Мұзда жанған алау

663

0

Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың мақсаты бейбіт шеру ұйымдастырып, өздерінің талап-тілектерін басшылыққа жеткізу болатын. Кеңес билігі қазақ жастарының қарсылығын күшпен басып-жаншыды.

Бүгінгі әңгіме қаламыздағы №176 орта мектептің мұғалімі, аяулы жар, ардақты ана, бірнеше немеренің әжесі, желтоқсаншы Бақытгүл Таекеева жөнінде болмақ. Осыдан 36 жыл бұрын бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірген, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастауы болған әйгілі оқиға кезінде басынан өткенін былай әңгімеледі:

«1986 жылдың желтоқсанында мен Қазақ ұлттық қыздар педогогикалық институты филология факультетінің 5-курс студенті едім. Группада старостамын. Бір-екі күн бұрын студенттер арасында «Біздің елді неліктен басқа ұлттың өкілі Колбин деген басқарады?» деген наразы әңгімелер тарады. 16 желтоқсан күні түске таяу философия сабағын өтіп жатқан едік. Шамамен сағат ондарда даладағы дауысты ести салып, бәріміз терезеге ұмтылдық. Қарасақ, Гоголь көшесінің бойында шерумен студент жастар келе жатыр екен. Олар «Қазақ болсаңдар, шығыңдар!» деп ұрандаумен болды. Біз де шықпаққа ниеттенгеніміз сол еді, сабақ беріп жатқан апайымыз (еврей ұлтынан) «ұстамаймын, бара беріңдер» деді. Группада 25 қыздың арасынан алтауымыз шеруге қосылып, ескі алаңға беттедік.

Ол жерге бүкіл студенттер жиналып, жаңа алаңға барамыз деп шешті (өйткені Үкімет үйі сонда болатын). Жаңа алаңға студенттерден басқа зейнеткерлер, жұмыс уақыты аяқталған жұмысшылар, оқушылар да жиналды. Сондағы ойымыз Үкімет басындағыларға елдің наразылығын білдіріп, бірнеше сұраққа жауап алу еді. Белсенділер кезек-кезек мінберге шығып, ішіндегілерін ашына жеткізіп жатты. Ұрандатып, елді батыл әрекеттерге үндеп, шақырушылар да жетерлік. Бірақ мінберге шыққан адамдарды әскер мен милиция күштеп алып кетумен болды. Студенттердің атынан Қайрат мінберге шығып, наразылық білдірген еді. Оны да күштеп алып кетті. Осылай жүргенімізде, кештің қалай батқанын білмей қалыппыз. Әлі есімде, сол кезде Үкімет үйін үш шеңбер қоршап, қорғап тұрды. Сыртқы шеңбер қалқан, каска, шоқпармен қаруланған әскери жасақ, екінші шеңбер милиция жасағы, үшінші шеңбер Үкімет үйінің қызметкерлері болуы керек.

Қызметкерлер халыққа «Қайтыңдар!» деп ескерту жасады. Бірақ ескертуге құлақ аспай, беріле қоймағасын тәртіп сақшылары қараңғы батқанда өрт сөндіруші көліктермен келіп, адамдарға су шашып тарқатқысы келді. Бірақ ашынған халықты бұлай да тарқата алмады. Міне, осыдан соң халық пен милиция арасында тартыс басталды. Бір мезгілде, сағат түнгі он бірлердің шамасы болуы керек, әскери жасақ қарусыз жастарға лап қойды. Олардың ұл-қызына қарамай, шаштарынан сүйреп, резеңке шоқпармен қуалай сабап, ұсталғандарын тепкілеп алып кетіп жатты. Әскер халықты овчарка итке де талатты. Кетіп үлгергені бой тасалады да, құлағандарды көлікке салып әкете берді. Мен қасымдағы қыздармен Шолпан деген құрбымның ағасының үйіне қаша жөнелдік. Ол кісі елге танымал ақын Нұртас Исабаев ағамыз еді. Сол алаңның қасында бес қабатты үйде тұратын. Ызғарлы түні бәріміз сол кісінің үйіне түнеп шықтық.

Ертеңіне жатақханаға келгенде куратормыз Светлана Нұрманова: «Тез кетіңдер бұл жерден, сендерді жоқ деп белгілеп қойды. Басқа жақта қонақта болдық деп айтыңдар. Алаңға барғандарыңды мойындамаңдар. Мойындасаңдар менің де, сендердің де бастарың кетеді» деді. Осыдан кейін біз қала сыртындағы құрбымыздың үйінде екі күн жасырынып отырдық. Сабаққа қосылған күннен бастап тергеу басталды. КГБ барынша тергеді. «Қайда болдың? Қандай отбасында өстің? Туған жерің қай жақ? Орыс өкілдеріне көзқарасың қандай? Орыстармен жанжалдасқан кезің болды ма? Орыс ұлтымен татусың ба?» деп сұрақтың астына алды. Қысылып, қымтырылсақ та, ауылдағы ата-ананы ойлап, солардың ыңғайына қарай жауап бердік. Себебі бұл кезде олар көтерілісті басып үлгерген еді.

Бұл оқиғадан соң сабағыма қатысты біраз қиыншылық болды. Екі күн жатақханада болмағанымыз үшін ғылыми кеңесте ісіміз қаралып, мені старосталығымнан босатты. «Қызыл дипломға» келе жатқанмын, одан да шалындым. Коммунистік партияға өтпек едім ол да болмады. Қаншама уақыт тергеуде жүрдік. Бізбен аңдысып отыратын. Сыртқа шықсақ, қайда барғанымыз міндетті түрде сұралатын. Студенттер арасында бізге жаман көзқараспен қараушылар көбейді. Себебі радиодан: «елде бұзақылар мен алқаштар көтеріліс жасады» деген жалған хабар тарады.

Жалпы көп жыл бойы Желтоқсан оқиғасына қатысқанымды жасырып жүрдім. Өйткені ол уақытта адамдардың көзқарасы басқаша болатын. Анам да басыма қауіп төнбес үшін, мұны жасыруымды сұрады. Елге келгесін мұғалім болып мектепке жұмысқа тұрдым. Бүгінде сол бір ызғарлы, қасіретті оқиғаға 36 жыл толып отыр. Тәуелсіздік алғалы бастан өткергенімді оқушыларыма айтып, сол кездегі жастардың патриоттығын насихаттап келемін. Бұл тәуелсіздігіміздің алғышарты іспеттес айтулы күн ғой. Ал мен бұл күнді мереке дей алмаймын. Жанымды сыздатқан күнді ойласам, көзіме жас келеді де тұрады» деп кейіпкеріміз сөзін түйіндеді.

Желтоқсанның мұзға жанған алауы қанша ғасыр өтсе де, қазақтың жадында сақталары анық. Өйткені дәл осы бас көтеру егемендік үшін күрес жүргізген қазақты тәуелсіздікке бастады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<