Жол үстіндегі адам

353

0

Адам баласы жол үстіндегі жүргінші тәрізді. Тал бесіктен белі шығып, жер бесікке демі бітіп жеткенше ұзақ жол үстінде жүреді.

Біздің кейіпкеріміз Қайып аға Сүлеймен баласы да – жол үстіндегі адам. Жасы бүгінде сексен алты асудан сергек аттаса да белі буулы, етек-жеңі жинақы, жүрісі әлі ширақ. Сыртынан қараған жан алпыстың о жақ, бұ жағындағы кісі болар деп болжайды.

Сталиндік қуғын-сүргіннен жұрт сүрніккен 1937 жылы Арал ауданындағы Қарашалаң колхозының іргесіндегі «Тәуір» атты кішкентай қоныста жарық дүниеге келген Қайып ағаның өмірі құдды өрнекті дастан іспеттес. Осы ауылдағы жетіжылдық білім ұясын тәмамдаған ол онан әрі Арал қаласындағы туған нағашысы Үмбет ұстаның қолында оқиды. Сөйтіп байырғы №13 онжылдық мектепті, одан соң осы қаладағы автомектепті ойдағыдай бітіріп, көлік жүргізушісі болып өзінің алғашқы еңбек жолын бастайды.

Ол кездегі автокөлік базасының директоры Оразғали Ерекешовтің есімі аудан, облыс асқан  одан әрі кең-байтақ елімізге танымал тұлға болатын. Әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің сырлас інісі. Тіпті Мәскеудегі алтын погонды адмиралдар мен атышулы генералдар да Орекеңді құрметтеп, төрлерінен жай беріп, төбелеріне көтеретін көрінеді. Ал оның бас инженері Мұхамедияр Қаратаев та оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Кейін облыстық автокөлік басқармасын ұзақ жылдар абыройлы басқарған осы кісі.

Міне, осындай іскер, азаматтығы атан түйеге жүк болатын басшылардан тәлім-тәрбие көрген Қайып та көлік жүргізген алғашқы жылдардан бастап қатарластарынан оқ бойы озып шығады. Адам адал еңбегімен дараланады емес пе?! Ол да осыған лайықты бола біледі. Суреті мекеме құрмет тақтасында тұрады. Сол кездегі бесжылдықтардың бел ортасынан  көрініп, еңбек озаты атанады.

Арал аудандық автокөлік мекемесінде табаны күректей он жыл еңбек еткен Қайып ағамыз 1967 жылы отбасымен Қызылорда қаласына қоныс аударады. Сол жылдан бастап қаладағы атақты АТП-1 мекемесінде жүргізуші болып жұмысын жалғастырады.

– Әріптестерім арасында адал еңбегім абыройға бөледі, – дейді оның өзі өткен өмір жолдарын ойша шолып.

«Оныншы бесжылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыстың жетпісінші жылдардағы еңбек озаты» төсбелгілерін омырауына тағады.

– Бұған қоса Жеңістің 65-70 жылдығына орай мерекелік медальдарын да еншіледім. Тыл ардагерімін. Еңбек еткен жылдары абыройсыз  болғаным жоқ,– деген ағамызға біз:

– Атаңыз заманында би болған көрінеді. Ол жайында не айтасыз?– дейміз.

Қайып ағамыз кідірмейді. Бұл жөнінде мақтаныш сезіммен алдында отырған бізге асықпай әңгімелеп береді.

– Өз әкем Сүлеймен Арал теңізінде балық аулаған. Ал оның әкесі, яғни менің арғы атам Есенбай Хиуа ханы заманында би болған екен.

Иә, қазақ «Хан – қазық, би – арқан» деп ежелден біліп айтқан ғой. Мұнан кейінгі Ресей патшалығы тұсында да билік мөрін қолына берік сақтаған Есенбай би №10 ауыл қазақтары арасында үлкен беделге ие болады. Елдің бірлігі мен ынтымағы жолында қызмет жасаған биге бірде болыс сайлауына түскен атақты Алданазар пұшайман болып келеді. Себебін сұраса алдынғы екі сайлауда мақсатына жетпеген ол осы жолы сайлауға тағы түсіпті. Бірақ дауыс беруге салынған бір шары кем болып бидің қолдау көрсетуін сұрапты. Сонан бидің қарамағындағы ел-жұрт бірауыздан дауыс беріп, Алданазар Шыбынды болыстығына сайланған екен. Сол Есенбай бидің есімін елдегі бір теңіз қолтығы еншілесе, бұл кісінің осал болмағаны да.

