Болмысы ән адам

724

0

Сенің тұрған бойың ән еді ғой. Қараптан-қарап ән айтып жүретінсің.

Ол –  Шайтұрсын Әбдібаев еді.

Ән-әуен сенімен егіз туғандай, ортаңды әнге бөлеп жүретін едің ғой. Ролің шығып жайнаң қаққанда әнді шалқыта айтатынсың, кейіпкеріңмен табыса алмай қиналып жүргенде күңіреніп, мұңға бататынсың. Репетиция үстінде роль мәтінінің түкпірінде іштей ыңылдап салған әндеріңді естуші едім. Сол үн сенің жаныңды жанып, роліңе енуге бастаушы құдірет болатын. Сенің әніңді  біркісідей-ақ тыңдадым ғой, талай естігем. Қалай айтатыныңды жатқа білем ғой деп жәй өзімше отырайын деп ойласам да оған бара алмайтынмын. Өйткені сен шын актер-әнші едің. Жаныңда отырған кісілермен қарым-қатынасың қандай, кіммен отырсың, неге отырсың, әлде сахнада айтып тұрсың ба – осының бәріне әсерлене отырып айтатынсың. Сондықтан да әнің әр айтқан сайын түрленіп, ғажайып сезімдер құшағына бөленіп, өзіне еріксіз тартатын.

Қазақтың халық әндерін, Ақан, Біржан әндерін сәнімен орындаған – орындаушысы болдың. Маған әсіресе сен айтатын Кенен Әзірбаев әндері қатты ұнаушы еді. Қарапайым ырғақ, байсалды әуен, табиғаттың өзінен төгіле салғандай ән мәтініне сенің орындауыңмен ерекше жан бітіп, үніңмен бірге өмірге енді ғана келіп жатқандай әсер беретін. Танымаса да, білмесе де Кенен атаңның аруағы саған риза болған шығар-ау.

Көп жыл бұрын досымыз Серік Пірмахановтың жұбайы Жәмиланың бауыры Шафхат дүниеден өтіп, олармен бірге марқұмның жаназасына баратын болдық. Рульде – өзің, мен қасыңдамын, артқы орында – Серік пен Жәмила. Бағытымыз – Шымкент, Бәйдібек ауданы Жиенқұм ауылы. Біршама жүрген соң алдымыздан күн көтеріліп, шуағын төге бастады. Бірақ бәріміздің көңіліміз пәс, үнсіз келе жатқан жайымыз бар. Суық хабарды естігелі Жәмиланың көз жасы бір тыйылмай егіліп келеді. «Жигули» секіріп қалса, солқ-солқ етіп дауыс шығарып жылап та алады. Сөзіміз жеткенше басу айтқан боламыз, Шафхат Жәмиланың аса бір жақсы көретін бауыры еді, біздің сөзіміз оған тоқтау бола алмады. Бір кезде Шайтұрсын «Ақтентекті» шырқап бір бергені. Ерекше ашық дауыспен, жарты тон көтеріңкі алып, әнді қалықтатып-ақ жібергені.  Томсырайып отырған біз ерсілеу көріп «бұл қай қылығы?» деп тіксініп қалғанмен, «ей, қой!» деп ешкім айта алмады. Жәмилаға қарауға бет жоқ, ал Шайтұрсын қояр болмады. Газды баса түсіп, өзінің репертуарындағы ең таңдаулы әндерін бірінен соң бірін тоғытты дейсің. Жәмила әуелі үнсіз қалды. Шайтұрсынды көзімен атып, одан назарын Серікке, сосын маған қадады. Бірақ ләм-мим деп үндеген жоқ, қайғысын ішіне жұтып, тым-тырыс бола қалды. Ал біз бірте-бірте Шайтұрсынның бұл қылығын түсіне бастадық.  «Өмірден өткен адаммен бірге өлмек жоқ. Құр егіле бермей, өмірдің бар екенін, оның ағысы кейде адамды құрдымға батырып, кейде биікке шырқайтынын ұмытпайық. Құрдымға түскенде құрып кетпеуге күш салсақ, биікке шырқағанда шашылып қалмайық» дегендей. Біз Серік екеуміз Шайтұрсынға қатты риза болған едік. Ән шырқалған сайын көз жасына шомылып отырған Жәмила сергіп, бойын тіктей бастады. Ауылына барғасын туыстарын көргенде қайғысына қайғы қосылатынын түйсініп, Шайтұрсынның әнімен бірге өмір ағымына қайта оралғандай болды. Машинамыз да Шымкент жеріне бойлай еніп, терезеден көрінген бояуы қанық күзгі көрініс бізді де мұңға толы ойға жетелеп, Шайтұрсынның әуендері көкірегімізде өзінің ноталарын қайта шертіп жатқандай әсерде отырмыз. Иә, ән деген көңілдің шалқып тұрған кезінде ғана емес, осындай қайғыға күңіреніп тұрған сәтте басу айту үшін де керек екен-ау деген ой түйген едік сол жолы.

