«Жалаңтөстегі» жаңашылдық

1621

0

Ауыл – қазақтың жаны, береке мен бірлік ұялаған атақонысы. Қаладағы қым-қуыт тірліктен тысқарылау жатыр демесеңіз, Тәуелсіздік ауылдардың бет-бейнесіне өзіндік өрнегін салды. Бұрын қала тұрғындарына ғана қолжетімді болып келген өркениет жетістіктері шалғайдағы елді мекендердің де өмір салтына дендеп енді. Атакәсіп – мал мен егін шаруашылығынан басқа, кәсіпкерлік, қызмет көрсету, білім беру,  медицина, мәдениет салалары дамыды.

«Сыр бойы» газеті Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қарт Қаратау мен айдынды Арал аралығындағы ауылдардың осы уақыт ішіндегі тыныс-тіршілігін арқау еткен мақалалар топтамасын «30 жыл: Біздің ауыл» айдары аясында жариялай бастайды. Ата-бабамыздың маңдай тері сіңген қасиетті мекендердегі дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қалай өріліп жатқанынан хабардар болып отырыңыздар.      

Корей ағайындарға қоныс болған

Бұл ауылдық округке бірнеше елді мекен кіреді. Жалаңтөс батыр ауылынан бөлек, іргелес жатқан Үйрек, Шитүбек, Алтай, Ойынды, Көбек дейтін шағын елді мекендер бар. Айтпақшы, 1993 жылы батыр атын иемденген. Ал негізінде Қарашеңгел ауылдық округі деп аталады.

Тарихқа шегініс жасасақ, бұл маңда 1929 жылы №3 ауылдық кеңесі құрылған. Содан бері түрлі атау беріліпті. «Бірлестік», «Қызыл ой», бірақ көпшіліктің білетіні – «Қызыл Ту» атауы. 1949-1957 жыл­дары Карашеңгел ауылдық советі болса, 1977 жылы өз ал­дына «Қызыл Ту» ауылдық кеңесі болып ашылған.

Соғыс жылдары мұнда Қиыр Шығыстан жер аударылған ко­рей­лер де тұрған. Жергілікті қа­зақтарға сіңген 20 шақты отбасы арасынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткендер бар. Әсіресе Петр Пактың есімі ерек­­ше аталады. Сол кездері Қа­­шақбай Пірімов басқарған «Қы­зыл Ту» ұжымшарының кү­ріш­шілер бри­гадасында Пак звено жетек­шісі болыпты. 1948 жылы өзіне бекітілген 5 гектар күріштің әр­қайсысынан 80 цент­нерден астам өнім алған. Ал келесі жылы егіс алқабындағы ерлігі үшін  оған «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген.

Қазір корей ағайындар көшіп кеткелі көп жыл өтті. Тек Ана­толий Ли отбасымен ғана тұрады. Қазаққа күйеу ол агроном болып еңбек етеді.

Бүгінде ауылдағы еңбек май­даны қайнап жатыр. Жалаң­төс­тіктер бақша мен күріш өсіруде сол қарқынмен келеді.

Қара еңбектің иесі – Қашақбай

Жалаңтөс батыр атындағы ауылдағы мектепке қоғам қай­раткері Қашақбай Пірімов аты берілгелі 30 жылға таяп қалып­ты. Бұл ел азаматының 85 жыл­дығына орай жасалған игі шара еді. Қазір №103 мектеп ішінен музей ашылып, ауласында еңбек иесінің бюсті тұр.

– Мына көрші тұрған Құм­жиекте туған Қашақбай Пірімов өз ауылында бригадир болып жүрген. Аудан басшылары біз­дің колхозға бастық қылды. Қа­шақбай басқарма болып 1939 жылы келген. Сол кездері біздің «Қызыл Тудың» өркендеуі бас­талыпты. Күріш егуде жоспар­ды артық орын­дап, соғыс жыл­дарында «Бә­рі де майдан үшін!» деген ұранмен көп үлес қосты.  Ауданда 58 кол­хоз болса, біздің «Қызыл Ту» алдыңғы сапта бол­ғанға ұқсайды, – деп өткен та­рихтан аз-кем сыр шертті ауыл­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайын Дәуіт.

