Жақсының ісі жаңғыра береді

756

0

Қай заманда да жақсы адамдардың ізінде жақсы сөз бен жақсы ісі жөнінде халық арасында әңгіме қалуы – заңды құбылыс. Біз сөз еткелі отырған Мәдібай Баймаханұлының өмірінен аз-маз мәлімет келтірер болсақ, ол 1916 жылы Ақмешіт уезі, Маслов болысына қарасты Қасқабөгет маңайында дүниеге келген екен.

Жалпы адамзат жаратылысында тектілік, бекзаттық деген асыл қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді. Оны ғылым да дәлелдеп отыр.

Мәкеңнің үлкен әкесі Құлшық өз заманында халқына адал қызмет еткен, тұрмысы төмен жандарға қол ұшын беріп отырған, жомарт кісі болыпты. Оны бұрынғы өтіп кеткендер де, қазіргі көзі тірілер де айтып отыратын.

Бір ғана жасаған жомарттығы – Бұқарбай батыр Қараөзектен егін егуге, сөйтіп халықты отырықшылыққа бейімдеуге үлкен жарма қаздырмаққа бекініпті. Сонда Құлшық атамыз жарма қазуға жиналған жұмысшыларды тамақпен қамтамасыз етіп отырған. Жүздеген атпал азаматты тамақпен қамтамасыз ету де оңай болмаған сияқты. Күніне бірталай мал сойылып, қазан асылады екен.

Мәкеңнің өз әкесі Баймахан ақсақал да сол кездің қиын­шылық­тарын, одан Октябрь революциясы салған ауыртпалықтарды басынан өткерген. Артельге, кооперативке бірігу, колхоздастыру науқанының басы-қасында, ұйымдастыру жұ­мыс­­тарында болған. 1931-33 жылдың ашаршылығын да бас­тан кешкен.

Мәкең ерте есейді, еңбек жолын ерте бастады. Сол кездегі елді жайлаған әділетсіздік пен заңсыздық, көрген қиыншылықтары бір адамның басына жетерлік ауыртпалық еді. Кезінде өзі «Мен партиялық билетімді төрт рет беріп, төрт рет қайтарып алып едім» дейтін.

Жас кезінде Қалжан ахун мешітінде оқу оқып, білім алған. Ол жабылып қалғаннан кейін, ту Қасқаның бөгетінен Тереңөзекке қатынап оқыған. Жастайынан математикаға жүйрік Мәкең 1936 жылы ҚазМУ-дың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Алайда неше түрлі қудалауға ұшырайды. Артынан оқу орнына «ол – бай-кулактың тұқымы» деген арыз барып, оқудан шығып кетеді. «Енді не істеу керек? Елге келіп, жеке құжаттарымды қайта жасатып, арғы аталарымыз Байторының атына жазылып, фамилиям Байтөреев болып шыға келдім» дейтін. Университетте жүргенде Т.Жүргенов Оқу наркомы екен. Сол кісінің көмегімен 1938 жылы қайтадан университетке оқуға барып түседі. Оқуын аяқтай алмай, 1940 жылы әскерге алынып, артиллерия полкінде қызмет етеді. Математикаға жүйріктігінің арқасында артиллериялық дәлдік­терді өте оңай шешіп отырған.

Екі айдан кейін фин соғысына алып кеткен. Кейін әскери қызметте Батыс Белоруссияда қалады. Сонда жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Жорық жолын батыс Белорусь жерінен бастаған Мәкең 1941 жылдың 3 шілдесінде Баранович қаласы түбінде ауыр жарақат алып, неміс тұтқынына түседі. 1943 жылдың мамырына Мозовецк аралындағы әскери тұтқындар лагерінде болып, мау­сым айында солтүстік Франциядағы Саинт-валлер елді мекені жанындағы теміржол көпірін жөндеу тобына ауыс­тырылады. 7 маусымда партизандар байланысшысы арқылы таудағы отрядқа 8 адам болып қашып барып қосылады. Франциядағы Дром департаментінде (Лион қаласының аймағы) әскери әрекеттер жасаған, капитан Моно басқарған бұл отрядта ол 1945 жылдың қыркүйек айына дейін жауынгерлік тапсырмалар орындайды. Сондай шайқастардың бірінде, Лион мен Валянсе автожолы бойындағы мина заводын талқандауда көзге түсіп, «Француз легионы» жауынгерлік медаліне ұсынылады. Соғыс аяқталған соң 1945 жылы қыркүйекте елге қайтады. Францияда партизан отрядында болғандығын айғақтайтын куәлікті келген бетте кеңестік арнайы органдар алып қойғаны себепті, 1947 жылдың қыркүйегінде Түркістан әскери округінің әскери трибуналының үкімімен он жылға сотталады. Содан Қарағандыда, Кемеровода жеті жыл түрмеде отырып, 1954 жылғы шілдедегі жарлық шыққан соң желтоқсан айында босатылып, елге оралады.

