Ғани ғұмырбаянына қатысты кейбір деректер

1461

0

Ұлы дала көгінде жұлдыздай жарқырап көрінген Орта Азия мен Қазақстандағы жастар қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаевтың тұлғасын барша қазақ баласы қастер тұтып, мақтаныш етеді. Жиырма үш жас ғұмырында артына өшпестей із қалдырған оның өнегелі өмірі мен қызметі егжей-тегжейлі зерттелді, дегенмен де ешқандай идеологиялық түзетулерсіз жаңаша көзқараспен қарайтын жайттардың да бар екенін тілге тиек етеді зерттеушілер. Сондықтан шежірелік деректер мен ел тарихын жетік білетін көнекөздерден естіген естеліктерге және бір үңіле қарап, Ғани ғұмырбаянына қатысты ой-пікірлерімізді білдіруді жөн деп таптық.

Өмірбаяндық мәліметтерге көз салсақ, Ғани Мұратбаев 1902 жылы маусым айының 3-і күні сол кездегі әкімшілік басқару бөлінісіне сәйкес Ташкентке қарайтын Сырдария облысының Қазалы уезінде дүниеге келгені айтылады. Алдымен мұрағат қорларында сақталған құжаттардың ішінен оның өз қолымен толтырған жеке өмірбаян парағындағы орыс тілінде жазылған мынадай деректерді қаз-қалпында беруді жөн көрдік. Онда «Я родился в кочевой семье, в степи «Каракум» Казалинского уезда. Отец умер, когда мне было 4 года. Средства к существованию не было, которому мать перемещаясь в город, где можно было зарабатывать хлеб. В городе она работала портной, прислугой и по временам поденщицей» депті. Ал қосымша сауалнамада «занятие родителей – скотоводство» деп анық көрсетілген. Алайда бұдан Қарақұм дегеніңіз – ұлан-байтақ аумақты қамтып жатқан өңір, оның белес-белес  құмының қай түкпірінде Ғани дүние есігін ашты екен деген сұрақтың  туындайтыны сөзсіз.

Ол үшін аз-кем шегініс жасап, шежірелік мәліметтер мен көнекөздердің естеліктеріне жүгінейік. Ресми құжаттарда Кеңестік саясатқа байланысты кедей баласы деп көрсетілген. Шындығына келгенде, Ғанидың әкесі Мұратбай – көп жыл өз  еліне болыс болған адам. Профессор Н.Өткелбаевтың Ғани туралы жазылған еңбегіндегі деректерде оның Қазалы уезінің 2500 түтінді қамтыған 18 ауылдық әкімшіліктен тұратын Қалыңбас болысын 1888-1906 жылдар аралығында басқарғаны жайлы мағлұматтар берілген. Ол кезде болыстықтар рулық негізде құрылатын болғандықтан, Қарақұм өңірін жайлаған Қарасақал ауылдары да сол әкімшілікке қараған. Мұратбай болыс туралы ескіше сауаты бар, көкірек көзі ояу, ақыл-парасаты мол, ел-халқына жағымды болып, болыс сайлауларында жұрттан үнемі қолдау тауып отырған деп айтылады. Ол аса дәулетті болмаған, ешкімге өктемдік жасамаған, мәселелерді мәмілемен шешуге бейім, кедей-кепшікке қарастығы мол иманды адам болған деседі. Ел есінде Мұратбай болыс айтқан дейтін сөздер қалған, соның бірінде «Әйелге қамқор болмасаң, үй болмайсың, халқыңа сыйлы болмасаң, би болмайсың» дейді екен. Бұл мысалды келтіру себебіміз – отбасының татулығы мен берекесін сақтау, әйелге қандай көзқараста болу керегін уағыздаған ата-бабалардың даналық өсиетін қазіргі жастарға тәлім ету және Ғани сынды біртуар азаматтың қандай текті жерден шыққанын көрсету. Ғанидың анасының есімі – Бәтима, ері қайтыс болғаннан кейін ол жоғарыда келтірілген құжатта атап көрсетілгендей ұлы Ғани үшін бар қиындықтарға шыдап, үлкен қажыр-қайрат көрсетіп, ақыры дегеніне жетеді.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де Қарақұм өңірі біршама уақыт Қазалы ауданына қарап келгені белгілі. 1930 жылы «Қарақұм көтерілісіне» қатысушылардың өкімет алдына қойған жеті талабының бірі – Қарақұмды өз алдына дербес аудан етіп құру болғаны құжаттарда дәйектелген. Алайда жер жағдайын ескере келе, билік Қарақұм алабын жеке ауылдық кеңеске біріктіріп, Арал ауданына қаратады. Ғанидың Арал маңы Қарақұмының жерінде дүниеге келгенімен, оның ресми құжаттарда Қазалы ауданында деп көрсетілуі осы себептен болса керек.

