Заман жадындағы бейне

1204

0

Журналист Тойбазар Елемесов 1906 жылы Қазалы уезі, Шыбынды болысында туған. Зерек бала ауылдағы молдадан білім алып, ерте есейген, араб тілін үйренген. Байдың қойын бағып, жоқшылықтың да тауқыметін тартады. Содан білім қуып, Тәшкенге барады. Шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаевқа жолығып, сондағы интернатта оқуын жалғастырған. Ғанидың қамқор құшағына бөленген Тойбазар одан әрі түрлі білім ордаларында оқуын жалғастырып, Шымкенттегі Сырдария губерниялық педагогикалық техникумын бітіреді.

Қолында бір бума кітап-қағазы бар азамат ілтипатпен сәлемдесті:

– Мен осы газеттің соғыс жылдарында редакторы бол­ған Тойбазар Елемесов­тің ұлы Арлан боламын. Әкемнің өмір жолын сізге айтқым келеді. Әкемнің туғанына биыл 115 жыл толды. Естелік жазуға ықылас білдірсеңіз. Қалай қарайсыз?

– Сөз жоқ, Тойбазар Елемесов сұрапыл соғыс жылдарында, яғни 1939-1946 жыл аралығында «Ленин жолын» басқарған. Газеттің мазмұнын байытқан, жұртты ерлік еңбекке шақырған, қаламы ұшқыр журналист болғаны ақиқат. Сыр елінің малшы-диқандарының патриоттық бастамаларына ұйытқы болған азамат екеніне күмән жоқ…

Менің сөзіме Арлан бір көтеріліп, көзіне жас алды.

– Әкемді еске алатын, еңбек жолын білетіндер бар екен-ау, – деп шешіле сөйлеп кетті. Сонымен, Тойбазар ағаны жазуға отырдым. Өмірбаянына көз жүгірттім.

Балалар үйінде тәрбиеленген Тойбазар Елемесов Тәшкенге білім алуға бар­ғанында шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаевтың қамқорлығын көреді. Соңына ертіп, бағыт-бағдарын беріп, интернатқа орналастырады.

Бала Тойбазар сол Тәшкеннен және Шымкенттен білім алып, Аралға оралады. Алғашында «Шөмішкөлдегі» мектепте ұстаздық жолын бастайды. Сонан соң мектеп директоры болса, онан әрі аудандық оқу бөлімін басқарды. Арал аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жоғарылады. 1935 жылдары Ақтөбе облыстық атқару комитетінің орынбасары болып, шыңдау мектебінен өтті. Туған жер ыстық қой, көршілес облыста еңбек етіп, Аралға оралды. Біраз жыл аудандық «Екпінді балықшы» газетінде редактор болып, жас журналистер шоғырын жасақтады. Балықшылар өмірін жан-жақты көрсетіп, жұртты еңбекке шақырды, талай патриоттық бастамалардың ұйытқысы болды.

Қаламы ұшқыр журналист Тойбазар Елемесов­тің еңбек жолы осылайша жалғаса берді. «Жетіқара» алтын комбинатында орталық комитеттің ұйымдас­тырушы хатшысы болып, іскерлігімен танылды. Кеншілердің өмірінен мақалалар жазып, олардың проблемалық мәселелерін көтерді, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін сан алуан қырынан көрсеткен газет жанрларына оқырмандар шынайы ықылас білдірді.

Көп ұзамай Тойбазар Елемесов Қостанай облыс­тық «Большевиктік жол» газеті жауапты редакторының орынбасары, мұнан соң «КазТАГ-тың» жауапты жетекшісі, «Правда» газетінің тілшісі қызметін қоса атқарды. Сауатты, білімдар азаматқа ықылас көбейді. Ке­йін «Казахстанская правда» газетінің Қызылорда облысы бойынша тілшісі болған жылдары да оқырмандар жүрегіне жылы ұялай бастады. Облыс өмірінің сан ал­уан жаңалықтары республика көлеміне кеңінен таралып, насихатталды.

Тойбазар Елемесов Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне басшылыққа ұсынылды. Бұл кезде газетте кадр тапшылығы орын алған шақ еді. Білікті басшы жер-жерден іскер кадрларды іріктеп, газет мазмұнын ба­йытты. Сыдық Алда­бергенов, Мәлік Қара­құлов, Орман Нұрқабаев, Ахметжан Нұрекеев сынды журналистер осы кезеңде көп іс тындырды. 1939-1946 жылдар аралығында редактор болған Тойбазар Елемесов Сыр елінің бұқара  халқын  еңбекке үндеп, Ұлы Жеңісті жақындатуға ұйыт­қы болды. Еңбек адамдарын сан алуан қырынан көрсетті. Диқан-малшылардың патриоттық бас­та­маларына қолдаушы бол­ды, елдің рухани серпіл­уіне дәнекерлік жасады.

– Әкем зейнетке шыққан соң облыстық мәдениет бас­қармасында автоклуб мең­герушісі болды. Малшы-диқандар ауылын аралап, насихат жұмыстарын ат­қарды. Жас өнерпаздар шоғырын жасақтады. Алыс ауылдардағы қазақ салт-дәстүрін, өміршең ғұрыптарын насихаттады, лекциялар оқыды, ақындар айтысының өріс алуына бірден-бір себепші болғаны бар. Бізді, отбасындағы немерелерін автоклубқа отырғызып алып, диқан-малшылардың ерен еңбегін көруге әр сапарға алып шығатын. Бұл бізге үлкен мектеп болды. Ел тынысына қанығып өстік. Дала  тұнып тұрған тарих екенін білдік, – дейді ұлы Ерлан Елемесов.

Әлі есімде, «Ленин жолы» редакциясына күн сайын бір кісі келеді. Зор денелі азаматқа таңырқай қараймыз. Кеңсеге келген бойда өз замандасы Орман Нұрқабаев, Ахметжан Нұрекеев, Әбділда Құрманаев, Әбдікәрім Оңалбаевты іздейді.

– Бұл кісі кім? – дейміз. Сонда әріптесіміз Қомшабай Сүйенішев:

– Бұл – ағаларың Тойбазар Елемесов. Соғыс жылдарында бес жыл бойы осы «Ленин жолын» басқарған редактор. Қазір зейнеткер. Өзі ұшқан ұясын, коллективін сағынса редакцияға соғады, естеліктер айтады. «Жанқожа», «Аралдағы айқас» атты екі роман жазып, баспаға ұсыну әрекетінде жүрген жазушы-журналист, – деп таныстыратын.

Тойбазар Елемесов екі бірдей романның авторы еді. Өмірінің соңғы жылдарында романнан үзіндісін «Ленин жолының» бірнеше нөміріне жариялап, оқырмандар тарапынан ықыласқа бөленді.

Талантты журналист 1971 жылы дүниеден өтті. Зайыбы екеуі ұрпақ өсірді, немере сүйді. Аида, Айдан, Ерлан, Арлан, Альбина сынды ұл-қыздарынан өрбіген Елемесовтер әулеті бір-бір бәйтерекке айналды.

Қала орталығында Тойбазар Елемесов атында көше бар. Ұрпақтары сол көшеде серуендеп қайтудан жалықпайды. Бұл құрмет пен өнегенің белгісі, жақсы жанның жақсы ұрпақ тәрбие­лей алуының айғағы болса ­керек.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<