Сені студент кезіңнен білем. Біз үшінші курсқа өткен жылы оқуға түстіңдер. Курсыңдағы кілең «сен тұр, мен атайын» жігіттердің ортасында моп-момақан, ауылдың баласы болып көрінгенсің. Біздің курстың қыздары сені еркелетіп «Қошақан» дейтін. Біздің курста оқитын Қарағандыбай Сатаев оқуға түскенше шахтада істеген, студент кезінде еркін жүріп-тұратын жігіт еді. Сол бірінші курстың жігіттерімен жиналыс өткізіп жатыр деп естігесін, «бұл не жиналыс екен?» деп бөлмесіне барсам, Қарғашым (оны осылай атайтынбыз) беліне дейін тыржалаңаш шешініп, бөлменің ортасындағы үстелдің үстіне молдасын құрып отырып алған. Сендер айнала тізіле қалыпсыңдар. Мен кіргенде саған шүйлігіп отыр екен:

– Енді оң қалтаңды шығар!», – деді ол Отеллоның даусына салып.

Сен шалбарыңның оң жақ қалтасын төңкеріп алып шықтың. Ол тарғыл-тарғыл трагедиялық үнмен:

– Онда да жоқ па? Әй, сендер қандай жансыңдар, ә? Үнем қайда? Үнем? Степендияға дейін әлі үш күн бар? Бақандай үш күн! Соған дейін қалай күн көрем деп тұрсың? – деді.

Сөйтсем, Қарғаштың студенттерді осылайша жиналысқа шақырып алып, қалталарын қағып, арзан шарапқа жұмсайтын әдеті бар екен.  Менің ескертпемнен кейін ол әдетін қойып кетті. Ал, саған, Шайтұрсын, біз бөлменің қазынасынан степендияңа дейін азын-аулақ тиын-тебен бөлген едік-ау.

Сол күннен бастап екеуміз ағалы-інілідей болып кеттік. Мен әуелі екі жылдай Қарағанды театрында жұмыс істедім де, сендер оқу бітірген 1967 жылы Қызылорда театрына келіп, бәріміз бірге өнердегі өмір жолын бастадық. Аздап тәжірибем бар, театрдың директоры Сақтаған Тұрлымұратов пен театрдың бас режиссері Маман Байсеркеновтың рұқсатымен, мен – режиссер, Серік Пірмаханов – суретші, жоспардан тыс Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін қоюды қолға алдық. Негізгі жұмыстан кейін қалып, репетиция жасайтынбыз. Ағаш ұстасына көмектесіп, спектакльдің декорациясын дайындағанымыз да есімде. Сен – Қозы, Сәнім Масина – Баян, Тынымбек Пірімжанов – Қодар, Тұрғанбек Әшімов – Қарабай, Серік Шотықов – Жантық, Жібек Бағысова – Мақпал, Ұлбатай Баяділова – Күнікей. Сенің Қозың қандай керемет болып еді сонда. Әлі есімде, шешеңмен алғашқы кездескенде сен жап-жас баланың бейнесін жасадың. Біздің қыздар айтқандай: «Қошақан» бола қалдың. Қодармен кездескенде, сенің Қозың өсіп, батыр бозбала болып көрінді. Баян келгенде  сен жігіт болдың, ал анаңмен қоштасар жерде жаңа ғана сахна басталғандағы баладан ешнәрсе қалмай, алдымызда батыр азаматты көретін едік. Иә, сен Қазақстанның Халық артисі, аруақты ұстаз Асқар Тоқпанов көкеміз көрсеткен жолдан таймай өз кейіпкеріңнің өсу процесін жіті қадағалап, соны нақты көрсетуге бар ойыңды, сезіміңді, болмысыңды жұмсайтын едің. Репетициядан жарты сағат бұрын келіп, сахнада өзіңмен-өзің жұмыс істеп жатқаныңды талай көргем, талай қолдағам.

