9 күн қамауда отырған ақтөбелік жүргізуші негізсіз қамалғанын дәлелдеп, мемлекеттен 500 мың теңге өндіріп алды

251

0

Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласында көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін мемлекеттен жарты миллион теңге өндіріп алды, деп хабарлайды kyn.kz «Диапазон» порталына сілтеме жасай отырып.

Жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рөлге отырған. Оны полицейлер тоқтатып, медициналық куәландырудан өткізуге алып барған. Сот материалына сәйкес, көлік жүргізуші алкоголь ішкен-ішпегенін анықтайтын тексерістен өтуден бас тартқан, яғни кіші дәретін тапсырмаған. Содан полицейлер билік өкілінің талабын орындамағаны үшін тағы әкімшілік хаттама рәсімдеп, ер адамды 25 тәулікке қамаған.

Көлік жүргізуші 9 күн бойы қамауда отырды. Осы уақыттың ішінде кінәлі емес екенін дәлелдеп шықты. Ер адам сот үкіміне наразылық білдіріп, сот алқасының алдында негізсіз жауапқа тартылғанын дәлелдеді.

Ұсталған көлік жүргізушіден дәл сол уақытта кіші дәрет шықпаған. Сол себепті сілекейден немесе қаннан анализ алуды ұсынған.

«Ол медициналық тексерістен өтуден бас тартпаған. Демек құқық бұзушылық болмады. Осыған байланысты сот істі тоқтатты», – дейді сот мамандары.

Бірақ ер адам онымен тоқтаған жоқ. Ол 9 күн бойы қамауда негізсіз отырғаны үшін мемлекеттің үстінен шағым түсірді. Моральдық шығынды өтеуді талап етіп, 2 миллион теңге сұрады. Сот арызды қанағаттандырды. Бірақ моральдық шығынды 200 мың теңгеге дейін азайтты. Сондай-ақ, қаржы министрлігі заңгерге жұмсалған 300 мың теңгені де өтеп беруге тиіс.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<