Сүйінбике патшайым (әдеби сипаттама)

1574

0

1. Дегдар

Ұйыстырған Қазанның жамағатын,

Биік өре, ақылың,  парасатың.

Тұраннан бастау алған ұлы жолдар,

Тарихыңның шоқтығы саналатын.

Едіге би түп атаң Ұлытауда,

Ұлы дала рухың, ұлағатың.

Атажұрттан бапталған жорықтарға,

Ай тұяқты арғымақ-қазанатың.

Түркінің ұлы көші қоныс тепкен,

«Еділ-Бұлғар»1 бір тінің, жұрағатың.

Өз әкең Жүсіп мырза Сарайшықта,

Әскербасы, беделді би болатын.

Күрдері – Көктеңізден2 көшін түзеп,

Көрігінде жаныған шар-болатын.

Жыраулар дерегінде мырза-биім,

Көктеп өткен Торғайдың ой-қолатын3.

Қыпшақтың қаны тасып тамырыңда,

Ұлылардан жаралған дегдар-затың.

Сүйінбике патшайым арқалаған,

Алтын орда, арғы тек аманатын.

2. Тағдыр

Бекзат болмыс, хас сұлу жамалына,

Көз тіккен ғашық көп-ті саналыда.

Ноғайлы мүддесі үшін әке ұйғарып,

Ұзатқан Қазан ханы Жан-Алыға4.

Қыршындай ажал құшты алғашқы жар,

Қан бөктеріп қылышы қынабына.

Жас жесір қалауымен некелесті,

Сафагерей5 отырып хан тағына.

Гирейлер әулетінен – тұтқа тұқым,

Бұлт сүрініп, жел тұрған қаhарына.

Қылыш жүзді билікте сүйеу болды,

Патшайым ақылы сай ажарына.

Бағы-соры, таланты бірге өрілген,

Сан тараулы хандықтың сапарына.

Бір-бірін жақсы көрген ерлі-зайып,

Нысан болған саясат қармағына.

Шүберекке түйсе де әзиз жанын,

Мұрагер ұл сыйлады хан-жарына.

Ханы қаза болғанда қапияда,

Ел басқару таңылды тағдырына.

Қазанды жаулап алған Қаhарлы Иван6,

Билік құрды ханбике шаhарына.

Сезім билеп, шоқ түсіп жүрегіне,

Жетеленді нәпсінің аралына.

Айла асырып, шарт қойды текті сұлу,

Көңілі бар князъдің сауалына:

– «Тегім дала, ғашықпын мұнарына,

Алтын ордам шың берді шынарына,

Ноғайлы туын тіккен Қазанымның,

Айналсам деген едім тұмарына.

Жеті қабат мұнара тұрғызыңыз,

Серіктесер таулардың асқарына».

Иван князъ құлшынып іс бастады,

Жадырап, жаhан сыйып жанарына.

Жеті-ақ күнде бітірді мұнараны,

Қарақұрым қол келіп хабарына.

Бірақ, ханым бас тартты қосылудан,

Таңылса да қасірет қазығына.

Көкірегін кер кептеп ашуланды,

«Елін қыр», – деп қарулы жасағына.

Үш жастағы ханзада Өтемісті,

Шоқындырды араға қағып сына.

Тегін теліп, сүйекке таңба салды,

Себеп болып ұлының ажалына.

Өзін әкеп Мәскеуге әмеңгер деп,

Некеледі орысқұл Шах-Алыға7.

Қырыққа да толмаған асыл ару,

Жаны күйіп, айналды азалыға.

Ақыр демі үзіліп Хан-Керманда8,

Қандастардың қосылды қауымына.

Кіндігі атажұрты Сарайшықта,

Ту тігіп, өріс болған Алашына.

Сүйегі мәңгілікке қоныстанды,

Еділдегі Оканың жағасына.

Ұлылар жатыр онда, тегі қыпшақ,

Үндестірген даласын жаhанына.

Жалайыр Қадырғали9, Ораз-Мұхамед10,

Билік еткен «Қасымов»11 хандығына.

Александр12 –  Өтеміс Мәскеудегі,

Жерленді Архангельдің соборына.

Тарих таңбалады ұлы істерін,

Жасап кеткен ұлтына, ұлысына.

Қасиетін, кемелін рухы жебеп,

Айналдырды аспанның адамына …

3. Ахмар13 айым

Жер айналып, ұзатар аспан айын,

Сұлу мезет таңсәрі – қорлығайын.

Жұлдызды жамыратып қою түннен,

Серіктесер Шолпанға – Ахмар айым.

Қызыл шапақ кірігіп кірпішіне

Мұнарадан нұрланар – Ахмар айым.

Жұлдыздар шоғырымен қанаттасып,

Ғарыштан белгі берер – Ахмар айым.

Өмірде: ару, бике, ханым болсаң,

Уақыт әйгіледі әлемге – Айым.

Керуен-тарих көшінен қомы аумаған,

Заманның дүр тұлғасы – Патша айым.

Үркер батып-шығатын қызыл  сызық –

Көкжиек қырындағы – Шоқтай айым.

Күншығыс алқымында қызыл алау,

Күнбатыс жалқында – Қызыл айым.

Хас шеберлер құраған «қызыл құрақ»,

Ғасырдың құпиясы – «қиямет-қайым».

Қызыл түстер үндескен ескерткіштің,

Іргетасы жез, емен, безді қайың.

Жеті қабат сатыға теңегендей,

Жеті көк, жеті жұртын Сүйін айым.

Қағанағын нұр жуған дала төлі,

Хаса сұлу, хас жүйрік – Құралайым.