Ал Мұратбай болыстың шыққан тегі жайлы айтар болсақ, белгілі шежіреші Т.Тілеуқабылдың деректері бойынша ол Әлімнің бір тармағы Қарасақалдың Шіңгірі ішіндегі Батаннан өрген Наймантай аталығынан тарайды. Наймантайдан Маябақ, одан Қожет. Қожеттің бес баласының бірі Мұратбай, Мұратбайдан  Ғани туады. Маябақтың Ермек деген баласынан туған Орысбай да заманында елге билік айтып би атанған адам, Мұратбай өлгеннен кейін болыстықты алады. Наймантай аталығынан тараған ұрпақтардың сол замандарда Қарақұм өңіріндегі Жыланды-Сәрке бойын жағалай Баршақұм, Тоқабай құмдарына іргелес жерлерде жаз айларында көшіп-қонып мекен еткенін айтатын еді үлкендер. Оған осы төңіректегі Қарасақал руының белгілі адамдары болған «Орысбай бидің бейіті», «Құлыстың қыстауы», «Бектастың жазығы», «Қаратаздың құмы», «Жандостың бұлағы», «Төртім батырдың қорымы» деп айтылып, әлі күнге дейін ел есінде сақталып келе жатқан жер-су атаулары дәлел бола алады.

Өмірден өткен Қарасақалдың көнекөз қарияларының айтуына қарағанда, Ғанидың кіндік қаны тамған туған топырағы – осы күнгі Арал қаласынан 50 шақырым жердегі Тоқабай елді мекенінің шығыс бетінде іргелес жатқан «Арғымақ төбенің» маңайы. 1986 жылы Жіңішкеқұм кеңшарының директоры Қоңырбай Рыстығұлов «Арғымақ төбеге» бөктерлес жатқан құмды бұйрат қойнауындағы «Қаракөз» деген су қайнары атқылаған нулы жерге жаңа баз салдырып, Ғаниға аталас туыс болып келетін Қожақ деген ақсақалға бір отар қой бағуды бекітіп берген-ді. Шежіре-тарихты жетік білетін зерделі басшының бұл шешімі Ғаниды еске алудың бір мүмкіндігі болған. Өйткені «Біздің ата-бабаларымыз көшпенді замандарда осы жерлерді қоныс еткен, Ғани да осы жерде туған еді» деп айтып отыратын. Ғанидың өмірі мен тағылымы жайлы мол хабардар, ел ағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ботабай Рыстығұлов да қоштайды.

Мен бұрынырақта Қарақұм кеңшарында  жұмыс істеп жүргенде Айтжан Мәмбетұлы деген нағашымның үйіне жиі соғып әңгімесін тыңдайтынмын. Айтекең жас кезінде Қазалыда білім алған, кейіннен ұзақ жылдар мұғалімдік қызмет атқарады. Мінезі майда, өткен-кеткен шежіре-тарихты тартымды айтатын, білімдар, зиялы адам еді. Өзінің Ғанимен жақын туыстығы бар, аққан жұлдыздай болып өткен біртуар тұлға жайлы қызықты әңгімелердің тиегін былайша ағытатыны есімде:

