АИ-95 тапшылығы болмайды, сонда да Ресейден импортты арттырамыз – вице-министр

284

0

Фото – pixabay.com

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов АИ-95 маркалы бензиннің тапшылығын болдырмау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергетика министрлігінде өткен брифингіде БАҚ өкілдері вице-министр Ерлан Ақкенженовтен АИ-95 маркалы бензиннің тапшылығы қалай шешілетінін сұрады.

«Бүгінгі таңда Ресей Федерациясымен 40 мың тонна (АИ-95 маркалы – ред.) бензин жеткізу туралы индикативті келісім бар. Біз Ресей Федерациясы Энергетика министрлігіне осы индикативті балансты 70 мың тоннаға ұлғайту туралы хат жолдадық. Яғни, бұл шамамен 110 мың тонна болады деген сөз. «PETROSUN» компаниясының қажетті бензинді жеткізбеуі туралы сұрағыңызға келсек, келісімшарт Ресей Энергетика министрлігінің өтініші бойынша бір айға шегерілді. Өздеріңіз білесіздер, оларда АИ-95 маркалы бензин мен дизель бойынша жағдай оңай болмай тұр. Ресейдің оңтүстік өңірлерінде тұтас бір аймақтарда бензин мен дизель жоқ. Тіпті ол өңірлерде егін жинау науқаны үзіліп қалуы мүмкін. Біз ол әріптестерімізді түсінеміз», – деп жауап берді министрдің орынбасары.

Айтуынша, Ресейден әкелінетін бензин көлемін ұлғайту шарасы сақтық үшін ғана жасалып отыр.

(Бірақ бұл жерде АИ-95 бензинінің өзіміздегі өндірісі қазан айында 65 мың тонна көлемінде болатынын айту керек. Жоспар бойынша 80 мың тонна тұтынуымыз керек. Бірақ қыркүйек айының қалдықтарын қосып есептесек, болжам бойынша, қазан айын тапшылықсыз өткізе аламыз. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша АИ-95 маркалы бензиннің тапшылығы болмау керек», – деді Ерлан Ақкенженов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<