Елге оралған соң, еңбек жолын жас кезінен бергі арманы ұстаздықтан бас­тап, кейін құрылыс шебері болады.

1960 жылдары Жалағаш ауданы­ның коммуналдық шаруашылығын басқарған Мәдібай Байтөреев жаңа қоныстанушыларға трактормен тү­зулеп арықша тартып, екі сызық арқылы болашақ көшелердің жобасын жасады. Олар осы кездегі Бұқарбай батыр, Абай, Әйтеке би, Жүргенов, Нысанбай жырау және оларды кесіп өтетін Сәрке батыр, Желтоқсан, Амангелді, Қыстаубаев көшелері еді. Жаңадан салынатын үйлердің қызыл сызықтан асып кетпеуін қатты қадағалап, жаяу адамдар жүретін тротуарлар мен көліктерге арналған аралықты, олардың кеңдігін сақталуын іске асырды. Сол кісінің бастауымен қалыптасып, бой түзеген оқтай түзу көшелері кентке осы күнге дейін ерекше көрік беріп тұр. Облыс көлеміндегі басқа аудандарда да осындай әсем  көшелер жоқ.

Мәкең одан кейін «Қызыл­орда­сельстрой» тресі­нің №1605 құрылыс мекемесінде он бес жылдан астам прораб қызметін атқарды. Жала­ғаштағы әкімшілік, қаржы­герлер үйлері, үш қабатты байланыс бөлімшесі, №246 мектеп, СПТУ кешені, прокуратура, оқушылар үйі және вокзал маңындағы барлық екі қабатты үйлер сол кісінің басқаруымен тұрғызылды. Соның нәтижесінде қыстақ келбеті түзеліп, тіпті поездағы жолаушылар сүйсініп өте­тін­дей дәрежеге жетті.

Мәкеңнің жұмыс үстінде адам­дарға талап қоюы, ұйым­дастыру қабі­леті, еңбек­қорлығы, шаршауды біл­мейтін төзімділігі, әрбір сөзді орынды пайдалануы, қайсар, тік мінезі, оның орыс тілін игеруі мен техникалық, сая­си сауаттылығы мекеменің жас инженер-техник қызмет­керлерінің өсіп жетілуіне зор ықпалын тигізді.

1964 жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында жаңадан құрыл­­­ған Аққыр кеңшарының ал­ғашқы қазығын қағып, құрылыс жұмыстарына бас­шылық жаса­ған прораб Мәкең болатын. Жала­ғаш аудандық коммуналдық шар­уа­шылық мекемесін басқарған жылдары өз алдына бір төбе.

Елдегі саяси ахуал оң қалыпқа түсе бастаған шақта, заңды құқық­тарын иемдену үшін ол 1957 жылы КСРО Жоғарғы сотына шағым­данды. Нәтижесінде Жоғарғы сот­тың сол жылғы шешімімен оған реабилитация жасалды. 1990 жылы ол Франция президенті Франсуа Миттеранға әскери куәлігі мен жауынгерлік медаліне сұрау салып, хат жазды. 1994 жылы тамызда Мәдібай Баймаханұлы Францияның азат етілуіне 50 жыл тол­уына орай шығарылған «Комбатан волонтер» құрмет медалімен марапатталды, сөйтіп ерлігінің біршама мойындалғанын көрді.

Мәкең қай жұмыста, қай қызметте жүрсе де, халыққа адал қызмет ету бас­ты мақсаты болды. Тектілік болмысымен, қарапайым сөзбен әңгімесін айтып, кімді де болса өзімен тең ұстап, дос-жарандай қалыпта отыратын. Өмірінің соңғы жылдарында халқының өткен тарихын зерделеу­ге ықыласты жас ұрпаққа тарихи тағылым қалдыруды мақсат етіп, Сыр елінің батыр ұлдарының бірі Байқадам батыр Ағайдарұлы туралы кітап жазып, жарыққа шығарды.

«Жақсыдан жақсы туар жарқыл­даған» деп Балқы Базар жырлап кеткендей, Мәкеңнің Қожахметі мен Болатты бүкіл ел біледі. «Ғалымның хаты өлмейді, жақ­­­сының ісі өлмейді» деген, дүниеге келгеннен кейін артың­да ісің, ақындық, жазушылығыңмен хатың қалса, ондай адамды өлді деуге болмас» деп кей сәтте айтушы еді. Зейнетке шыққаннан кейін де аудан мақтанышына айналған «Универмаг» дүкені, Мәдениет үйін салуда қажырлы еңбек етті. Аудан басшысы Қ.Қазантаев та жиі келіп, клубты сәулеттендірудің түрлі жолдарын Мәкеңмен ақылдасып тұратын.

Оның ел алдындағы қыруар еңбегі бағаланып, кезінде әртүрлі марапаттаулар мен орден, медальдар алды. Енді ол кісіге көше аты беріліп отыр. Мәкеңді білетін көзкөрген азаматтар мұндай жақсы істі қуаттайтыны анық.

Раушанбек СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері.

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<