– Ғани менен екі-ақ жас үлкен еді. Соған қарамастан ол бізге анағұрлым салауатты, ересек адамдай көрінетін. Сол үйде жатып Қазалының бастауыш мектебіне оқуға бардым. Таңертең Ғани мені мектепке апарып тастап, әрі қарай жұмысына кетеді, мен өзім қайтатынмын. Үйде болатын кезі аз, сол кездегі буырқанған қала өмірінің қоғамдық жұмыстарына күн-түн демей белсене қатысып жүретіні ғана есімде. Орысша да, қазақша да сауатты, бұйра шашты, көздері от шашып тұрған сұлу өңді, жігерлі жасқа кім болса да сүйсіне қарайтын. Сонда кейін қарап отырсам 15-16 жасында-ақ Қазалы болыстық кеңесінің хатшылық жұмыстарын атқарып жүреді екен ғой. Көзге түсіп Ташкентке шақыртылып, қызметке ауысып кетті. Одан әрі көз емес, қиял жетпейтін деңгейге көтеріліп, өзінің жанқиярлығымен, ел-халқының болашағына деген риясыз еңбегінің арқасында шексіз абыройға бөленіп, атағы аспандап, артына өшпестей із қалдырды.

Айтжан ақсақалдың Ғани туралы айтқан кейбір әңгімелері «Қарақұм» кеңшарында ұзақ жыл жүргізуші болып зейнет демалысына шыққан баласы Келжанның да есінде сақталған екен. Соның бірінде Ғанидың елге келгенде ауыл ақсақалдарымен шүйіркелесе әңгімелескеніне куә болдым дейді екен. Бұл шамасы Ғанидың өмір дерегінде жазылғандай 1924 жылы болса керек. Науқасы меңдегенде Қазалыға келіп, қырда болып, қымыз ішіп біраз демалып өзіне келеді. Ғанидың өмірлік жары Бақытжан Құрманбайқызымен бас қосатыны да осы кез еді. Кейбіреулер оның үйлену тойының жоғарыда айтылған «Арғымақтөбе» жайлауында  болғанын айтатын. Сол уақыттың өзінде де Ғани қарап жатпай, қоныстандыру мәселелері бойынша ел аралап, қоғамдық жұмысқа араласып жүретін көрінеді.

Ал Тұрар Рысқұлов екеуінің Мәскеуге алғаш барған кезінде Лениннің оларды қабылдағаны жайлы әңгімесін ақсақал былайша баяндаған екен:

– Бұл – Т.Рысқұловтың Бүкілресейлік Совнарком төрағасының орынбасары, ал Ғанидың Ресей Коммунистік жастар одағы Орта Азия бюросының төрағалығына тағайындалған кезі. Қабылдауда пролетариат көсемі жиналғандарға қарап әуелі «Рысқұлов қайсың?» деп сұрайды. Сол кезде орнынан тұрған Тұрарға Ленин өзіне тән сыпайы мәнермен жақындап келіп қолын алады да, «Сіздің іскерлігіңіз бен беделіңіз туралы естідім. Түркістанда Кеңес өкіметін нығайту жолында көп жұмыс атқардыңыз. Ендігі жерде білім-білігіңізді орталықта пайдалануға ұйғарып отырмыз. Сіздің кейбір мәселелердегі  пікірлеріңізді өзгертіп, Ресейді мекен еткен барлық халықтардың мақсат-мүддесі үшін бағыттауыңызды қалаймыз!» дей келіп, ізет білдіріп қолын қысады. Сонан кейін оның жанында отырған Ғаниға күлімсірей қарап: «Сіздей жалындап тұрған жастар бізге аса қажет. Болашағыңыз үлкен. Жұмыста аса қызбалықтың да керегі жоқ» деп жанына келіп арқасынан қағып, қолынан алған екен. Сонда көсемнің жұмсақ алақанынан тараған жылу шуағының әсеріне таңғалған едім» деп отырады екен Ғани.