Артист ұғымында оң жамбас деген бар. Шайтұрсын Әбдібаев актердің оң жамбасына келген, таңдаулы рольдерінің бірі Ақан сері болатын. Адами болмыс-табиғаты, қабілет-қарымы, ойлау жүйесі, сезім тереңдігі, әні-сәні, бәрі-бәрі Ақанға келетін. Актер өнерінің ең қиын қасиетінің бірі өз табиғатыңды рольге пайдалана білу немесе роліңді өзіңнің адами қасиетіңмен тірі жан етіп қайта дүниеге әкелу дер едім. Ол Ақанды дайындау үстінде осы процесті басынан өткізіп, роліне барын сала кірісті. Ғ.Мүсіреповтің трагедиясы таза ақ өлеңмен жазылған, оның актер тілінде айтылу мәнері бөлек, мәтінді игеру әдістері де мүлде басқаша. Репетиция үстінде Ақан серінің монологтарын Асқар ұстазымыздың қалай оқығаны жиі еске оралды. Ағайымыздың көзі шоқтай жанып, дауысы сәл дірілдеңкіреп, жанарын алысқа ұзатып, Ақанның сөздерін түйдектете айтушы еді, жарықтық. Ағайдың мәнерінен бастау алып, репетиция үстінде оны әсерлендіре құбылтып, актер Ақан серінің текстерін әрі ақ өлең, әрі қара сөзге жақын әрекет жүйесі етіп қалыптастырып, ақын сөзін өз сөзіндей меңгере білді. Ең бастысы, Шайтұрсын жалғыз Ақанды емес, осы образы арқылы қазақтың сал-серілерінің жиынтық бейнесін жасай білді. Қозының балалығындай сенгіштігі, Сырымның алмас қылыштай өткірлігі, Біржан салдың кең тынысты әншілігі бір бейнеде қоса өріліп, Ақан серінің трагедиялық тағдырын, үлкен ой адамы – дала философы дәрежесінде сахнаға әкелуі өзінің керемет жарасымдылығын тапқан еді. Бұл Шайтұрсынның шеберлік тұғырына көтеріліп, талантының жарқырай шыққан кезі болатын. Сол күннен бастап көп адам Шайтұрсынды Ақан сері деп атап кетті.

Осы спектакльде Ақтоқты  бейнесін сомдаған Әлия да Шайтұрсынның тепе-тең әріптесі бола білді. Артист нәзік арудың әлсіздіктен батырлыққа дейін көтерілетін өсу жолын трагедиялық сезім қуатымен орындады. Әлия да махаббатына қолы жетпей, арманы қырқылған Ақтоқты бейнесін ғана емес, қазақ аруларының жиынтық образын жасап, өзінің орындаушылық шеберлігімен Шайтұрсынның Ақанын толықтыра түсті.

Әрбір театрдың тоқырау, даму, шарықтау кезеңдері бар десек, Нартай театрының өсіп келе жатқан еңсесін биіктетіп, республика, Одақ көлемінде аты шыға бастаған шағы – 1977-1986 жылдар еді. 1977 жылы театр директоры Сақтаған Тұрлымұратов ағамыз Алматыға ауысты да, оның орнына директор болып Шайтұрсын Әбдібаев тағайындалды. Менің театрдың бас режиссерілігін қолға алғаныма көп болған жоқ еді. Екеуміз тізе қосып, іске кірістік.

Менің міндетім спектакль қою, ал, Шайтұрсынның мойнында ұйымдастыру мәселесінің бар ауыртпалығы болатын. Бір жақсысы осындай қауырт жұмыс барысында ищай десіп ренжіскен кезіміз жоқ.

