Қарамолда әулие

258

0

Өткен ғасырдың 80-жылдары болатын. Жарты әлемді билеген Кеңес өкіметінің дүрілдеп тұрған шағы. Ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарда қоймашы болып жұмыс істейтін едім. Көктем мезгілі. Совхоз директоры Шынтас Жалғасбаев Қарақұм беткейінде орналасқан қой қырқым пунктін және шопанның тұрғын үйі мен қора-жайын жөндеуден өткізетін құрылысшылар бригадасын бастап баруымды тапсырды.

Жекен Мусаев есімді ағамыздың «МТЗ-80» маркалы тракторының тіркемесіне мініп, жолға шықтық. Бас-аяғы он шақты күнде совхоз директорының тапсырмасын тап-тұйнақтай қылып орындап, ауылға бет алдық. Жол-жөнекей шағыл құм ішіндегі жалғыз үйге аялдадық. Осы үйде атақты Қарамолда әулие тұратынын білеміз, бала кезімізден даңқына қанығып өскендіктен дидарын көріп, қолын алуға асықтық. Жарықтық өте жылы жүзді адам екен. Біздің имене ұсынған қолымызды ілтипатпен алып, дастарқан басына шақырды. Тракторист Жекен ағамыздың белгілі зергер Мусаның ұлы екенін естігенде әкесінің хал-жағдайын сұрап, ілтипат білдірді. Шай үстінде молда атаның жүзіне ұрлана қарап отырдық. Сол кездесу арада қаншама жылдар өтсе де санамда әлі сайрап тұр.

Менің Мақсым Майлыбаев есімді кластасым бар. Мектеп қабырғасында жүргенде сабаққа үлгерімі де өте жақсы болды. Мінезі салмақты, жалғандықты жаны сүймейтін адал азамат. Қара күшке де мығым, өздігінен ешкімге соқтықпайтын, намысына тисе ешкімге есесін жібермейтін мәрт мінезді досымды танитындар ерекше бағалайды. Бала кеземізде біздің ауылдағы Күлжан ақсақалдың ұлы Өтеу көкеміздің үйіне жиі келуші еді. Сол Мақсым досымның Қарамолда әулиенің немересі екенін білетінмін.

Жақында Мақсым досыма қоңырау шалып, әулие атасы туралы дерек сұрадым. Құрдасым көңілімді қалдырмады. Енді көпшілік назарына сол деректерді ұсынып отырмын. Мақсым өзінің жазбасын ата-тегі туралы шежіреден сыр шертетін деректен бастапты:

– Мөңке атамыздан 3 ұл туады: Майлыбай, Қалдыбай, Сайын. Майлыбайдан Ермағамбет, Баймағамбет. Қалдыбайдан Әлмұхаммед (Қарамолда). Сайыннан ұрпақ жоқ.

Ермағамбет пен Алмағамбет екеуі қатар туады. Алмағамбет атамыздың шешесі көп ұзамай қайтыс болады. Майлыбай атамыздың кемпірі Оралша әжеміз екеуін егіз қылып емізеді. Үлкендердің әңгімесінде Әлмұхаммед атамыз 1892 жылы дүниеге келген. 1917 жылғы революцияның о жақ бұ жағында (қазір дәл уақыты белгісіз) Бұқарадағы «Көкілташ» медресесін бітіріп келіп, ауылда молдалық жасайды. Сөйтіп жүргенде Кекіл деген әжемізді алады. Бір күні Кекіл әжеміздің жеңгелері күйеу баласын көруге және сынамақшы болып үйіне келеді. Сол кезде атамыз есік алдында жатқан кебісті дәу бақа қылып көрсетеді. Мұнан соң жеңгелері бұлайша ойнамайтын болады.

Молдаларды қыспаққа алған заманда Қарамолда атамыз Дауылкөл маңында Ленин колхозының жылқысын бағып, «Ақирек», «Қарақуысты» мекендеген. Соғыстан кейін «Қарақұм», кейін «Жетім шағыл» деген жерде қоныстанған.

Әлі есімде, 6-7 сынып оқып жүргенімде Жақсылық ағама еріп атамның ауылына барғанмын. Бір көргенім түскі ас ішкенде дастарқанда шыбын көп болатын. Бәрі дастарқан басынан тұрып кетісімен мен ауылдағы әдетіммен шыбынұрғыш істеп алып, қараша үйдегі шыбынды ұра бастадым. Осы мезетте Бибі әжем «Атаң көрсе, ұрысады» деп шыбын ұрғышымды тығып тастады. Сөйтсем ол кісі тіршілік иесінің біріне тиіспейді екен. Есейген кезімде көп адам атамды арнайы іздеп барып дертіне ем алғанын көрдім. Ол туралы ел арасында көп әңгіме бар. Мен өзімнің көрген-естігенімді жаздым. Атамыз дүниеден қайтқан соң қасиетті орында ұзақ жыл бойы Жақсылық ағамыз отырды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Жәкең де дүниеден өтті. Орнында Айжамал жеңгем және ұл-келіндері бар, – дейді Мақсым.

Біздің қолымыздағы деректе Әлмұхаммед (Қарамолда) Қалдыбайұлы Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде тәжіктің атақты ғұламасы Садриддин Айни, белгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен бірге оқығаны айтылған.

Ал төменде келтірілген мәлімет Қарамолда әулиенің кереметінен сыр шертеді.

Одан ем алуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан адамдар жиі келетінге ұқсайды. Тіпті болгариялық көріпкел Ванганың «Қазақстанда, құмның арасында бір қария кісі тұрады. Науқастарыңның емі сол кісіден» деген нұсқауымен шетелден келген сырқаттардың құлан-таза айығып кеткені әлі күнге ел ішінде айтылып жүр. Қарамолда атамыз балаларды пышақсыз сүндеттейтін болған.

Шәкен ауылының тұрғыны Амантай Сейталиев – осы елді мекендегі игі істерді ұйымдастырушылардың бірі. Мұнан бірнеше жыл бұрын Амантай өзге де ел ағаларының бастамасымен, молда ата ұрпақтары және халықтың демеушілігімен Шәкен ауылынан еңселі мешіт салынды. Алланың жердегі үйіне әулие, ғұлама Әлмұхаммед Қалдыбайұлының есімі берілді. Бұл абыз бабаға деген өзі барша ғұмырын арнаған ел-халқының шексіз құрметі болатын. «Халық – Құдайдың бір аты» деп тегін айтылмаса керек.

Халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік дүниеге аттанғаннан кейін де ел-жұртына шарапатын тигізіп жатқан әулие бабамызға Қазалы ауданы орталығынан көше атауы берілсе дұрыс болар еді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<