Расымен, қиын кезеңде ел басқарған Қашақбай аға жайлы аз жазылмады. Оның Ұлы Отан соғысы кезінде өз қаржысынан 100 мың сом беріп, арнайы танк соқтырғаны әлі күнге дейін ай­тылады. КСРО дейтін алып им­перияны басқарған Сталиннің өзі қызылтулықтарға жеделхат салып, еңбек майданындағы ер­лі­гі үшін алғыс айтқаны газет бе­тінде жарияланыпты. Онысы мек­теп ішінен ашылған музейде сақталған. Еңбекқор азамат мем­лекеттік наградалардың иесі бол­ды. Бүгінде ауыл іргесіндегі «Үй­рек» дейтін қорымда жатыр.

– Ауданда бірінші болып күріш егуді қолға алған Қашекең еді. Әрине, оған корей ағайынның себебі де тиді. Ол кезде қазіргі техникадан мақұрымбыз. Өгіз бен соқа. Тұқымды қолмен себе­тін. Бейнеті көп болды. Бала болсам да, есімде әлі. Тың жерге тыңайтқышсыз күріш өсірген Қа­шақбай аға басқарған шаруашылық ауданның алды болды. Соның арқасында Жоғар­ғы Кеңеске 3 рет депутат болып сайланды. 1957 жылы дүниеден өткенше, осы елдің өсіп-өнуіне тер төккен ел адамы болды, – деп сөзін түйіндеді Сайын ақсақал.

Айтпақшы, даңқты компо­зи­тор Кеңес Дүйсекеев те осы ауылда туған. Оның ата-ана­сының мәңгілік тыныс тапқан жері де осында.

Тәуелсіздік. Түгелдей жаңарған жұрт

300-ден астам түтіні бар ок­ругтің басты тіршілігі – егін егу. Есік алдына бау-бақша өсіреді, онысы піссе, дереу Қазалының базарына артады. Жаздай осындай кәсібін айналдырып, қысқы азы­ғын алдын ала дайындап алады. Ауылға қарасты майда елді ме­кендерде мал ұстайтындар да же­терлік. Дарияның қамысы, көлдің құрағы басым бұл маңда. Төрт түлік өсіруге әбден қолайлы.

Тәуелсіздіктен кейін тұралап қалған көп ауылдар болды. Еңсе­сін түзегені де көп. Жалаңтөс батыр ауылы сондай. Мұндағы әлеуметтік ғимараттың барлығы егемендік алғаннан кейін түгел жаңартылған.

– 2010 жылы екі қабатты жаңа мектеп салып берді. Онысы 250 балаға арналған. Екі жылдан соң Қашақбай ағамыздың Жеңіс Пірімов бастаған ұрпақтары мек­теп алдына әкесінің бюстін қойды. Жан-жағын абаттандырды. Ар­найы музей ұйымдастырылды. Сол жылы жасанды футбол ала­ңы салынып, ауыл балалары доп тепті. Айтпақшы, мектептің ішін­де қосымша «Алақай» дей­тін кішкентайларға арналған бала­бақша бар, – дейді мектеп дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманкелді Қанатов.

Расымен, музей ішінде ауыл тарихынан хабар беретін 250-ден аса құнды жәдігер жиналған. Мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қыз­мет істейтін Ләйла Пірма­но­ваның айтуынша, Қашақбай Пірімовтың қолданған бұйым­дарынан бөлек, сол замандағы ауыл адамдарының заттары тұр. Келі-келсап, шойын соқа мен тырма, қолара, орақ пен кетпен, диірмен де бар. Ескі құжаттар мен соғыс кезіндегі ақ­ша, темір тиындар да көзге түседі. Ауыл құрылғаннан бастап бү­гінге дейінгі тарих  әбден қат­талып, ел ішінен шыққан еңбек арда­гер­лерінің үлкейтілген суреттері ілінген.

Сайын ақсақалдың айтуынша, осы ауылдан шыққан қалталы азаматтар мен жергілікті халық бірлесе асарлатып, жаңа мешіт тұрғызған. Қасиетті мекен­ге Жа­лаңтөс батыр атын берді. Он­да­ғы мақсат – кейінгі буынды иман­дылық ауылынан алыс­татпау. 2014 жылы салынған мешітте 100 адамға дейін мінәжат етуге болады.

Сондай-ақ 2014 жылы жаңа типтегі дәрігерлік амбулатория бой көтерген. Ауыл халқының сау­лығын қарайтын нысан дәрі­гер­лік қызметтің сапасын жақсар­ту  мақсатында жаңа құралдар­мен жабдықталған. 2016 жылы күр­делі жөндеуден өткен ғимаратқа кітапхана қоныстанса, сол жылы жалаңтөстік бүлдіршіндерді қу­ант­­қан тағы бір ғимарат пайда­лануға берілді.