Махфуздағы14 жазмышың Тәңірге аян,

Ал, ұрпаққа алаусың – Ахмар айым.

Рухың Сайерада15 сапарлайды,

Ажырамай тегінен Аспан айым?!

4. Мұнара мұңы

Шығысқа жантайғаны мұнараңның,

Сағыныш тартылысы түп анаңның.

Қайыстырып тұрғандай қабырғасын,

«Табан ет, маңдай тері» мың адамның.

Іркіп-тартқан бәлкім ол, ғайып көзі –

Жер кіндігі саналған Сарыарқаңның.

Қызыл кірпіш бейуақ сұрланады,

Аптабын аспан керсе боз далаңның.

Осьінен бұрылуы құрылыстың,

Наласы, әлде мысы мүбадаңның?

Іргеңде сүйек тасып, пір аунаса,

Аруақ мейман-досы таңғы «Азанның».

«Құл-Шәриф»16 мінәжатпен мұң жуады,

Тілегін қабыл етіп мұсылманның.

Қарт Қазан, киелі жұрт, Еділ-Кама,

Куәгері ақ сапар, жаназаңның.

Шық шылап, мөлдіреген бұрыштарда,

Тамшысы бар Ақжайық, Сыр17 анаңның.

Тарих теңін көтерген қара нардай,

Айбаты, сыны бөлек «тұр- қараңның».

Ата дәстүр, асыл салт – қазынамнан,

Төркін сыйын тартамын дүрданамның.

Жүрегімнен  туылған зерде жырым,

Бір парасы «Үлпершек»18 сыбағаңның.

5. Үлпершек

Көңілге түйіп, көзге ілген,

Сағыныш табын білдірген,

Қазақта бекзат дәстүр бар,

Сыбаға берген үлбірмен.

«Үлпершек» деп ат қойып,

Жүректің қабын үргізген,

Жылқының жылы-жұмсағын,

Ішіне салып бүргізген.

Төркіннен сыйлы сыбаға,

Қыздарға арнап бергізген.

Үкілеген қыздарын

Сәукеле киген шағында

«Үлпершек келді» дегізген.

Жадының жібін жалғатқан,

Ата дәстүр, соны ізбен.

Жүрегінің кеңдігі,

Өлшенген дала, теңізбен.

Ұлдарға – енші, қыздарға –

Сияпат-сыйы егізден.

Асылдан жыйып жиhазын,

«Шаңырақ-түйе»19 мінгізген.

Қайран бабам, ұрпаққа,

Жол салған, ағла20 – негізден.

Жоралғы, нышан, жөн берген,

Қасиетпен халқым, егіз бе ең?!

Даража Балапан,

                                 заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері

Түсініктеме:

1. «Еділ-Бұлғар» – Еділ бұлғарлары, Х-ХIII ғасырдағы Повольже, Кама өзені бойындағы мемлекет.

2. «Күрдері-Көктеңіз» – Арал теңізінің ескі атауларының бірі.

3. «Торғай қолаты» – Мұғалжар мен Сарыарқа аралығындағы тектоникалық ойпат (қолтық,аңғар).

4.«Жан-Алы» – Джан-Али хан, шейх Аулияр сұлтан ұлы,  Қазан ханы (1532-35 ж.ж.).

5. «Сафагерей» – Сафа Гирей, Гирейлер әулетінен шыққан Қырым ханы, 3 мәрте Қазан ханы (1524-31, 1536-46, 1546-49 ж.ж.)

6. «Қаhарлы Иван» – Иван Грозный, Мәскеудің ұлы князі, бүкіл Русь князі.

7. «Шах-Алы» – Шах-Али хан (орыс құжаттарында Шигалей), шейх Аулияр сұлтан ұлы,  Қазан ханы (1519-21, 1546, 1551-1552 ж.ж.).

8. «Хан-Керман» – Қасым хандығының татарша атауы.

9. «Жалайыр Қадырғали» – Қадырғали Жалаири, Қадыр Әлі Қосымұлы, би, «Қасымов» хандығында бас уәзірлік қызмет атқарған, Русь елінде «Джами ат-Таварих» – «Жылнамалар жинағын» жазған шежіреші ғалым.

10. «Ораз-Мұхамед» – Ораз Мұхаммед Ондан сұлтанұлы, Шығай хан немересі, 1573-1610ж.ж. Қасым хандығын билеген қазақ ханзадасы.

11. «Қасымов» – Мәскеу патшасының бодандығында болған, Алтын Орда ханы, Қазан хандығының негізін қалаған Ұлық-Мұхаммедұлы Қасым сұлтан билеген  мемлекеттік бірлестік.

12. «Александр» –  Өтеміс, Русь князі еріксіз шоқындырған Утямыш – Гирей  Сафагиреевич.

13. «Ахмар» – қызыл түс (араб.).

14. «Махфуз» – Ләухул – Махфуз, Алла тағаланың үкімімен жазылған тағдыр кітабы.

15. «Сайера» – Планета,«Жеті сапар» (араб.)

16. «Құл-Шәриф» – Қазан қаласында орналасқан, Татарстандағы ең ірі мешіт.

17. «Сыр» – Сырдария өзені.

18. «Үлпершек» – қазақ дәстүріндегі төркін жұрттан қыздарға арнайы дайындалып жіберетін сыбаға. Ол, жылқының сылынған жүрек қабына жал,жая, қазы туралып, аузын бүріп беретін сыбаға.

19. «Шаңырақ түйе» – дәстүр, ұзатылып бара жатқан қыздың жасауын артқан салтанатты көш тізбегінің алдында жүретін, тек шаңырақ артылған түйе.

20. «Ағла» – аса ұлы, ең зор (араб.).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<