Айтыстың ақмылтығы

2817

0

Хазар теңізі жағалауын мекендеген үнді-иран жұрты пайғамбар санаған, авесталық дұға-формулдардың негізін қалаушы Заратуштрадан қалған «Дұрыс ой түзік сөзге, ол оң әрекетке бастайды» деген сыңайдағы үш әлемді біріктіруге негізделген, қалай қолдансаң, сол бағыттың межесін анықтауға ыңғай таныта қоятын тәмсіл бар. Мен соның жер бетіне шашырап түскен көлеңкесіндей қиық сәулесінің жауһарларын кейде айтыс өнерінен көргендей боламын. Ақынды алдымен импровизацияға, яғни суырыпсалуға төселдіріп, белгілі ортада жастай жетілдіру арқылы табан асты оқыс ой тауып, содан соң өрнегі қиыннан қиысқан, кестесі келісті өлең құратып, алқалы жиынға машықтандыратын айтыс – тыңдаушы топтың түрлі сезімге толы толғаныс әрекетін туындатып, вегетатив көңіл күй жасайтын күшке ие. Міне, жоғарыда айтылған үштік тәмсіл – трихотомия, яғни ақынның ойы, сөзі, әрекет (тыңдарман әрекеті. – авт.) ізі осы жерде жатыр.

Айтыстың тарихы тым тереңге, сонау есте жоқ ескі күндерге қарай тартады. Содан да болар, әдебиеттану теориясының білгірі, академик З.Ахметов суырыпсалма ақынның тұлғасын байырғы жыршы, жырау сияқты әлеуметтік ой-пікірді реттеуші сөз иелерінен де ауқымы кең, солар атқарған қызметті толайым қамтитын ескі тип ретінде қарастырады. Олай болса, кешегі Сыр сүлейлерінің сарқыты, бүгінгі заманауи сахналық айтыстың арғы-бергі тарихында «Алтын домбыра» жүлдесін үш рет жеңіп алған, Алла абыроймен алқағандықтан, шашасына шаң жұқпай, тозаңына қара ілеспей келе жатқан айтыстың ақмылтығы Мұхтар Ниязовтың шығармашылық сүбесінің аужайын, жалпы оның айтыскерлік шеберлігімен байланысты қазіргі заманауи айтыстың өткені мен бүгінін түстеп тану үшін сөзімізді сәл әріден бастаған жөн болар.

Қайнар бұлақтың қарқыны

Қазақ айтыс өнерінің байырғы бастаулары, дамуы, кейінгі жеке арналардың қалыптасу, салалану тарихы мен теориясына қатысты кезінде мамандар тарапынан жазылған жайлар баршылық. Сахарадағы көшпелі халықтардың, оның ішінде қазақ пен араб бәдәуилері өнеріндегі ұқсас тұстарды салыстырып, негізінен, бұлардың ақындыққа бейім жұрт екенін айтқан Ш.Уәлихановтан бастап, «Айтыс өлеңдері» атты іргелі зерттеу жазып, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек жұртындағы импровизация өнерін сарапқа салған М.Әуезовпен қатар пікір айтқан мүйізі қарағайдай ғалымдар, осы тақырыптан докторлық диссертация қорғаған

Сыр бойының тумасы

М.Жармұхамедов тақырыпты мүмкін болған жеріне дейін жеткізді. Тіпті, әдебиеттанушылар арасында айтысқа қатысты сөз қозғамағандар тым сирек. Солай бола тұра, айтыс өнерінің тарихи, саяси, әлеуметтік, қоғамдық, заманауи үдерісінің өткені мен бүгіні арасына алтын көпір болатындай өзегі тұтас еңбекті кезіктіру қиын. Өйткені бұл тақырып әр кезде, алуан көзқарас пен кеңестік қасаң идеология аясында түрлі деңгейде, біріне екіншісі кереғар пікір­лер тоғысында бағаланып келді.

Аталмыш ғалымдардың ойын ортақ арнаға тоғытар болсақ, айтыс әуелде топталып айтылатын тұрмыс-салт жырлардан бастау алып, жүре келе, «сөз жарысы, пікір таласы» мағынасын иеленіп, кейін қайымдаса дамудың арқасында екі ақынның жұрт алдында сөзбен түйрескен жекпе-жек өнері дәрежесіне көтерілгенін аңғаруға болады. Ғалымдардың бәрі бір ауыздан, ақындар айтысы белгілі бір саз аспабының сүйемелдеуімен, көпшілік бас қосқан ас, жиын-той, ойын-сауық кезінде өтетінін, оның әділ төрешісі халық екенін айтады. Айтыстың бұл ерекшелігі күні бүгінге дейін ілкідегі сол тұмса қалпын бұзған жоқ десек болады. Өйткені қазақ даласында алқаның қолдауынсыз өткен бірде бір айтыс жоқ. Мұның себебін М.Жармұхамедов «Айтыс өзінің тез баурағыш тартымды сипаттары арқылы қазақ өмірінің әр саласымен ертеден біте қайнасқан жанр» деген пікірмен бекіте түседі. Ал М.Әуезов аталмыш өнер орта ғасырда Батыс Еуропадағы фильд, Франция терістігіндегі трувер, орталық Еуропадағы мейстерзингер, Скандинавиядағы скальд, орыс скоморохтары мен қазақтағы өзара тығыз байланысын ашып көрсеткен болатын.

