Тәуелсіздік философиясы

1655

0

Әлемде өзінің Тәуелсіздік күнін белгілемеген мемлекет жоқ. Олардың бәрі мерекені белгілі бір тарихи оқиғаларға байланысты ерекше атап етеді. Араларында ұлттық әрі мемлекеттік мерекелерінің ара-жігі ажыратылған елдер де бар. Мәселен, Ұлыбритания, Марокко, Сауд Арабиясы, Оман сұлтанаты, Тайланд іспетті елдер өз корольдерінің туған күні мен мемлекеттің құрылған күнін ұлттық мереке ретінде атап өтеді.

Жер жаһанда тәуелсіздігін жариялаған 200-ге жуық елге бірқыдыру шолу жасағанымызда түрлі мәліметтерге тап болдық. Олардың 90 %-і Тәуелсіздік күнін нақты атауымен тойласа, қалған 10%-і – «Республика күні», «Ұлт күні», «Ұлттық қайта өрлеу күні», «Ұлттық көтеріліс күні», «Тәуелсіздікті қайта құру күні» мерекесі ретінде атап өтеді екен.

Жер бетінде «Республика күнін» ең ұзақ тойлап келе жатқан ел – Сан-Марино Республикасы. Бұл мереке 301 жылғы 3 қыркүйектен аталып келеді. Ал, өз тәуелсіздігін ұзақ тойлап келе жатқан ел – Америка Құрама Штаттары. АҚШ тәуелсіздік мерекесін 1776 жылғы 4 шілдесінен мерекелеп келеді екен.

Күні кеше бір лагерьде болған Белорусь Республикасы «Тәуелсіздік мерекесі» мен «Республика күнін» бір айда (шілде) атап өтсе, Латвия Республикасы «Республиканың құрылған күні» (1918) және «Тәуелсіздік Декларациясын жариялаған күн» (1990) мерекесін, Әзірбайжан Республикасы «Ұлттық қайта өрлеу» (1918) және «Мемлекеттік Тәуелсіздік күні» (1990) мерекесін мемлекеттік тұрғыда тойлайды.

Әзірбайжан халқы «Ұлттық қайта өрлеу күнін» ерекше көңіл-күймен тойлайды. Одан басқа мемлекеттік мерекелердің бірі ретінде жыл сайын 15 маусымда «Әзірбайжан халқын құтқару күні» аталып өтіледі. Ал, жылдың соңғы күнінде «Жер жүзіндегі әзірбайжандардың ынтымақ күні» мерекеленеді. Ал, Грузия халқы «Тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру» мерекесі ретінде атап өтеді. Көріп отырғандарыңыздай, кешегі кеңестің шекпенінен шыкқан посткеңестік елдер сияқты грузиндер де Тәуелсіздік күнін емес, Мемлекет тәуелсіздігінің жаңғыру күнін атап өтеді. Демек, грузин халқы үшін Кеңес боданынан босанып шыққан күн – алғашқы тәуелсіздік күні емес. Германия «Германияның бірлесу күнін» ұлттық мереке ретінде тойласа, Ресей Федерациясы бұл айтулы күнді 2002 жылдан «Ресей күні» ретінде ресми түрде тойлайды. Міне, бұл мерекелердің бәрінің мағынасы бір десек, үлкен қателіктерге ұрынар едік.

Бүгінде тәуелсіздік пен тәуелділік адамзат таразысының екі басында әлі теңселіп тұр. Өткен ғасырдың 60-жылдары Латын Америкасындағы елдер азаттық деп ұран салып жатқанда, Африка құрлығы елдері ұйқысынан енді көзін тырнап ашып жатқан-ды. Араға 20 жыл салып, Балкан түбегіндегі бір елдің кірпішінің үгітілуінен әлемнің саяси картасынан бірнеше ел ту көтеріп шыға келді. Ғасыр соңында әлем картасы КСРО-дан бөлініп, өз Тәуелсіздігін жариялаған 15 елді бауырына алды. Бұл елдер өзгелерден озық шықты. Батыстың басқа елдермен тәуелсіздік тілінде сөйлеспеймін деген пиғылының бет пердесін сыпырып тастап, бір қатарға отырып, мәміле кұруға иліктірді. Оған куә – Қазақстан астанасында өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және  ынтымақтастық  саммиті.

XXI ғасырда тәуелсіздік мәселесі әлемнің әр шалғайында тағы да өткір қойыла бастады. Бұған қоғамдық формациялар ауысқан тұста көптен күткен саяси бостандыққа ие болғысы келетін елдер айрықша алаңдауда. Қазір әлемде өз тәуелсіздігін жариялаған, бірақ халықаралық қауымдастық тарапынан танылмаған 30 шақты ел бар. Олар өз тәуелсіздігін қорғауға бел шешіп кірісіп отыр. Сөйтіп, тәуелсіздік идеясы көптеген ұлттың аңсаған арманы мен мұратына айналуда. Егер XX ғасырдың екінші жартысында ондаған ұлттық мемлекет пайда болса, демократия берік орнады деген Еуропада валлон, баск, шотландық, фламен, каталондықтар тәуелсіздік үшін жанын салып күресуде. Тайталасқан күрестен соң, Косово өз тәуелсіздігін жариялады.

