанымға айналдыратын өнеге мол еді. Қызылордалық ұстаздар қауымы Батырхан аға Остаевты осындай қасиеттері үшін үлгі тұтатын.

Оны танып-білген, тәлімін көрген азаматтар өзі тер төккен саласына шын жанашыр бол­ғанын айтып отырады. 2011-2015 жылдар аралығында Қы­зылорда қалалық білім бө­­ліміне басшылық жаса­ған кезде асыл ағаның ақыл-па­расатына, айтқан кеңес­те­ріне жиі жүгіндік. Бала тәр­биесі дейтін ұлы мұрат жо­лында жарты ғасыр бойы тер төккен адамның айтары мол еді. Ай­тып қана қоймайтын, баста­малардың басы-қасында өзі жүретін.

Білім беру саласында уа­қытпен үндесу талабынан шы­ғу үшін жауапкершілік жү­гін арқалай алатын адамдар айрықша бағаланады. Жалпы аға ұрпақ өкілдерінің қай-қайсысының да бойына сің­ген осы бір қасиетті, яғни жа­уапкершілікке мығымдық пен уәдеге беріктікті барлығымыз үйренуге тырыстық. Байқап отырсам, Батырхан аға бүкіл ғұмырында туған топырағы, өскелең ұрпақ игілігін көретін  көп іс тындырыпты. Атын шығарып, атақ алу үшін емес, орайы келмей тұрған жұ­мыс­қа бейжай қарай алмай­тын­дықтан.

Батырхан аға Қызылорда­ның іргесіндегі Ж.Маханбетов атындағы ауылда дүние есі­гін ашты. Әкесі, ауылдың абыз ақсақалы Остайдың ұйым­дас­тыруымен 3-4 шаруа­шы­лық біріктіріліп, Киров атын­дағы совхоз – бүгінгі Ж.Ма­ханбетов ауылы бой кө­теріпті. Өзі бас болып, ел-халықтың еңсесін тіктеуге бар күш-жігерін жұмсайды. Сұрапыл соғыстан кейінгі ел енді-енді есін жиып, еңсесін тіктеп келе жатқан жылдар. Буыны бекіп, бұғанасы қатай­маған балалардың да өз мін­деттері бар. Үлкендерге бо­лысып,  тұрмыс тауқыметін жеңілдету керек. Батырхан аға да бауырлары, замандастары сияқты еңбекпен жетілді.

Қызылорда қаласындағы №1 Мамыр мектебінен орта білім алған соң алдына асқа­ралы мақсат қойды. Қы­зыл­ордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтының фи­зика-математика факуль­тетін бітіріп, 1960 жылы ұс­таздық жолына түсті. Ұс­таз­дықты таңдап, ұрпақ тәр­­биесіне үн қосуға ниет біл­дір­ген әр талапкердің бойында табандылық пен жаңашыл­дық­қа ұмтылыс болса, шәкірт шырағы жанбақ.

Туған жердегі №143 орта мектепте еңбек жолын бастады.  Жастығына қарамастан, өз ісінің ұңғыл-шұңғылын білуге ұмтылды. 1969-1971 жылдары осы мектептің тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасары қыз­метін атқарды. Ал  1971 жыл­дан 2003 жылға дейін мектеп директоры болды.

Жаңашыл, ізденімпаз бас­шы көрнекіліктерді карто­те­каға түсіру, әр пәнді сынып журналының бір бетіне жазу, мектеп басқарудың пәндік салалық жүйесі сияқты ондаған жаңалық енгізді. Ұсыныстары мен бастамалары әріптестері тарапынан қабылданып, қол­дау тапты. Бүкілодақтық педа­го­гикалық оқуға облыс мектеп директорларының атынан қа­тыстып қайтты.

Ол көргені мен түйгені мол адам ретінде ізінде мол мұ­ра қалдырды. «Мектеп – білім ордасы», «Елу жылда ел жаңа», «Мектеп басқа­ру­дың пәндік салалық жү­йесі», «Шағын комплектілі мек­теп­терде гимназия, лицей топ­тарын ұйымдастыру жол­да­ры», «Қармақшы шежіресі», «Ойлар көмбесі» атты кітап­тарында жарты ғасырлық тә­жірибесін бөлісіп, ой-толғам­дарын ортаға салған.

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дейтін болсақ, біздің тербетіп отырған бесігіміз – мектебіміз. Мектеп – білім тірегі болса, ұстаз – оның жү­регі. Ендеше, біздің жүрегіміз ұрпақтардың келешегі кемел­денсе екен деп  соғуы керек, – деген ойын үнемі айтып отыратын.