Кеңес Одағы тұсында зерттеліп, ерекше зерделене бастаған айтыс өнерін Қ.Жұмалиев жанрлық тұрғыда жеті топқа бөлсе, М.Әуезов әдет-ғұрып және ақындар айтысы деп екі түрге жіктеп, ақындар айтысының мазмұнын қысқа жауаппен қақтығысатын түре айтыс және кең көсіліп, түйдектетіп ұзаққа сілтейтін сүре айтыс деп анықтай түседі. Қазіргі сахналық сипат алған айтыс М.Әуезовтің жіктемесіндегі екі түрдің кейінгісінің белгілі бір уақыт аясына шақталған формасын құрайды. Айтыс өнерінің білгірі М.Жармұхамедов әдебиеттану ғылымындағы осы жанрлық жіктеулерді толықтырып, бұл қатарға жазба айтысты қосты. Ал Т.Бекниязов айтыстың уақыт өткен сайын жаңаша дамитынын, «Қазіргі айтыста заман өзгерісі, қо­ғамда болып жатқан жаңалықтар, халық өмірінің соны әлеуметтік сипаты сөз болып, бейбітшілік, гуманизм мәселелері қозғалатынын» айтты. Ол рас, жалпы сөз сайысында, айтыстың үстінде қозғалмайтын тақырып жоқ. Заман ағымы нені талап етсе, қоғам мүшелері, яғни ақынның тыңдармандары қай нәрсені қаласа, айтыс міндетті түрде соны тақырып етіп көтеріп, айтыскер халықтың ойындағысын айтып, биік мінбердегі билік басындағыларға жеткізіп отыратын дәнекерлік қызметі – ежелден қалыптасқан жазылмаған дала заңдарының бірі.

Кейінгі бір ғасыр, оның ішінде біз куә болған соңғы 20–30 жыл көлемінде айтыстың мазмұны адам таныстай болып өзгерді. Әрине, жақсы жағына қарай. Осы арада халық ауыз әдебиетіндегі ауызша сөз құрайтын суырыпсалмалық дәстүр мен кейінгі жазба әдебиет өкілдері жайын өз алдына сөз еткен орынды. Шын мәнінде, бұл өзі тек қазақ әдебиеті мен фольклорында ғана емес, әлемдік поэзиядағы үлкен керте, түйткілі көп мәселелердің қатарынан саналады. Бір кезде ауызша поэзияның ұңғыл-шұңғылын, әсіресе оның ауызша қабылдау, сіңіру, шығару, таралу мәселесін шұқшия зерттеген американдық ғалым А.Лорд «жазбаша дәстүр ауызша сөз өнерінің көрін қазушы» деген ыңғайда үкім айтқан болатын. Әрине, бұл пікірге иек артар болсақ, қоғамға жазба айтыс келген кезде суырыпсалу үрдісінің күні еңкейіп, жұтылып кету керек еді. Өйткені академик З.Ахметовше айтқанда, импровизацияға қарағанда «…жазба әдебиетінің өмір шындығын бейнелеу әдісі, көркемдік ой жүйесі, қолданатын жанрлары, стиль, тіл өзгешеліктері қай жағынан да жаңа, соны қасиет-сипаттары мол» ғой. Рас, қоғамға жазба мәдениет дендеп кірген кезде халық мұрасын жадқа сақтаған орындаушылардың жазбаша сауат ашып, тұрақты мәтінге телміруі жыршылық, күйшілік, әншілік дәстүрде

А.Лорд айтқандай, ауызша мәдениеттің «көрін қазбаса» да, елеулі әсерін тигізіп бақты. Бір қызығы, бұл үдеріс айтыс өнерінде керісінше сипат алып, өзінің өміршең қасиетін көрсете бастады. Ал көптің көкейіндегі «Бұл қалай?» деген шоқпарбас сауал әлі күнге дейін сол күйі, жауапсыз кетіп бара жатыр. Әрине, табиғаты жағынан тым жақын тұрған өнер түрлерінің арасындағы мұндай алағаттық кім-кімді де таңғалдырмай тұрмайды. Сол үшін қазіргі сахналық айтыс өнері өкілдерінің шығармашылық зертханасын зерделей түскен жөн.

ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында серпінді дамыған жазба айтыс, негізінен Шығыстың классикалық әдебиетін меңгерген шайырлар арасында өріс алды. Мұндай айтыстардың мазмұнына, негізінен, қарсылас ақынға үшбу хат жолдау арқылы мысал айтып, жұмбақ жасыру тәсілі тән. Әрине, мұның бәрі жазба айтыс иесінің білім өресін, ақыл-ой – интеллект деңгейін көрсетуге негізделуінен. Жазба айтыс өз тарапында ауызша дәстүрдегі көркемдік мазмұн мен түрді дамытуға ерекше ықпалын тигізді. Жазба сауат пен импровизация біріне екіншісі кереғар мәдени ұстындар бола тұра, екеуара мәмілеге келуі ғажап құбылыс. Бұл да сол, айтыс өнерінің кез келген жағдайға икемделіп, қоғамдық-әлеуметтік болмысқа бейімделгіш ерекше табиғатын танытады. Мұнда алдымен жазып шығару, содан соң жазба мәтінді жаттап алу, кейіннен әлгі жадындағы дайын қор­ды қарсылас ақынның уәжіне сай қайта туындату, түрлі жағдаятқа байланысты жаттағаны мен табан асты суырыпсалу арқылы екі айрықтың басын қосу мәселесі қыл үстінде – сөзді әуендетіп, лекітіп айтып отырған кезде жедел шешім табуы тиіс. Әрине, ол оңай шаруа емес. Сондықтан да мұндай жан-жақты қарым-қасиетті талап ететін бұла өнерде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардың ғана жүретіні айтпаса да түсінікті. Қоғамның тынысын тамыршыдай тап басып, соны мәселе етіп көтеру жолында талант, таным, білім, сахна мәдениеті, орындау машығын бір бойына жия алмаған айтыс ақыны тыңдаушының қажетін өтей алмайды. Олай болмаған жерде оның сахнадағы ғұмыры да келте. Қазіргі айтыс осы заңдылыққа негізделген.

Айтыстағы әуелгі қайнар бұлақтың қарқыны жылдар өткен сайын басқа қырынан айшықтанып, түрленіп, құбылып, бүгінде мүлдем басқа сипат алып бара жатыр. Иә, «Айтыстың түп мақсаты – ұту, қарсыласын қисынды да уәжді сөзбен қапысын тауып, ерік­сіз тізе бүктіру…» дейтін М.Жармұхамедов пікірі қашан да өзекті. Ол үшін айтыскер үнемі, үдемелі дайындық үстінде болуы тиіс. Жалпы кім болса да, мейлі ол байырғы немесе бүгінгі жыршы, әнші, күйші болсын, алқаға түсер алдында міндетті түрде дайындалады. Өйткені қоғамда қазіргі айтыс ақындары айтар сөзін «алдын ала дайындап алады» деп күңкілдеу басым. Қай өнер түрінде болсын, дайындалмау деген ұғым жоқ. Тіпті, алқаға түсетін сөзуар би-шешендер де алдын ала дайындық жасайды. Бұл жайында өнер иесі топқа түсер алдында міндетті түрде дайындық жасайтынын әлем фольклорын зерттеген ғалымдар тақырып ыңғайына қарай сан мәрте айтып, жазды. Олай болса, алдын ала дайындық жасамайтын ақын болмайды. Мәселе сол дайындаған өлеңін көпшілік алдында импровизация тәсілімен, туындатпа шығармашылық тетіктерді іске қоса отырып, ерекше орындаушылықпен топқа салып, тыңдаушының ықылас, ілтипатына бөлене білуде. Заманауи айтыс ақындарының сахналық ғұмыры бәйшешек гүлмен тағдырлас болатыны сондықтан.

Айтыс өнерін Кеңестік кезеңге дейінгі, Кеңес Одағы тұсындағы және тәуелсіздік дәуіріндегі деп шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Аталмыш жіктеменің кейінгі екі сатысында науқандық сипат басымырақ. Әсіресе, Кеңес Одағы тұсында ақындар колхоз, совхоз, өндіріс, облыс, аудан, ауыл атынан сөйлеп, бұрынғы айтыстың түр-сипаты мен мазмұнын басқа арнаға бұрып жіберді. Ұлы Отан соғысы жылдарында айтыс үндеуге айналып, плакаттық сипат ала бастады. Мұндай науқаншылдық егемендік алған жылдан кейінгі «қайта құру» кезеңінде де байқалып қалып отырды. Соңғы кезде айтыс бұл әдеттен арыла бастағандай. Мұндай заңды үдерісті М.Жармұхамедов айтыстың «әсте тоқырамайтын, тіпті жаңа кезеңде соны белеске көтеріле беретінінің айқын айғағы» ретінде қарастырады. Әділ сөз, орынды баға.

Мен ғасырлар қойнауынан жеткен қазақ айтыс өнерінің бір белесін, еге­мендікпен қоса көтерілген соны өресін «Жүрсіннің жүйріктері» деген, әдеби айналымға енбегенмен, ауызекі қолданыста жүрген тұрақты сөз тіркесінің пайда болу кезеңімен байланыстырған болар едім. Иә, азаттық алған жылдары қазақтың айтыс өнерінің белгілі асуы онсыз да күрмелуге жақын тұрған. Көненің мұрасын жаңа заманға жалғаған Манап, Тәушен, Көкен, Махамбетқали, Замаддин, Көпбай, Егеухан, Әсия, Надежда, Әселхан, Қонысбай, Шынболат, Шолпан, Баянғали, Есенқұл, Шорабек, Қаныбек, Қатимолла, Әбдкәрім сияқты жүйріктер өздері бағындырған межелі белден түсіп, тізгінді келесі буынға берді.