Осы жылдар ішінде бес рет республикалық, үш рет Одақ көлемінде өткен театр байқауларына қатыстық. 1976 және 1978 жылдары екі рет қатарынан ВЦСПС пен КСРО Мәдениет министрлігінің ауыспалы «Қызыл туын» жеңіп алдық. «Король Лир» республикалық байқаудың үшінші дәрежелі, Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз ару» балалар спектаклі бірінші дәрежелі дипломдарына қол жеткізді. «Сау басыма сақина», «Зұлымдық пен махаббат», «Ең киелі қасиет» спектакльдері, режиссері – мен, суретшісі – Серік Пірмаханов Бүкілодақтық театр фестивальдарының лауреаты атанды. «Сау басыма сақина» спектаклі үшін Венгр Халық Республикасы Мәдениет министрлігінің арнаулы қола жүлдесіне ие болдық. «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклі 1979 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің арнаулы сый-сыяпатымен марапатталды.

1985 жылы театрдың жаңа ғимаратына көшкенде республикалық театрлар фестивалін өткіздік. Осы жылдар ішінде үш рет республикалық теледидарға әр барған сайын үш спектакльден жаздырып, халық көгілдір экраннан тамашалады. Театр спектакльдерінің республикалық радиодағы жазбасы әлі күнге дейін эфирден беріліп тұрады. Әр жылы ұжымды екі бригадаға бөліп, республика көлеміндегі гастрольді ұйымдастыру міндетті шаруа болатын. Осы онжылдықта Ж.Бағысова Қазақстанның халық артисі, С.Шотықов пен Ш.Әбдібаев Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деген атақтарға ие болды. Артистер Ә.Арысбаева, Я.Халықұлов, суретші Ж.Әбіров республикалық жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. Осындай күрделі де күш пен жігерді керек ететін іс-шаралардың басында жүрген Шайтұрсын қажымай-талмай, шаршамай еңбектенді. Әр істің болғанына қарай жұмыс істеп, сол үшін табандылық танытатын.

1979 жылы театр екі үлкен гастрольдік сапар ұйымдастырды. Мамыр айында Қарақалпақ астанасы Нүкіс қаласына 10 спектакльмен он бес күнге барып, туысқан бауырларымызға өз өнерімізді көрсеттік. Қарақалпақ ағайын бізді құшағын жая қарсы алып, спектакльдеріміз аншлагпен өтіп, кеудеміз гүлге толды.

Қызылорда театры Алматы қаласына есеп беру сапарымен алғаш рет 1967 жылы С.Тұрлымұратов директор, М.Байсеркенов театрдың бас режиссері болып тұрған кезде төрт спектакльмен барған болатын. Гастроль сәтті өтіп, Қызылорда театры іргелі өнер ордасы атанып қайтқан еді. Бұл жолы біз Алматы көрермені мен театр сыншыларының сарабына жеті спектакль ұсындық. М.Әуезов «Түнгі сарын», И.Эркень «Сау басыма сақина», В.Шекспир «Король Лир», Қ.Мұхамеджанов «Өзіме де сол керек», Ә.Тәжібаев «Майра», Ш.Хұсайынов «Біздің Ғани», Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты».

Тамыз айында өткеніне қарамастан әр қойылымға көрермен залы лық толып, жұртшылық өнерімізді жақсы қабылдады. Сол күндері облыстық қазақ, орыс тілді газеттер гастрольдік сапар жайлы «артық билет жоқ» деп жазды. Әрине, гастрольдік сапардың биік деңгейде өтуі тікелей Шайтұрсынның еңбегі болатын. Артистеріміз жан-жақты көрініп, театрдың алғашқы сапардан кейін көп өскенін, актер труппасына қосылған бір толқын жастардың репертуар жүгін табыспен меңгеріп келе жатқан қалпын танытты.

Театр сыншылары мен өнер ардагерлері әділ бағасын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Профессорлар М.Қаратаев, Б.Құндақбаев, Халық артистері С.Қожамқұлов, С.Майқанова, жазушылар Н.Оразалин, О.Сәрсенбаев біздің гастрольдік сапарымызға «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде көлемді мақалалар арнап, театр еңбегіне, артистердің өнеріне жан-жақты талдаулар жасап, спектакльдеріміздің шығармашылық деңгейін паш етті. «Вечерняя Алматы» газетінде Бақытжан Момышұлы күнделікті қойылымдарымыз жайлы жедел хабарламалар жасап, Алматы жұртшылығының ықыласын біздің театрға бұрғанын атап өткен жөн. 