Иә, №14 «Сәуле» бөбекжай балабақшасы 90 сәбиге арналған. Қыста жып-жылы, жазда дала­да­ғы ойын алаңдары бар бала­бақ­шаның барлық бөлмелері за­ма­науи типте жабдықталғаны көрі­ніп тұр.

– 2017 жылы ауылымызда 150 орындық Жалаңтөс батыр ауылдық клубы салынды. Екі қа­батты мәдени ғимарат ауылға сән қосып тұр. Ішінде 150 орындық көрермен залы, үйірме және кітап сақтау бөлмелері, оқырмандар залы, гардероб  қарастырылған.

Былтыр «Қызыл ой», Ә.Ме­кешов көшелері жөнделіп, түнгі жарық­шамдар қойылды. Енді ауыл­ды газдандыру жұмыстары жүр­гі­зілуі тиіс. Жоба-сметалық құжат­тары дайын. Сондай-ақ құр­ғақ­шы­­лықтың алдын алу үшін жерасты бұлақтарын ашу, ауыл ішін­дегі электр бағаналарын жа­ңарту сияқты жұмыстар да атқа­рылады. Жалпы, бізде 9 көше бар. Барлығы жарықтандырылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша екі көшені асфальт­таймыз, – дейді ауыл әкімі Орыс­бек Жамшейтов.(Мақала жазы­лып жатқанда ауыл әкімінің Қа­залы аудандық спорт және дене шы­нықтыру бөлімінің басшысы болып тағайындалғанын естідік).

Кәсібін кеңге жайған…

Мұндағы жұрттың егін еге­ті­нін айттық қой. Ауылда «Жа­лаңтөс батыр» ЖШС күріш егеді. Бұдан бөлек, Нұрбек Ақпанбетов есімді азамат кесек шығарумен айналысады. Бұл екі мекеме ел­дегі жұмыс­сыздық дейтін дерттің алдын алып тұр.

Сондай-ақ «Берекет-1» ауыл шаруашылығы кооперативі мен 16 шаруа қожалығы бар. Жалпы ауылда соңғы жылдары ірі қара, әсіресе сиыр мен жылқы өсіретіндер көбейген.

Елді мекенде 62 кәсіпкерлік субьектісі тіркеліпті. Оның ішін­де 43 жеке кәсіпкер бар. Олар мемлекеттік бағдарламаларға бел­сенді қатысып жүр. Мысалы, былтыр осы салада мемлекеттік бағдарлама арқылы құны 80,6 млн теңгені құрайтын 17 жоба қар­жыландырылған. Ал биыл 10 миллион теңге тұратын жо­баға қаржысын алса, қалған 4 жоба бойынша несиеге құжат тапсырылып, тиісті қолдауды күтіп отырған көрінеді.

– Аяқсу келіп тұр. Жұрт есік алдындағы бақшасын егіп болды. Аудан орталығына күніне алты рет маршрут қатынайды. Ертең сонымен ауылдағы келіншектер қияр, помидорын, көк жуасын, басқа да бақшада өскен дақыл­дарын базарға шығарады. Солай пұл қылады. Мұндай маусымдық кезеңде бақша өнімдерімен 600-700 мың теңгеге дейін пайда тауып отырған отбасылар бар. Қосымша  табыс қой бұның бәрі, – дейді ауыл әкімі.

Жоғарыда айтқан «Жалаңтөс батыр» шаруа қожалығында 90 адам жұмыс істейді. Құрғақ­шы­лыққа қатысты күріш көлемін қысқартып, биыл 600 гектарға ғана еккен. Дария деңгейінің төмендеуіне байланысты көрші ауылдардан насос алып, күрішке қосымша су жіберуде.

Маңайындағы шағын ауылдарды қоса алғанда, тіршілік түтінін түзу ұшырған ауылдың бірі – осы Жалаңтөс батыр. Қара жердің құнарын сақтап, маңдай терімен адал күн кешкен ағайын тұрады осында. Егемендік алған жылғы нарық қыспағы бұларға әсер етпей қойған жоқ. Сонда да ынтымақпен күн кешкен қызылтулықтар әлі де бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, қауымдаса еңбек етіп келеді.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<