Тап осы тұста айтыс сахнасына Қуаныш, Айтақын, Жандарбек, Құдайберлі, Әзімбек, Бекұзақ, Серік, Ерік, Жадыра, Кенжебай, Ақмарал, Маржан, Кәрима, Елена, Әнуар, Мэлс, Аманжол, Қойлыбай, Оразалы, Анар, Айнұр, Алтынкүл, Айбек, Әбілқайыр, Бауыржан, Салауат, Айнагүл, Бекарыс, Бекжан, Дәулеткерей, Балғынбек, Ахметжан, Жәкен, Шынберген, Мұхамеджандар шығып, бұл өнердің бағытын байырғы түрді астар ете отырып, заманауи талап-тілек негізінде қайта жасақтап, ұлттық құндылықтарды ұлықтай бастады. Бұл күнде ой елегінен өткізіп отырсақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңнің өзін үш буынға бөліп, айтыс ақындарының жаңа толқынын қалыптастыра бастаған солардың өзі тұғыр тағын қазіргі Ринат, Мұхтар, Мақсат, Жансая, Нұрмат, Шынарбек, Сара, Жандарбек, Рүстем, Еркебұлан, Дидар, Нұрлан, Арман, Мақсат, Қалижан, Мейірбек, Біржан, Шалқарбай, Аспанбек сияқты кейінгі өкшебасар көкжал толқынға ұсына бастаған сияқты. Өйткені айтыс – үнемі жаңарып, мазмұн, түр жағынан жасарып, ұйқас үйлесімі жасанып, астары түлеп, сөз сиқыры жасырған сыр өзге түрде құбылып, жаңа буын тыңдаушының талабын қана­ғаттандырып отыруға жаралған өнер. Сол санаттағы тұғыры аласармаған, тұяғы тасты көскен қас жүйріктің бірі һәм бірегейі – Мұхтар Ниязов. Ендігі сөз бұрынғы сары далада сөз саптаған сүлейлердің бүгінгі сөз ұстаған сарқытының, жазба дәстүр мен суырыпсалма үрдісті түйістірген түйсік иесінің сахнада өткізген кейбір айтыстары жайында.

Шымшыма сөздің шебері

Айтыс сахнасында тұғырдағы ақжем тастүлек емес, зар күйінде тұрған қоңыр түлек баршын Мұхтардың сөз сайыстарының бәріне бірдей талдама жасау мүмкін емес, әрине. Біздің қолымызға түскен азын-аулақ мәтіннен-ақ оның шама-шарқын тануға болады. Жалпы, мұнда бірден көзге түсетін жайт, қай мәтінде болсын, ақындар айтысты үш-төрт қайырыммен күрмейтіні көрініп тұр. Осының өзі заманауи айтыс сахналық түрге байланысты белгілі бір қалып, шекті ая қалыптастырып үлгергенін, уақыт – айтыстағы басты өлшемдерінің біріне айнала бастағанын көрсетеді. Осы үш-төрт кезектесуде базынаңды басып айтып, барыңды базарлап үлгеру – оңай міндет емес. Бұл – сахнагерлікке тән барлық ерекшелік атаулы айтыс өнеріне, айтыс ақынының бойына толық көшкенінің белгісі.

Бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтыстың бір ерекшелігі, заманында шайырлар қалыптастырған жазба айтыс дәстүрінен еншілеген қасиет – айтыс ақыны төңіректі шарлап, әр нәрсені барлап жүріп алмай, тақырыпқа тұтқиылдан келіп тура түсе кетеді. Тіпті, кей жағдайда байырғы майталмандарша амандасып жатуды да қажет деп таппайтын сияқты. Өйткені оның бәрі уақыт алады. Қазіргі айтыс та техногенді өмірдің өзі тәрізді, тым жылдам, өзгермелі. 2020 жылы Астанада өткен «Алтын домбыра» сайысында Мұхтардың қарсыласы болған Бекарыс Шойбеков сал­ған жерден «Қызылорданың мәдениет министрі, / Билікте пісіп тұрған бес тарысы… / Бұл баяғы момақан Мұхтар емес, / Бұл жолы келіп отыр басқа кісі…» деп, түйрей сөйлейді. Иә, тап осы кезде ол қалалық мәдениет бөлімінің басшысы болып мемлекеттік қызметке тағайындалып, тиісті заңнамадан емтихан тапсырған. Бекарыстың «…Ауылынан үміті үзілген соң, / Шымкентке келуі жиілеп кетті, / Біз жақта оншақты күн оқыды да, / Барды да Қызылорданы билеп кетті…» деп қыжыртуының себебі сол еді. Айтыс осындай өмірбаян деректерін күйттеуден басталып, Түркістан – Қызылорда облыстарында орын алып жатқан сан түрлі әлеуметтік мәселелерді күйттей жөнеледі. Тап осы жерде біз кешегі Кеңес Одағы тұсында аға буын ақындар пайдаланған айла-тәсіл түрлері күні бүгінге дейін өзінің мән-мағынасын жоймағанына куә боламыз.