Б.Остаев ұйымдас­тырушы­лық қабілетінің, біліктілігінің арқасында №143 мектепті Сыр өңіріндегі алдыңғы қатарлы білім ошағына айналдырды.   Мектеп бірнеше жыл бойы үздіктер көшін бастап, мұндағы  қолданылатын іс-тәжірибе ҚР Білім министрлігінің қол­дауымен республика аума­ғына таратылды.  Ізденімпаз, талапшыл басшы 1982 жылы Ереванда өткен Бүкілодақтық педагогикалық оқудың дип­ломанты атанды. ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қызыл­орда облысының құрметті қыз­меткері. «Жыл директоры-92» байқауының жүлдесін иеленуі білім саласындағы өлшеусіз еңбегінің жемісі болса керек. Ұлағатты ұстаз өзі еңбек еткен саласын өркендетуге, об­лыстың қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін бірнеше марапаттарды иеленді.   Бірақ мұғалім үшін шәкіртінің шың­ға шыққанын, таңдаған са­ласының үздігі болғанын көр­геннен асқан марапат жоқ. Ол Б.Момынбаев, Ә.Тоқ­та­мысов, Б.Қаратаев, Н.Байқа­дамов, А.Баймолдаева, Қ.Ады­ранов, А.Әбуова, Р.Үсен­баева, Қ.Ерімбетова, А.Айт­баева, А.Остаева сияқты №143 мек­тептің түлектерін  мақтаныш тұтатын.

Мектепке басшылық жаса­ған жылдары мұғалімдер Бат­тал Жүсіпбеков бүкілодақ­тық, Қадыр Әмзеев пен Мырзахан Жәкенов республикалық пе­дагогикалық оқуларға қаты­сып, басқа да ұстаздар облыс­тық мұғалімдер сайысында көш басына шықты. Бірнеше мұғалім Кеңес Одағы мен Қа­зақстан Республикасының «Бі­лім беру ісінің үздігі» бел­гілеріне ие болды.

Еңбек демалысына шық­қан соң да мектеп пен ауыл тарихына, келбетіне қатысты мәселелерге үн қосып отыра­тын. Ауылдағы «Тағзым» ала­ңының тозып кеткен күйі ауыл азаматтарының аты­на сын болатынын айтып, жұрт­шылықтың басын қосты. Ауыл­дастары алаңды Жеңістің 70 жылдығында ашып, ерлік даңқын дәріптеді.  Сондай-ақ үш деңгейлі спорт алаңының салынуы, ауыл саябағының жасыл желекке бөленуі ұс­таз­дың  бастамасымен жасалды.

Ол өзі қызмет еткен білім ошағында мектеп музейінің не­гізін қалады. Барлық жәді­гер­лерді тірнектеп жинап, тап-тұйнақтай етіп қаттап, құ­жаттады. Бұл музейден өл­кетануға қатысты сол мағ­лұғатқа қанығуға әбден бо­лады. Сондай-ақ Батырхан аға ауылдағы «Әлі Арыстан» ме­шітінің салынуына да сүбелі үлесін қосты.

Остаевтар әулетінен қырық жеті педагог шыққан. Олардың арасында ғылым кандидаттары да, академик те бар. Батырхан аға ауыл анасына айналған Қанбибіш Момынбаева апа­мыз екеуі өмірге бес ұл, бес қыз әкелді. Перзенттері педа­гогтықтан басқа да сан алуан салаларда, яғни  құқық қорғау,  құрылыс, халыққа қызмет көр­сету салаларында еңбек етеді.

«Ұлтымыздың рухани та­мырынан нәр алған, елі мен туған топырағын, ұлт құн­дылықтары мен ата-баба дәс­түрін қадір тұтып, құр­меттей алатын ұрпақ тәрбиелеу – біздің ең басты мақсатымыз» деген әке өсиеті ұрпақтарына бағдаршам секілді.

Әке мен ана жаққан шырақ, берген тәрбие бала өміріне өмір бақи жарығын түсіріп тұрады. Сол тәлім ұрпақ бо­йына сіңсе, сабақтастықтың үзілмегені. Оған ұстаз бер­ген өнегенің өрнегі қосылса, өмір­дің сан тарау соқпақ­тарында адам адаспай жол табады. Батырхан аға балаларына да, шәкірттеріне де бағыт сіл­теген темірқазық тұлға бола­тын. Сондықтан оның есімі ұмытылмайды, ұлағаты өш­пейді.  

Марат АРАЛБАЕВ,

«Сыр медиа» ЖШС

бас директорының

 бірінші орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<