Тарихта өз тәуелсіздігін берік ұстап тұра алмаған, бірақ кейін оны орасан зор қырғынмен қайта орнықтырған елдер де бар. Мысалы, әлемдегі ең дамыған елдердің бірі Португалия 1580 жылы Испаниямен билік әулетінің жақындасуының әсерінен тәуелсіздігінен айырылып қалды. Испания королі Филипп II Португалия тәжінің иегері саналып, 88 жыл әулетімен билік кұрған. Осы жылдар ішінде халқы  құлдыққа ұшырап, біршама азайған. 300 мың адам сыртқа кетіп, капиталдың сыртқа ағылуына әсер еткен. Күштеп мәжбүрлеу арқылы басқа дінді қабылдаған. Мадридтің сарай билігіне қарсы көтеріліске шыққан португалдықтар 1640 жылы жалпыхалықтық ереуілге шығып, испандықтарды қуып шыққанмен, өз тәуелсіздігін алу жолында 28 жыл бойы қарулы қарсылық білдірген.

Адамзат баласы жаратылғаннан бері бірі – бағынышты болуға, екіншісі – үстемдік етуге бейім тұрған. Өз тәуелсіздігін жариялаған Португалия күшіне мінгесін, айналасындағы әлсіз елдерді жаппай жаулауға кіріскен. Экономикалық өзара тәуелділіктің түптің түбінде саяси-ұлттық тәуелсіздіктен басым түсетіндігі жайлы теориялық пайымдар сол кездің өзінде көрініс беріп қалған.

ХVІІІ ғасырдың басында Португалия Бразилияны «бауырына басып» колониалдық дәуірін өткізген. 1808 жылы Наполеонның Португалияға қарсы басқыншылық соғысының соңы 1815 жылы Бразилияны колониалдық статусынан айырып тынған. 1822 жылы Бразилия өз тәуелсіздігін жариялаған.

Панама өз тәуелсіздігін 3 рет жариялап, бұл күнді атап өтуде рекордсмен болып отыр. Бір тудың астында екі рет бас иіп, Колумбиядан екі рет тәуелсіздігін алған Панама үшінші рет Испанияның илеуінде болған. Ұзақ уақыттар бойы жүргізген партизандық соғыс  ақыры Панаманың тәуелсіздік алуымен аяқталған.

Тәуелсіз мемлекет өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші және қатер төндіруші күштердің арасалмағы мен тепе-теңдігіне қарай күн кешеді. Сондықтан, кей елдер өз тәуелсіздігін қауіп-қатер мен мүмкіндіктерін дұрыс бағалау арқылы сақтай алған.

Түрік халқының тәуелсіздік жолындағы күресі оңай болған емес. Осман мемлекеті бөлшектеніп, айнала анталаған жаудың ортасында бір уыс болып түрік жұрты қалғанда оның тәуелсіздігі қыл үстінде тұрды. Мұндай жағдайда жалғыз ғана жол бар еді. Ол – ұлттық билікке сүйенген, тәуелсіз, жаңа түрік мемлекетін құру болатын. Бұл жолда Түрік Республикасын құрушы Мұстафа Кемал Ататүрік ештеңеден аянбады. Ататүрік өзінің: «Не тәуелсіздік, не өлім» атты еңбегінде былайша ой түзеді: «Негізгі принцип – түрік ұлтының абыройлы ұлт ретінде өмір сүруі. Бұл принцип тек тәуелсіздікке қол жеткенде ғана жүзеге асуы мүмкін. Қаншалықты бай және қаншалықты молшылықта өмір сүргенмен, тәуелсіздігі жоқ ұлт өркениетті әлемде бәрібір отар елден артық саналмайды.

Шет мемлекеттердің көмегі мен қолдауына сүйену адамдық сипаттардан жұрдай, кедейшілік, әлсіздік және мүсәпірлікті мойындаудан басқа ештеңені білдірмейді. Шындығында да, мұншалық төмен деңгейге түспегендердің өздеріне басшы етіп шетел азаматын тағайындауына жол бермеу керек. Алайда, түрік халқының ар-намысы мен абыройы және қабілеті өте жоғары. Мұндай ұлттың құл болғанша жоқ болғаны жақсы…

Олай болса, не тәуелсіздік, не өлім!».

Міне, нағыз азаттықты аңсағандардың ұраны осы  болса керек. Бір сәт осы шешімдерді жүзеге асыруда жеңіліске ұшырадық дейік. Не болар еді? Құлдық! Жақсы, сол бір шешімдерді мақұлдасақ, осындай нәтиже шықпас па еді?

Тәуелсіздік үшін өлімге бел буған ұлт адамзаттық ар-ожданы үшін барынша жанқиярлық істер жасағанда ғана жұбаныш табады және оған деген дос-дұшпанның көзқарасы мойнына құлдық қамытын киген бейшара, намыссыз ұлтқа қарағанда басқаша болады. Міне, айырма осында.