Міне, оңтайлы сәтті орайлы пайдаланған Мұхтар алғашқы кіріспе түйдек­тің бастама жолынан-ақ алды-артын матап, көрермен көңіліндегі күдікті сейілтіп, көпшіліктің езуіне күлкі үйіре қояды: «Аманбысың, қысық көз, көз көргенім, / Байқамайтын өз мінін, өз кемдерін…». Мұны ат шаптырым залда отырған қауымның тынысын сезініп, бірден күретамырға түсе қою десе болар. Одан әрі қарсыласын ұлықтап отырып сілелетеді: «Алысқанда желкемен жерге қадап, / Шабысқанның алқымын ісіреді. / Көзі мысқыл ағамсың, сөз қышқыл, / Қыжыртумен бітетін ісі үнемі». Сыңар жолда егіз ұйқасқа құрылған «көзі мысқыл, сөзі қышқыл» тіркесінің өзі үлкен жүк арқалап тұр. Айтыс өнерінің білгірі М.Жармұхамедовше толғасақ, «Мұнда кемсіту жоқ, әзілге сыйымды жеңіл юмор ғана бар». Қарсыласының сырт пішіні мен жеке басындағы мінді тілге тиек ету ежелгі айтыста да, одан кейінгі дәуірде де болған һәм бола беретін тәсіл. Шығармашылық зертханасының басты ерекшелігі – шымшыма сөзге құрылған Мұхтар қарсыласын «қармағына» бір іліндіріп алған соң, кімге де дес бермейтін, қашан да есе жібермейтін шебердің бірі. Міне, «Он жылда алмаған біліміне он күнде қол жеткізуіне» байланысты айтылған уәжі: «…Ұстаздық үйретпеген нәрселерді, / Мұқтаждық үйретті де, рухтандым… / «Шымкентте кілті бар деп» бекер айтпайд, / Есігін ашатын бар құлыптардың». Мұнда да екі жолдың басында «ақбоз», «көкбоз» болып қатар келген «ұстаздық» пен «мұқтаждық» сөзі өзара ұйқасып қана қоймай, тыңдаушының санасында дыбыстық үйлесім жасап, күшейтпелі мағынаға иелік етіп тұрғаны анық. Тағы да сол, абайламаса аунатып кететін уытты әзіл, езу тартқыза қоятын жеңіл юмор.

Иә, ол қай айтыста болсын, өзін ажуа мен мысқылдан аулақ ұстауға тырысады. Өйткені ол пайдаланатын тәсілдің оңтайлы түрінен емес. Біз білетін Мұхтардың қарапайым қалпы да осы – кімді болсын жанына жақын тартып, өмірге құштарлығын еселеп, риясыз күлкіге кенелтетін зілсіз әзілге бейім. Өмірдегі мінез бен өлеңдегі басты тәсіл арасында осындай байланыс желі жатыр. Осы бір ғана айтыстың өзінен ақынның басты тәсілін тиянақтай түсетін, соғыс өрті жүріп жатқан Армениядан көлік әкелдің деп күстаналауға орай айтқан «Армияға бармаған бұл Мұхтарды, / Арменияға барды деп ойлайсың ба?» немесе Сырдың суының сағадағы Түркістаннан шегенделуіне байланысты жауабынан «Палауға сәбіз қосып жейтін ел ең, / Неге сонша қыстыңдар жауша бізді? / Бізде күріш шықпаса күртілдетіп, / Нанға қосып жейсің бе, ол сәбізді?» секілді еріксіз езу тартқызатын сәттерді тергіштей беруге болады. Тыңдарманға керегі де – осы. Өйткені тауып айтылған шумақ түгіл, әр жолға зор табыс көзі ретінде қарайтын айтыстың жазылмаған ежелгі заңы солай. Ол әзілге жеңдіріп отырып, бір сәт өзін де, сөзін де жиып ала қойып, «Қой деген құрбандық қой қай кезден-ақ, / Мауыздалсын, өртенсін, лаулап өлсін. / Әйтеуір елім тыныш, адам аман, / Ау, Беке, не келсе де малға келсін!» деп, төпелеп ала жөнеледі. Демек, әзіл айтты екен деп әлсіздік танытып, тізгінді сәл босаттың екен, таутайлақ жеген жолбарыстай аунатып алып, бүгерлей салуы оңай. Жаңақорған ауданында орын алған төрт түлік малдың өліміне байланысты шетін жағдай құрсауынан сытылып шыққан сөзі еді бұл.