1979 жылдың 21 тамызы. «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклі. Бірінші қатарда Үкімет адамдары, Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкерлері. Ортасында автордың өзі – ұлы Ғабаң отыр. Басында үлкен кісілерден, әсіресе  автордан қысылған артистер тосырқай бастап, бірте-бірте қалыпқа түсті де Ақан – Ш.Әбдібаев, Ақтоқты – Ә.Арысбаева, Науан – Т.Айнақұлов, Қоңқай – О.Әбдімомынов, Дәмелі – Ш.Бәкірова, Жалмұқан – А.Сейілханов, Сердәлі – С.Шотықов, Мәрзия – Ұ.Баяділова  бірінен-бірі нәр алып,  сахнаның  жан лүпілін мөлдірете тербетіп, спектакльдің трагедиялық үнін  биік нотада аяқтады.  Әсіресе жанын жанып, рольдерін шабытпен  ойнап шыққан Шайтұрсын мен Әлия аса бақытты еді. Құшақтары гүлге толы екеуі  сахнадан қарғып түсіп, Ғабаңның алдына тізерлеп сәлем беріп, гүл шоқтарын авторға ұсынғанда, ұлы Ғабаң орнынан көтеріліп, аталық алғысын айтып,  ризашылықпен Әлияның маңдайынан  сүйгені бар еді.

Театр өнерінде керемет дәстүр бар, ол – театр мен театрдың өзара актер алмасып ойнауы. Сол жылдардың бірінде біз Шымкент театрынан Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Сапар Өтемісов пен Отызбай Жұмабековті «Қаракөз» спектакліне шақырдық. Сапар – Сырым, Отызбай – Асан. Сыр көрермендері екі театрдың артистері бірлесіп ойнаған  қойылымды тамашалап, риза болысты. Спектакльден соң кішігірім дастархан жайып, отырыс жасағанымыз бар. Отызбайды әнші деп естігенбіз, ол кісі де бізді көп жалындырған жоқ, домбырасын алып әнге басты. Әнді нәшіне келтіріп, тәтті етіп айтады екен, әуелі бәрімізге таныс күнделікті естіп жүрген әндерді біршама айтып, Отызбай сәл тосылды да, домбырасын дауысына келтіріп, «Адасқақты» әуелетіп шырқай жөнелгенде бәріміз тына қалдық. Әншінің үні үстімізге қонған ақша бұлттай қалықтап тұра қалды.

Көкірегіміз әуенге толып, кеудеміз тағы да ән болса екен деп сағына жаңа бір ән толқынын іздей бастағанда Шайтұрсын да әрең шыдап отырған болу керек, Біржанның әні «Ақбозымды» шырқап берсін.

Пәлі десеңші! Отызбайдың көзі қайта шоқтанып, сауырына қамшы тигендей Балуан Шолақтың «Ғалиябануына» басты. Ал ендеше! Шайтұрсын «Жиырма бесті» әуелетті. Па, шіркін! Отызбайдың да арқасы бар ғой. «Ардақпен» үнін үдете түсті. Мұндай бәйгеден Шайтұрсын қалсын ба?! «Қызыл асығын» әсем нақышпен олай да, бұлай да шүйірді-ай келіп… Айдөйіт дерсің! Бәрімізді таңғалдырып, Отызбай тыңнан түрен салып, Ғарифолла көкеміздің репертуарынан «Қанапияны» шырқап берді. Енді не дерсің! Шайтұрсынға «Аңшының әнін» айтудан басқа не қалды? Айызың қанғанша шырқа! Қыран-топан күлкі, бірін-бірі қолпаштаған екі театрдың  артистері, әуеде қалықтаған әсем ән. Сөйтіп аяқ астынан ән айтыстың куәсі болдық. Сол күні екі театрдың жезтаңдай әншілерін құмарымыз қанғанша тыңдаған едік.