Ал, Осман хандығы мен сұлтандығын сақтап қалуға тырысу, әрине, түрік ұлтына қарсы ең үлкен қастандық болар еді. Өйткені, ұлт қаншалықты жанқиярлықпен тәуелсіздікке қол жеткізсе де, сұлтандық билік жалғасқан жағдайда бұл тәуелсіздікті толық сезіне алмайды. Отаны мен ұлтына ешқандай жаны ашымайтын бір топ есерсоқтың мемлекет пен ұлт тәуелсіздігінің және ар-намысының қорғанышы болып отыруына қалайша көз жұмып қарауға болады?

… Түрік жұртына шабуыл жасап, түрік тәуелсіздігіне қарсы шыққандар кім болса да, бүкіл ұлтты қарумен қарсы қойып, оларға қарсы соғысу керек. Ұлттың дамуын және биіктеуін қамтамасыз ететін жол осы болатын» деп жанұшыра сөз сөйледі.

Түрік бауырларымыз Республика күнін 1923 жылдан тойлап келеді.

Камбоджаның тәуелсіздігі тәуелділік сезімінен таза, сана билігімен орнады. XIX ғасырдың орта шенінен 1945 жылға дейін Францияның колониясы болып келген Камбоджа 1953 жылғы 9 қарашадан өз тәуелсіздігін тойлап келеді. Оның өзі Жапонияның Камбоджаны жаулап алуымен келген болатын. Жапонияның жеңілісінен кейін түбекте француздар екінші мәрте өз протекторатын орнатып, Камбоджаны франциялық одаққа қосып алды. Ұзақ уакыт бойы жүргізілген азат ету қозғалысы 1953 жылы 9 қарашада Камбоджаның тәуелсіздігін жариялады.

1958 жылы ел астанасы Пномпеньде тәуелсіздікке арналған ескерткіш орнатылып, барлық мемлекеттік мәдени іс-шаралар осы жерде өткізілетін болды.

Пәкістан Ислам Республикасы өз Тәуелсіздігін 1947 жылғы 14 тамыздан бері атап өтіп келеді. Бұл күрес ислам идеясынан туындаған еркіндік, теңдік көзқарасымен келді. Мұсылмандардың касиетті Рамазан айынан соң үш күннен кейін өз Тәуелсіздігін жариялаған Пәкістан өз бағытын ислам әлемімен байланыстырды.

Израиль Тәуелсіздік мерекесін 1948 жылғы 14 мамырдан атап өтіп келеді. Бұл күні салтанатты қабылдаулармен қатар әскери шеру өткізіледі. Діни көзқарастағы еврейлер қасиетті орындарда сүрелер оқып, Танаха (Библия) оқудан халықаралық конкурс өткізеді.

Түркіменстан Тәуелсіздігін 1991 жылы 27 қазанда жариялаған. Алайда, халық бұл мерекені 1 ай бойы тойлайды. Мерекелік іс-шара Ашхабадтағы Тәуелсіздік монументі мен оның айналасындағы түркімен халқының тарихында өзіндік орны бар ақындар мен ойшылдарға, ел билеушілеріне соғылған ескерткіштерге тағзым етуден басталады. Әскери шеру өткізіліп, Гиннестің рекордтар кітабына енген ұзындығы 133 метрді құрайтын әлемдегі ең ұзын Мемлекеттік Тудың жанында мерекелік от-шашулар өткізіледі. «Түркімен аттары» ойын-сауық кеші өтіп, мемлекеттік наградалар тапсырылады.

Үндістан Тәуелсіздігін 1947 жылы 15 тамызда жариялаған. Бұл күні Дели қаласындағы Қызыл форт қабырғасына 1947 жылы елдің тұңғыш премьер-министрі Джавахарлал Нерудің ықпалымен көтерілген үш түсті Мемлекеттік Тудың жанында халықтың жиналуымен мерекелік шаралар басталады. 1947-1949 жылдарда Тәуелсіздік күніне орай әскери шерулер өткізіліп тұрған. 1950 жылы Үндістанның республика болып жариялануына орай, Тәуелсіздік мерекесі екінші қатарға ығыстырылған.

Ресей Федерациясында 1992 жылы 12 маусымда РСФСР-дің мемлекеттік суверенитеті жөніндегі декларацияның қабылдануының бір жылдығына орай, оны «Тәуелсіздік күні» мерекесі деп қателесушілер көп болды. 2002 жылдан бұл мереке «Ресей күні» деген жаңа атаумен тойланып келеді. Шындығына келгенде, Ресей  тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру 1480 жылғы 11 желтоқсанда моңғол-татар басқыншыларынан азат етуден басталады.

Тәуелсіздік философиясы, көріп отырғанымыздай, ішкі мәнін өзгерткенмен, түпкі аңсарын бұзбай сақтап қалған. Бұл – көп елдердің басты қаруы. Біз осыған орай, тәуелсіздік дилеммасы неде деген сауалнама төңірегінде ой өрбітуге тырыстық.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,

Халықаралық  Ақпараттар  академиясының  академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<