Әрине, тіл жетсе, білім дәрежесі көтерсе, тәсіл тапса, амал етіп қай нәрседен болсын «құтылуға» болады. Сөйтіп, ойнақшытып келіп, бәз болмысына қайта түсіп, «Ау, Беке, аман-сау жүр шалқақтаған, / Тай жеген бөрі құсап талтақтаған…» сияқты қарымды эпикалық айшықтармен бір орағытып өтіп, «Қатарың болмаса да тойға келіп, / Қара өлеңнің базарын тарқатпаған» деп, Бекарысты тағы да тік түйреп өтеді. Әрине, бастан-аяқ диалогқа құрылған айтыста кейде «…қоғамдық, мемлекеттік мүддені жоғары қою талабын ұстанған айтыс ақындары бұрыннан қалыптасқан жеңу, жеңілу дәстүрін де басты шарт деп санамайды». Ғалым М.Жармұхамедовтың аталмыш уәлі пікірі тап осы жерге дәл келетін сияқты. Өйткені қазіргі айтыс жеңу мен жеңілістен гөрі айтыскердің үнемі қимыл-қозғалыста жүретін жылжымалы һәм жинақталған таным-тәжірибесі мен меңгерген білімі арқылы қалыптасқан «кристалды интеллект» деңгейін танытуға негізделген. Мәселенің қалған жағы тыңдаушының еншісінде.

Шығыс Қазақстанда өткен «Алтайым, алтын бесігім» атты айтыста Айнұр Тұрсынбаевамен сөз қағыстырған Мұхтар байырғы жеңге мен қайны арасындағы тамаша әзілге тізгін сүйепті. Кейде, абайламаса, әзілдің азғырушы, арбаушы Әзәзілге айналып кететін кездері болады ғой. Жоқ, Мұхтар араласқан айтыстан ондай оспадарсыздықты кезіктіру қиын. Қайны мен жеңге арасында өткен дәстүрлі айтыс мәтіндерінде «Дегенде икем кісі, икем кісі, / Жігіттің өлең айтар икемдісі. / Жеңгем деп бір-екі ауыз әзіл айтып, / Қайныңның келіп отыр сүйкенгісі» деп басталатын бір ерекше жарасым болатын. Мұхтар сол салтқа сүйеніп, баяғы самаладай желпіген әзілімен жіберіп, тартып аңысын аңдап отырады. Әсіресе, кіріспедегі «Тайлақтай ерсе бүгін көшке өлеңім, / Көштен бұйда үзбеуді қош көремін» деген екі жолдың бейнелі күрмеуі мен көтеріп тұрған жүгі зор. «Атандай ағалардың алдымдағы, / Аманатын арқалап өскен едім» деп тебіренетін ақын өзін дәстүрлі орта дәнегінің дәмін алып өскен оғлан екенін сөз әуселесінде білдіріп өтеді де, тап бергеннен-ақ тапжылтпас әзілдің диірмен тасымен бастыра қояды: «Аялап Айнұрдайын аруыңды, / Мінезін жұмсартайын адуынды. / Шаққанын өлтіретін қара құрттай, / Тіліңе жинап келдің бар уыңды».

Айнұр қыз да оңай сойдан емес. Десе де, Мұхтардың бастырмалатуы бөлек, «Қарсылас шақ келтірмес Головкиндей, / Еркектің соғып біттің бәрін жарға… / Сөзінен бөзі қымбат сияқты ғой, / Үстіне үйір жылқы жамылған ба?» деген шумақтағы «Үстіне үйір жылқы жамылу» ұғымы суырыпсалма, жазба айтыс, тіпті заманауи поэзияда да соны теңеу, шекесі шылқыған қанық бейненің қатарына жататын едәуір табыс. Бейнелі ойлауға дағды алдырған жан үшін үйір жылқының құнын құнттап қажеті жоқ, оны Айнұрдың иығынан көрген кісінің бірден көңілі көншіп, есебін әркім өзі ойша шығарып ала береді. Оның қай айтысына болсын, осындай бейнелілік тән. Бұл тарапта есті Айнұрдың да жауабы жайдары: «Алтын бас мендей әйелден, / Бақыр бас сендей ер артық». Тағы да сол, көтермелеп отырып, тастай салатын әдетімен «Айнұрдың жараланып балтасынан, / Талайлар құлаушы еді жалпасынан» деген мадағын сына тауып бір өткізіп алған соң, қарсыластың түрлі түртпегіне шалыс ұйқастың ыңғайымен «Тілімен ризық тапқан ақындармыз, / Арадай аяғымен бал тасыған» деп, байыппен жауап қатып отырады. Аталмыш айтыста қарсыластың Мұхтарға берген бағасы бөлек: «Лапылдап, лаулап отырсың, / Маздаған, Мұхтар, отсың ғой!». Міне, сөзге тоқтау деген – осы!

