Абырой – адамның айнасы

366

0

«Тірінің қадірін біл, өлгеннің қабірін біл» дейтін еді, осы қағида қаперде  қаққан қазықтай қалғаны жөн.  Өйткені өткеннің өнегесін өшірмеу, жас ұрпаққа үлгісін жеткізу бүгінгінің басты борышы болса, әлгі пікір сол үшін керек.

Кейде барды бағалауға келгенде қолды кеш сермеп қалатынымыз бар. Салғырттық салдары өкініш болып өзекті өртеп жүреді. Сондықтан өмір екі адасуды қаламайды.

Рас, өмір бар жерде адамның орны бөлек. Және жақсы адам көп. Көбінше болмыс-бітіміне біржақты қарап, байыбын немқұрайлы ниетпен тұмшалаймыз. Оның бекзат болмысты, кісілік пен кішілікті тең ұстаған тұлғасына теңеу таппағандай теңселе қалатынымыз шындық. Жасыратыны жоқ, бір өзі бір ауданның айбыны саналатын саңлақтар болады, аты аталса, елдің бағасы біліне бастайтын. Сондай ел абызы, Жаңақорған ауданының өсіп-өркендеуіне ерекше атсалысқан ақсақал  Мұзарап Махмұтұлы мұқым жұрттың марайма төбесі ретінде мадақталады. Оның парасатты парқы, алтын сандық ақылмандығы, көреген  көзқарасы тағылымға толы.

Сексеннен асқан қариядан біреулер:

– Көп жасадыңыз, дүниенің қызығы неде екен? – деп сұрайды. Сонда қарт:

– Е, сұрағандарың жөн, менде не қалды дейсің?!

Ет кетті, сүйек қалды,

Тіс кетті, иек қалды.

Алысқа көз жетпейді,

Қаттыға тіс өтпейді.

Көксауыр кебіс кидім,

Төрге шыққаны жоқ.

Сұлудың бетінен сүйдім,

Ерніме жұққаны жоқ.

Жақсы ат міндім,

Тақымға жұққаны жоқ, –- деген екен. Сол айтпақшы, ер арыса аруақ қой, бүгінгі бейнесінен қарттықтың қалыбына қанықсақ та, өмір жолының өнегесі өшпестей таңбаланған. Сонысына салауатты түрде тоқталғанды жөн санадым.

Сәл шегініс, ол С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, содан алған білімі мен «Экономист-қаржы жоспарлау» мамандығы еңбек етудің болашағын болжап берді. «Красная звезда», «Төменарық» шаруашылықтарында есепші, бас есепші, бас экономист лауазымын атқарса, 1980 жылы ауданда жаңадан құрылған «Алмалық» жеміс-жидек совхозына директор болды. Ол басқарған он жыл ішінде облыста озық шаруашылықтың біріне айналды. Кімсің Мұзарап болатын мәртебе осы кездің бағасы еді. Ол кеңседе кеңкиіп отырғаны үшін емес, көппен бірге келелі істерді атқарғаны  үшін берілген абырой болатын.

Әрине, айтарға жеңіл шығар, Мұзарап Махмұтұлының бір қасиеті – төрге таза еңбекпен жеткен тірі куә. Біреуден алақан жайып, қызмет сұрап алған дәнеңесі жоқ,  қай шыңын да қара бейнетімен бағындырған. Айтар жерінде аузында бүгіп қалатын бұқпантай да емес, бетің бар, жүзің бар демей, ақиқатты ашып тастайтын адуындығы да өзіне жарасып тұрады.

Ол – мемлекеттің ісін ақсатып қойып, бей-жай жүре алмайтын кісі. Күн-түн демей дала қосында жүріп, тиісті міндет асыра орындалмай тыным таппаған, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты жақсармай, күйбеңі бітпестің бірі болды. Өзі – жіптіктей, жүгірумен айналысатын жігіт секілді өте шапшаң, жедел қимылдың адамы. Анау-мынау жерге жаяу-жалпылап жүре беретіннің нақ өзі.

«Алмалықтың» берекесі аспандатып, жаңа технологияны іске қосып, дүрілдегенде көре алмай, аяқтан шалғысы келгендер де кездескен. Бірақ Мұзарап мылжия қалатын мүсәпірге жатпайды, менмін дегендер мысынан жасқанып, сырттап кететін. Сол мінезін сезгендер сескенетін.

Былай қарасақ, кілең оты лаулаған мекемеге жұмсаған екен. «Алмалықтың» уығын өзі қадаса, «Топырақты құнарландыру» мекемесі де белі бекімеген баладай жаңа құрылым-тұғын. Оны да озық жағдайға жеткізді. Енді қай қызмет қалды? Амалсыздан Мұзарап Махмұтұлын аудан әкімінің орынбасарлығына тағайындады. Өйткені саланың жұмысы кері кетіп тұрды. Екі жыл өтті, оны енді «Жұлдыз», «Алмалық» шаруа қожалығына төраға етіп жіберді. Тағы екі жыл өтті, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары болды.

Еліміздің өтпелі кезеңі келіп, аумалы-төкпелі шағы туғанда жұрт үдеріп «Собездің» есігін қағатын. Күн сайын ұрыс-керісі көп мекеменің бағы ашылмай тұрғанда облыстағы басшы Майдан Мәселеева Мұзарапты таңдап, ақыл-парасатына, іскерлігіне сенген екен. Жауапкершілік жүктеген соң жұмыстан қашпайтын ол тынымсыз мекемені тақадай етіп, ың-шыңсыз басқарды. Баяғы баянсыз іс сабасына түскен сабаздай өз ырғағын тауып, ел де риза, еңбек етуші қызметкерлері де тыншыды. Сөйтіп осы жерден еңбек зейнетіне шықты.

Уақытында ауылдық, аудандық кеңестің депутаты, социалистік жарыстың жеңімпазы болған, бүгінгі егемен елдің бірнеше марапатының иесі, еңбек ардагері Мұзарап Махмұтұлының өмір жолын терең тарқатсақ, түрлі оқиға желісіне тарай береді. Біз қысқа қайырдық, нақтысын нобайладық. Қазір де тағынан түсіп қалған жоқ, Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы. Мұнымен қоса қоғамдық кеңесті де басқарады. Үлкендік белесіне сызат түсірмеген салиқалы ақсақал. Қырық жылдан аса уақыт мемлекет қызметінде жүріп, бірде-бір сөгіс алмаған адам қалай жаман болсын, ол биігімен әлі келеді. Елі құрметтеп, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы етті, оны жас-кәрі түгел сыйлайды, қадір тұтады.

Алпыс жылдай отбасылық өмірде Бибісара апаммен бақытты ғұмыр тізгінін ұстап келеді. Жұбайлық жұптың қазынасы балалары емес пе, сегіз ұл-қыз өсіріп, қазір бәрі үйлі-баранды. Олардан 14 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.

Шынында, әрбір ауданның өз өнегесі бар. Сол өнегені өрбітетін қазыналы қарттар ғой, әдемі қартайған адам абыройынан сірә, айнымас. Мұзарап көкемнің өз өмірін сабақтаған «Жүректің көзі – өмірдің айнасы» кітабында ұрпаққа үлгі етер ұлағатты естелік бар. Соны оқыған кісі өмірге нұсқа өнеге алады. Жалпы, ол адами бейненің аласармас тұлғасы екеніне дау жоқ.

Қаныбек ӘБДУОВ,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<