«Алтын белгі» иегері атанған 14 талапкер полиция мамандығын таңдады

483

0

Сурет ашық дереккөзден

14 «Алтын белгі» иегері және қаза тапқан полицейлердің балалары конкурстан тыс Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының курсанты атанды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа ережеге сәйкес ведомстволық оқу орындарына қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары және шекті балл деңгейін жинаған Ұлттық ұлан қатарында мерзімді әскери қызмет өткергендер, «Алтын белгі» иегерлері және ҰБТ-да кемінде 100 балл жинаған талапкерлер конкурстан тыс түсе алады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметкерлерді іріктеу және даярлау сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, полиция ведомствосының жоғары оқу орындары үшін білім беру бағдарламаларының тізбесі кеңейтілді. Енді оқыту жедел-іздестіру, әкімшілік-құқықтық, жедел-криминалистикалық, қылмыстық-атқару қызметі, сотқа дейінгі тергеу, ІТ-криминалистикалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік, ақпараттық жүйелер мен технологиялар, педагогика және психология сияқты бағыттар бойынша жүргізіледі», – А.Боранова министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, 17-26 шілде аралығында ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу үшін өтінімдер қабылдау және конкурстық іріктеу өтті. Іріктеуге Алматы, Қарағанды және Қостанай академияларындағы 800 орынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1500 талапкер қатысты.

«Конкурстан тыс оқуға түскендердің арасында 14 «Алтын белгі» иегері, ҰБТ-да 100-ден астам балл жинаған 25 талапкер және қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің үш баласы бар», – деді ведомство өкілі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<