Айтыс барысында Мұхтар, тамашадан тартынып, он күн жол жүріп келгенін айтып, «Алдыменен әйелді алдырыңдаршы, / Артынан келе жатар бала-шаға» деп әзілге шылбыр тастаған тұста, Айнұр «Шай құйып жүрген қу қыздар, / Келіп ед саған нешеме. / Шай емес, бұғының қанын, / Құйып кеткен бе кесеңе?» деп, шап етіп шалғайынан ала түседі. «Ә, бәлем, шалыс өреленген жерің осы шығар?» дейсің, ішіңнен. Жоқ, жылыстап отырып, одан да жол тауып, жорғалатып кетіп бара жатыр: «Ауыздықпен алысып біздер қазір, / Бұғыға қан беретін жастамыз ғой!». Әдемі әзілмен басталған айтыс, сол биігінде тұрып күрмеледі: «…Басқаның бармағына ашылмайтын, / Сен­сорыңды сипасын қожайының!». Мына түйіннен кірме сөзді әзілге кіріктіре отырып, санаға сіңіріп, өңін өзгертіп жіберудің әдемі тәсілін көреміз.

Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров екеуінің айтыс мәтіндерінен жылдас, заманы ортақ құрдастың бір-біріне өткізе айтқан өткір әзілдерінің куәсі боламыз. Мұхтар өзінің қашанғы әдетімен әр қадам сайын тобықтан қағып, топшыдан ұрып, қарсыласын тәлтірек күйге түсіріп, бағытынан тайдырып бағады. «Ассалаумағалейкүм, Шалқарбайым, / Алты алашқа белгілі талтаңбайым» деген алғашқы қағытпадан бастап-ақ қыр ізіне түсіп алып, қыжыртады: «Табам деп тайлық күлкі, аттық әзіл, / Шалқарбай ізденісте қатты қазір!». Пах, шіркін, құрдасқа не айтса да жарасымды ғой. Алып ұрып былай, іштен шалып олай, көтеріп, қайта тастап жібереді: «Шалқарбайдың астына бармаймыз» деп, / Столдар да қашатын бопты қазір». Қолына домбыра алса, делебесі қозып, байыз тауып отыра алмай кететін арқалы қарсыласын қалай да бас көтертпеуге тырысады. Содан соң, тағы бір айналып келіп, осы қалай деген жерден шаптүрткі жасай қояды: «Сөзіңде қалжың бай да, білім кедей, / Біздер бірақ жүрміз ғой бір үндемей». Шалқарбай ес жиямын дегенше тағы төпелей түседі: «Жақсылап қараған жан түсінеді, / Жан дүниеңнің суреті түріңде ғой. / Бетіңе әбден береке сіңген екен, / Көз демей, ауыз демей, мұрын демей…». Оқып отырып Шалқаржанға кәдімгідей жаның аши бастайды: «Топқа түскен жүйріктей көсіл онда, / Тоққа түскен қарғадай дірілдемей». Айтыстағы ақмылтық Мұхтардың арыны, міне, осындай.

Сонда «Шалқарбай не деді?» дейсіз ғой? Қарап жатқан жоқпын, тырнап жатырмынның кері: «Бесіктің астындағы банкыны айттың, / Подружка болғандай мамымменен. / «Манный жейтін жасында манты жеді» деп, / Қауыштырдың балалық шағыммен». Ой, шабаздың баласы-ай, бүйтпесең сен Шалқарбай болармысың?! Қарсыласынан келесі кезегін алған бойда «Сенің білмейтінің де жетеді ғой, / Сабақтан алған бағаң екі еді ғой. / Бір кесе шәй ішкенде сахнада, / Маңдайдан үш кесе тер кетеді ғой…» деген қарқынмен қайта кірісіп, мұзжарғыш кемедей бұрқ-сарқ қайнап кетіп бара жатады. Шалқарбай да құрдас болған соң шыдайтын шығар, әйтпесе «Өлеңге теңеу керек, тіркес керек, / Теорияны сен біраз қағасың ба? / Жеңіл ұйқас жертезек боп жата ма, / Сен тұратын Жайықтың жағасында?» деген сөздерін оқығанда, «Мына айтыстан кейін аралары қалай болды екен?» деген сауалдың құрсауында қаласың. Әрине, бұл тек мәтінде көрініп тұрған жағдаят. Ал жекпе-жектің куәсі болған көрермен не күйде болғанын, сол сәттегі көптің жанды эмоциясы тек бейнежазба таңбалаған мұрағатта. Жалпы, қай айтысты болсын, мәтін есебінде жалаң оқу мен көзбе-көз отырып, тыңдаудың арасында үлкен айырма бар. Айтыс ақыны мен тыңдаушы арасында бұйығы өтіп жататын жанды үдеріс кезінде орын алатын эмоцияға толы түрлі ахуалды тілмен жеткізу қиын, әрине. Мұны толық сезіну үшін айтысты көру керек.