Иә, сол жылдары Шайтұрсын екеуміз театр тертесіне пар аттай жегіліп, өнердің жүгін әліміз жеткен жерге  дейін өрге сүйреуге ұмтылдық. Шегінген, сүрінген кезіміз де болған шығар, бірақ тоқтағанымыз жоқ, шаршамадық та.  Қызылорда театры дегенде екеуміздің атымыз қатар аталатын дәрежеге дейін адал қызмет атқардық қой деймін.

1990 жылдардың басында екеуміз де театрдан кеттік. Мен Талдықорған театрының бас режиссері болып ауыстым,  ал Шайтұрсын сахнадан мүлдем қол үзді. Талдықорғаннан қайтып оралғанымда Шайтұрсын мемлекеттік қызмет бабында жүр екен. Арагідік жиын-тойларда әнін де естідім, бірақ бұрынғы дауыс жоқ, Нартайшылап айтқанда: «Ізі бар да, өзі жоқ, бұрынғы боран айқайдың!». Сахнаға жаралған өнер адамы үшін нәр алатын құнарынан айырылу қандай қиянат екенін сонда білдім. Оның үстіне жолдасы да науқасты екен.

Ой, шіркін-ай, Гүлшаш қандай әйел, қандай жан, қандай адам еді?!  Біз оның үнемі көзі жайнап, сөйлескенде күле қарап жайдары әңгімелесетін қалпын танушы ек. Театрдың бір мүшесіндей спектакльден қалмайтын. Көбіне мақтайтын. Жайдары жүзбен сынын да айтып салатын. Өкпелей де алмайтынбыз. Әрбір премьерадан кейін: «Мен Хұсекеңнің премьерасын жуамын, біздікіне келіңдер» деп думанды кеш ұйымдастыратын. Артистер бар, спектакльді көрген достарымыз бар, дастархан үстінде қойылымның пәрша-пәршасын шығарып, шектен шыға бастағанда, Гүлшаш дауысын көтеріп: «сендер немене, жаңа дүниені іске алғысыз қылып тастағандарың? Премьера күнгі спектакль сәби емес пе? Ол әлі өспей ме? Екі-үш спектакльден кейін көріңдерші қандай болар екен? Міне, сонда сынай жатарсыңдар, ал қазір той, тойдың сәнін бұзбаңдаршы!» деп күле сөйлеп, бізді арашалап  алып, дәмді астарын бірінен соң бірін алдымызға  тосатын.  Шіркін, Гүлшаш-ай! Гүлшаштың осы хәлі де Шайтұрсынның әніне сызат түсіргендей.

 2006 жылы арнайы пьеса алдырып, Шайтұрсынды «Қош бол, ардағым» спектакліне шақырдым. Сондағы оның қуанғанын көрсең. Қутыңдап, жасарып, жас әріптестерімен әзілдесе дайындалып, ерекше күйге енді. Қарайып та қалғаны бар, өзіндік жұмысын үдетіп, спектакльдің табиғатына енуге бар күшін салды. Сағат онда басталатын жұмысқа сегізден келіп, сахнада өзімен-өзі репетиция жасап, үзбей дайындалып жүрді. Бұл бір жағынан біздің жастарымыз үшін үлкен сабақ болды.

Алпыстан асқанда жүрегінде махаббат шоғы жанып, қайта түлеген  Рахым шалдың бейнесін Шайтұрсын жақсы түсінді, жақсы сезінді, әдемі жеткізе алды. Бұл оның соңғы әні еді.

Шайтұрсын бақұлдық сапарына өзінің киелі сахнасынан аттанды. Оның мәйітін көтерген сәтте зал толы көрермен көзіне жас алып, тік тұрып, сүйікті артисін соңғы рет қол шапалақтап шығарып салды. Соңынан бір кісі айтты: «Шайтұрсын ұзақ өмір сүретін шығар деуші едім, өйткені ол жәй жүргенде де ән айтып жүретін». Олай болмады. Ал, дүния өзінің паңданып, маң басқан  қалпымен өмір сүріп жатыр.

Жанымызда жарқырап жүргенде, биыл 80 жылдық мерейтойын дүркіретіп тойлар едік… Шіркін-ай… Дүние-ай… Әндерің сенің көмейіңде емес, біздің құлағымызда шырқалып тұр, Шайтұрсын.   

Хұсейін Әмір-Темір,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<