Бұл күндері кешегінің құймақұлақ қариялары келместің кемесіне ілесіп кетіп, қатары сиреп қалса да, олардың сөзін тыңдағандар кездеседі. Там-тұмдап естиміз кейбір жайларды. Солардың бірінде Қазалымен ауылы аралас, малы қоралас Аралдың атқа мінген белгілі азаматтарының да Ғаниға үлкен құрмет білдіргені жайлы әңгімелерді естіген едік. Ел ағасы Алданазар бастаған Аралдың игі жақсылары Сексеуіл станциясында Мәскеуге аттанып бара жатқан Ғанидың вагонына барып жолығыпты. Оң сапар тілеп, «сырт жерде жүрсіз ғой, қажетіңізге жаратарсыз» деп бағалы сыяпат ұсынған көрінеді. Сонда Ғани олардың бұл құрметіне рахмет айтып, бұндай сыйды жетім балалар үйіне аударту жөн екенін сыпайылап жеткізген көрінеді.

Әңгіме Ғани тағылымы жайлы болғаннан кейін өз архивімде сақталып, дерегі көп мәлім бола қоймаған Ғанидың мына бір фотобейнесін де қоса беруді жөн көрдім. Фотода 1921 жылы сәуірде Ғанидың ауылдық жерлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жіберілген студенттермен бірге бейнесі түсірілген. Бұл суретті маған қолтаңба жазып, сыйлаған Оспан Қашқынбаев деген кісі. Тегі – Қазалылық, руы – Жанқылыш. Кезінде Ғанидың қамқорлығын көріп, тәрбиесін алған. Ұзақ  жылдар сауда саласында  республикалық деңгейде жоғары қызметтер атқарып, дербес зейнеткерлікке шыққан. Оның ағасы Қашқынбаев Құдайберген – төңкеріс жылдарында Қазалыда сауда дүкендерін ұстап, қайырымдылығымен де танымал, белгілі адам. Кейін сталиндік репрессия құрбаны болған. Құдайбергеннің үлкен баласы Смағұл менің апам Алтыншашқа үйленген. Екеуі де Арал ауданында көп жылдар ұстаздық қызмет атқарып абырой биігінен көрінді. Ал бір қызы – Нағима белгілі химик-ғалым, профессор, бұл күндері Алматы қаласында тұрады.

Әкем мені 1966 жылы Алматыға оқуға апарғанда біраз күн Оспанның үйінде болдық, құдандалы-жекжаттығымен қатар құрдастығы да бар екеуі өткен-кеткенді айтып, көп әңгімелескен еді. Сол әңгімелерде Ғани туралы да талай сырлардың беті ашылған-ды. Ташкенттің жайдақ базарында шұбырып, тентіреп жүрген өзі сияқты жетім балаларды қолынан жетектеп интернатқа орналастырып оқуға тартқанын, жағдай жасап адам болуына септігін тигізгенін, соның бірі мен едім деп  айтқаны бар. Ғанидың сөзіне үлкен де, кіші де құлақ асатын, өте беделді болатын, кішіпейіл де шыншыл еді. Бір-жар ай оқып білім алғасын ауыл-ауылдарды аралатып, үгіт-насихат жұмыстарына жұмсаған еді. Бұл сол кезде 1921 жылы 15 сәуірде түсірілген сурет болатын деді. Өкінішке қарай жастық, албырттықпен мән бермей көп әңгімелері есімде қалмапты. Суреттің сыртына ондағы адамдардың аты-жөні жайлы ақсақал өз қолымен жазып берген еді. Олар, ортаңғы қатарда (солдан оңға қарай) Бегалы Мадалиев, Ибрай Тажиев, Ғани Мұратбаев, Абулкаир Кайпов, Осман Қашқынбаев, жоғарғы қатарда Осман Саймурзин, Асқар Байкенов, Елеусіз Рыспанбетов, Х.Сапаров, Алматаев, төменгі қатарда Жұмағали Елеусізов, Салим Сайдузов. Мүмкін ғанитанушылар тарапынан осы айтылған деректер назарға алынар.

Ғани – бір өңірге ғана емес, барша қазаққа, бүкіл Алаш жұртына мақтаныш етер ұлы тұлға. Бүгінгі тәуелсіздігімізге жетер жолдағы күрес тарихында өзінің өшпес ізін қалдырған оның есімі келер ұрпақтар есінде де мәңгі жасай берері сөзсіз.

Қуат ҮРГЕНІШБАЙ

ардагер ұстаз, өлкетанушы қаламгер.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<