Айтыс – көз қуанышы үшін мәтін күйінде оқуға арналған жалаң өлең емес, екі айтыс ақынының сөз қақтығысын қатар тыңдап, көру үшін жаратылған ерекше өнер. Оның маңызын біржақты ұғу һәм сезіну қиын. Ғалым М.Жармұхамедовтың «…айтыс үстінде өзектес туған егіз жырлар кейін жеке-дара өмір сүре алмайтын тұтас туындыға айналады» дейтіні сондықтан. Жақында Теке қалада өткен сондай дүбірлі жиында, «Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының» басшысы, ақын Бауыржан Халиолла ұйымдастырған, айтыс ақындарының тізгін-шылбырын Жүрсін Ерман қолға ұстаған, бір өлкенің тарихын тіктеген өлкетанушы, Алаш арыстарының ақтығы Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған ақындар айтысының бірінде әлгіндей жанды үдерістің куәсі болдым. Жалпы, қалай десек те, айтыста кісіні тырп еткізбей, кісендеп ұстайтын бөлек тылсым бар. Дүйім жұрт дүрлігіп, дүрілдете шапалақ соғып отыратыны соның белгісі.

…Міне, соңғы жұп, сахна төріне Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов көтерілді. Екеуі де «Алтын домбыра» иегері, азуы алты қарыс, нағыз сөз сүлейлері. Мұхтар салғаннан әзілге басып, қарсыласын илеп, түйрей бастады. Бекарыс та берен емес пе, «Сізге деген ниетім шалқасынан» деп бір сүйкеп һәм жеңіл сүйкеніп өтті де, «Комикті» драмаға басшы қылсаң, / Не болады «трагедия» болмағанда» деп жақында ғана барған қызметін мүйіздеп өтті. Ал суырып салуға келгенде сақылдап кететін Мұхтар не деді? Бекарыс Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ғой. Соны іліп, қулыққа басып, «Ал қазіргі жағдайда депутаттар, / Әртіске әртіссің деп айта алмайды» деп, саяси сарказммен тобықтан қағып жібере қойды. Алдыңғы түртпектерге де уәжі тас түйін: «Ақын адам басқарса айып па екен, / Ақынның атындағы театрды?!».

Жалпы, қазір айтыс өнерінің деңгейі өлшеусіз өсіп, сахнаға жан-жақты дайындығы бар сөз иелері шыға бастаған. Мен тыңдап отырып, соны байқадым. Ер Жүкең талай жыл терін үгіп, топқа салған күліктердің тұяғы осал болсын ба? Екеуі елдің алдында екіленіп, өзеуреп, жұрттың мазасын май ішкендей етпей, әдемі әзілмен қоңыр желдей желпи берді. Орамды ой, бірін екіншісі толықтырып отырған жарасымды әзіл, уытты тіл тиген жерін бүріп, күйдіріп бара жатты. Міне, ағаны ұлықтаудың үлгісі. Сығырайып отырып, сындыратын, тымырайып отырып, тындыратын Бекарысқа «Мен жеңер ем Бекеңді, адам жеңсе!» дейді. Мұнан артық не деуге болады?!

Көбіміз айтысты телеэкран арқылы тыңдаймыз. Бірақ сол жерде сөз сайысына түсіп жатқан ақындардың санасында жүріп жататын бұйығы, нәзік құбылысты сезіне бермейміз. Ғылымда импритинг, яғни бейсаналы түрдегі сана жайындағы ұғым бар. Айдалада құлындаған биеге құлынын ешкім телімейді, оның санасы солай, енесіне өздігінен телінуге қалыптасқан. Айтыс өнері де сол секілді, ақын атаулы әуелде бұл өнерге бейім болып туады. Десе де, импрессинг – бала күніндегі көрген, білген, тәжірибе атаулының санада өшпес із қалдыруы деген ұғым және бар. Болашақ айтыс ақыны мұнан да мүдірмей өтуі тиіс. Жеке тұлға ретінде даму, сондай-ақ мүмкін емес нәрселердің «мүмкін» болуы осы кезеңнен аттай шауып өткен санаулылардың үлесінде. Мұның бәрі жиылып келіп, инсайт деген құбылысқа маңдай тірейді. Біз сахнадан көріп қызықтап, ақынның жыры аяқ астында, өзінен-өзі жарқ етіп шыға келген сияқты әсер­ленетініміз осыдан. Шын мәнінде, ойламаған жерде жарқ ете қалатын нәрсе жоқ. Найзағайдың өзі ақырғы сәтке дейін көзге көрінбейтін, бұлтта жинақталатын электр қуатынан күш алады. Ал адам баласының миының қатпарлары бір нәрсені елеп, көпке алып шығу үшін жылдар бойы бұйығы жұмыс істей береді. Кейін ол абайсызда табылған сияқты, жарқ ете қалуы бек мүмкін. Суырыпсалма ақынның санасында да, осы шамалас үдеріс жүріп өтеді. Анығы Аллаға аян, сосын бір білсе, Мұхтардың өзі ғана білер. Ал әзірге біздің түйсінгеніміз – осы.

Берік ЖҮСІПОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

фольклортанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<