Осындай текті тұлғаның тікелей ұрпағы Қайып Сүлейменов ақсақал қайтіп тегін болсын. Сыр бойында ол бармаған, ол баспаған жер жоқ. Халық шаруашылығы жүктерін тасымалдауда алғы шептен көрінген оның есімі әлі күнге ортасында құрметпен аталады. Қарт Қаратау мен айдынды Аралдың арасын жарты ғасыр бойы жол қылған Қайып ағамыз былай дейді:

– Жол үстінде ұдайы сапар шеккен адамда дос та, жолдас та көп болады екен. Өзім о бастан көпшіл, қоғамшыл адаммын. Жеңгең Жаңагүл Әлқуатқызы да  үйге күн демей, түн демей келетін қонақтарды жатырқамай қарсы алады. Кім келсе де дастарқаны жаюлы тұрады. Қонақжай.

Әлгі таныстардың көбісі қалаға келсе бұл отбасына соқпай, амандық-саулық біліспей кетпейді екен. Осыдан төрт жыл бұрын облыстық автокөлік саласының айтулы, атаулы шарасы – сексен жылдық мерейтойы аталып өтті. Осы мерейтойға арналған салтанатты шара үстінде ардагер автокөлік жүргізушісі Қ.Сүлейменовтің саладағы ұзақ жылғы ерен еңбегі мерекелік медальмен және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Үздік автокөлікші» төсбелгісімен атап өтілді. Қуаныш қуанышқа ұласты. Облыстың жоғары марапаты – Құрмет грамотасына ие болған Қайып ағамыз кейінгі жастарға үнемі ақыл-кеңесін айтудан жалықпай келеді.

– Менің ұзақ жылдарғы еңбек жолымда облыстық автокөлік басқармасында  кезінде басшылық, қосшылық қызмет атқарған Мұхамедияр Қаратаев, Сансызбай Құттыбаев, Жәнібек Нұрқышев, Тұңғышбай Боранбаев, Баймұрат Асанов, Жарылқасын Әлжанов және өзімен тікелей еңбек еткен, аралас-құралас ағалы-інілі болған Баянбай Сыздықов, одан кейінгі Құрманғазы Шамшаев сияқты қаладағы №1 АТП басшыларының есімдерін құрметпен айтып отырамын,– дейді Қ.Сүлейменов.

Иә, Қайып аға жүргізуші болып өзіне бекітілген автокөлікпен облысымыздың тұс-тұсынан халық шаруашылығы жүктерін талмай, тынбай тасымалдаған тұста, сонау 1972 жылы институт бітіріп,  №1 АТП-да бас инженер, кейін басшы болған Құрманғазы сияқты қыран тектес азаматтың алғырлығын, техникалық біліктілігін әлі күнге алғыспен еске алады.

– Ол бас инженер тұсында партия ұйымының хатшысы, тағы басқа қоғамдық қызметтерді қоса атқарған әмбебап маман болатын. Ал білікті, білімді инженер ретінде мекемедегі типтік үлгідегі жабық өндірістік автокөлік жөндеу корпусын, механикаландырылған автокөлік жуатын тұрақ салынуына тікелей мұрындық болған. Сондай-ақ облыс автокөлік саласында бұрын-соңды болмаған автокөлік тетіктерінің ақауларын тексеріп анықтайтын әмбебап диагностикалық құрылғыны тұңғыш рет  іске қосып, мекеме жанынан қажетті қоймалар мен түрлі құрылыс нысандары пайдалануға берілген еді, – дейді.

Еңбекті ес білгелі жанына еншілеген Қайып ағамыз қартпын деп қол қусырып қарап отырмайды. Ел жаңалықтарына құлағы түрік. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдарынан «Еңбекқорлықты ұлт қасиетін айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деген іргелі сөзін іліп алып үй ішінің, барған жеріндегі жастардың құлағына құйып отырады.

– Ау, атамыз қазақ «Жауынмен жер көгереді, еңбекпен ер көгереді» деп бекерге айтпаған болар. Сыр бойында өз бақытын еңбектен тапқан тұлғалар аз болған жоқ. Олардың жалғасы көбірек көбейсін десек, жас ұрпақты жастайынан адал еңбекке баулыған жөн. Сонда еңбекті сүйген, Отанын қадірлейтін адамгершілік қасиеті асқақ балаларымыз, немерелеріміз көз қуанышымызға айналмақ,– дейді Қайып аға.

Жастайынан жолда жүруге машықтанған Қайып ағамыз сексен алты жасқа келсе де әлі де сергек әрі тың. Жүзі жарқын, жады жас жігіттей сайрап тұр. Үйден түзде жүргені көп.

– Ау, Қайып аға, жолға шығыпсыз, қайда сапар шектіңіз?

– Ақтөбеге, сонда бөлем бар еді.

– Енді қайда шықтыңыз?

–Арал жаққа. Сондағы ағайын-туыстар мен нағашыларымның бала-шағасының амандығын білмек парыз.

Ол жол үстіндегі адам. Әрдайым сапарыңыз сәтті болсын, жолаушы.

Т.Нұржан-Балта

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<