Конституция

Әріптес туралы әңгіме

5

0

Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде жеті жыл тілші, аға тілші болып қызмет атқарып, 1984 жылы Қазақ теледидарының «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасына редактор болып жұмысқа ауыстым. Ертелеу келіп, жұмыс үстеліне жайғасып жатқанымда, үлкен кабинетке орта бойлы, жылы жүзді, отыздан енді асқан жігіт кіріп келе жатты. Бірден таныдым, экономика, саясат тақырыбынан хабар жүргізетін белгілі комментатор Ержан Уәйіс.

Өзі жайында айтқанды жарата бермейтінін, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тумасы екенін, Маяқұм елді мекеніндегі орта мектепті алтын медальмен және С.Киров атындағы Қазақтың мемле­кеттік универ­ситетін журналист мамандығы бойынша үздік бітіргенін кейін білдім.

Еңбек жолын Қазақ телевизия­сында режиссердің көмекшісі болып бастапты. 1969-дан 1984 жылға дейін «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасында тілші, редактор, саяси шолушысы болып еңбек еткен. Мәскеу қаласындағы КСРО Мем­лекеттік Телерадио комитеті жа­нындағы білім жетілдіру жоғары курсында оқып, кәсіби шеберлігін жетілдірген.

Ержан Уәйіс 1978 жылы Куба астанасы Гаванада өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестиваліне делегат болып қатысып қайтты. Мен бір жылдан соң, жаңадан ашылған «Алатау» телеарнасына ауыстым. Екі жылдан соң, жеке шаңырақ көтерген «Алматы» теледидарына бас редактор болып тағайын­далдым. Илеген пұшпағымыз бір болғандықтан, Ержан екеуміз жиі кездесіп, достығымыз нығая түсті. 1992 жылға дейін әріптесім «Қазақ­стан» ақпараттық бағдарла­масында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып еңбек етті.

Өткен мен бүгіннің дәнекері Ержан Үбәйдаұлы журналист болған сәттерін сағына еске алады.

– Экранға алғаш шыққан күнімді ерекше сәтке балаймын. Тікелей эфирді бүкіл республика көреді. Он тоғыз облысты аралап, өндіріс орын­дарында, шахтада, зауытта, елді ме­кен, колхоз-совхоз, егін алқап­тарын­да жүресің. Қазақстан ол заманда бір миллиард пұт рекордты астық беретін ел болды. Егін орағы кезінде күнделікті 40 минуттық «Алтын дән» хабарын тікелей эфирде жүргізетін едім. Елді таныдым, еңбек адамдарын Қазақстанға таныттым. Қазақстанның бірінші басшысы, қа­зақтың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың телевизия­лық түсіру то­бында жеке тілшісі болдым. Ол кісі қа­тысқан жиындардан репортаж жүр­гізіп, облыс­тарды аралау кезінде бір­ге болдым. Кейін зейнетке шыққан соң да, Димекеңнің жанынан табыл­дым. Алты сағаттық фильм түсіріп, 80 жылдығында арнайы сұхбат алдым.

1991 жылғы 1 желтоқсанда Н.Назарбаевтан бірінші сұхбат алу бақытына ие болдым. Ол көңіл күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елімізге есімі танымал тұлғалармен бірге жүрдім. Ұлы Баукең – Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдинов, партизан жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, тағы да екі мәрте батыр атанған диқан ата Ыбырай Жақаев, Мойынқұмнан шыққан атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев бастаған қазақтың тұлғаларынан сұхбат алу мәртебесі бұйырды, – дейді әріптесіміз.

Әлі есімде, 1992 жылы Қазақстан Компартиясын ұзақ жылдар басқа­рып, Қазақстанның гүлденуіне шексіз үлес қосқан Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 80 жасқа толды. Алматы облысы, Балқаш ауданының сол кездегі әкімі Тілеулес Ардабаев ештеңеден қай­мықпай, Димекеңнің 80 жылдығын атап өтіп, астына ат мінгізіп, үстіне зерделі шапан жапты. Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында өткен торқалы тойға «Қазақстан» ақпараттық бағдар­ламасы бас редак­торының орын­басары Ержан Уәйіс және сол кездегі Алматы теледидарының бас редак­торы ретінде мен қатыстым. Ержан досым Дінмұхаммед Қонаев­тың 80 жылдығына арнап, бес минуттық репортаж берді. Ал мен 25 минуттық хабар жасадым. Осы ерлігі үшін Ержан Уәйіске қатаң сөгіс берілді, мені де Президент әкімшілігі біраз қыспаққа алды. Не көрмеген бас, оған да шыдадық. Ең бастысы Димекеңдей қайталанбас алып тұлғаның алдында арымыз таза болды, досым Ержан екеуміз журна­листтік парызымызды адал орын­дадық. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан соң Ерекең шетелде аккре­дитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі, Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркиядағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі болды.

1992-1993 жылдары Ыстанбұл қаласындағы республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Заман – Қазақстан» газеттері мен ҚазТАГ агенттігінің, Германиядағы «Азат­тық» радиосының Түркиядағы тұ­рақты тілшісі қызметін қоса атқарды.

Түрік Республикасындағы Қазақ елшілігінде дипломатиялық қызмет етіп, Ыстанбұл қаласында Қазақ­стан­ның тұңғыш бас консулы қызметін атқарып, екі ел арасындағы әріптестік, туыстық қарым-қаты­настың қалып­тасуына айрықша қызмет етіп, достық көпірінің негізін қалауға үлесін қосты.

Бірнеше жыл ТҮРКСОЙ бас директорының бас кеңесшісі болды.

Ержан Уәйіс – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жур­­налистер одағы сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Үнемі ізденіс үстінде жүре­тін журналист Қазақстанның Тәуелсіздігі, сыртқы қатынастары, Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар туралы бірнеше теле­визиялық деректі фильмдер түсірді. Бірнеше кітаптың авторы. 1997 жылы Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы бас консулы қызметінде жүргенде Мекке, Мәдинада болып, қажылық парызын орындады.

Қызылорда облысы әкімінің ар­наулы тапсырмалар жөніндегі кеңес­шісі, халықаралық ұйымның бас кеңесшісі, тіл­дерді дамыту басқар­масының бас­шысы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы болып жауапты қызметтер атқарды. Еңбегі бағаланып, Жаңақорған ауданының құр­метті азаматы атанды. Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің құрметті профессоры, «Хорасан ата» республикалық қоғамдық қорының президенті.

Қазіргі таңда «Дүниежүзі қазақ­тары қауым­дастығының» Түркия еліндегі арнаулы өкілі, ТҮРКСОЙ халықаралық «Бейбітшілік әлемі» сыйлы­ғының лауреаты, Дін­мұхаммед Қонаев орденінің иегері, Халықаралық Д.Қонаев қорының мүшесі. Түркия президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған, Премьер-министрлер Нәжмиддин Эрбакан, Месут Йылмаз, Тансу Чиллер, сон­дай-ақ Түрік дүниесінің лидері Алпарслан Түркеш, Ыстанбұл әкім-губернаторы Хайре Козакчиоглының қабылдауында болып, қазақ теле­визиясына сұхбат алған.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері.

«Ana tili» газеті