Ақынын ұлықтаған ел озады

2436

0

Иә, қай кезде де, қандай қоғамда да қазақтың қасиетті қара өлеңі мен сырлы сазы өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Тылсым құпиясын ішіне бүккен қара өлеңнің дүниеге келуі де оңай емес. Осы ретте ақынды табиғат-тағдыр бойына ерекше қасиет дарытқан ғажап құбылыс десек қателеспейміз.

Сыр өңірі, оның ішінде киелі Жалағаш жері өнер саңлақтарына кенде емес. Сырдан ұшып, қазір елімізге, алды шетелдерге танымал өнер қайраткерлерінің есімдерін тізбелеп жату артық болар. Сол айтулы топтың қатарында елімізге белгілі ақын, журналист-жазушы Зордан Салықбаевтың шоқтығы биік.

Зордан Салықбаев 1944 жылы 15 мамырда Жалағаш ауданының қазіргі Жаңаталап ауылында дүниеге келді. 1960 жылы 10 жылдықты бітіргеннен кейін 1963 жылға дейін туған жерінде колхозшы болып еңбек етті. 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогкалық институттың қазақ тілі жəне əдебиеті факультетін үздік дипломмен бітірді.

Еңбек жолын 1967 жылы Аққыр совхозындағы №188 орта мектепте мұғалім болып бастады. 1968-1970 жылдары мектеп директорының орынбасары, 1971-1974 жылдары аудандық партия комитетінде саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1974- 1986 жылдары аудандық «Жаңадария» (қазіргі «Жалағаш жаршысы») газетінің редакторы болды.

Зордан ақын 1988 жылы небары қырық төрт жасында дүниеден өтті. Бірақ артында мол əдеби мұра қалдырды. Ол «Үміт толқыны» (1988) əңгімелер жинағының, «Жазылып қалған жан сырым» (1997), «Армандап өткен ғұмыр» (2006) атты өлеңдер жинағының авторы. 2009 жылы Астана қаласынан «Сырдария кітапханасы» жинағынан өлеңдер, əңгімелер, очерктер жəне ой орамдары шығармасы жарық көрді.

Зордан Салықбаев елді, туған жерді жырлап өткен ақын. Оның жазған дүниелерінен өз дәуіріне деген адалдығы көзге ұрып тұр. Сол дәуірдің жақсылығын қуана жырласа, жамандығын да күйіне отырып, жырына арқау еткен ақын. Оның өлеңдерінен болашаққа деген сенім, елге, еңбек адамына деген махаббаты айқын сезіліп тұрады. Сондықтан Зорданның поэзиясы мен прозасы жас ұрпақты тәрбиелеуде де өзіндік орны бар.

2021 мамыр айында аудан орталығынан бір көшені Зордан Салықбаевтың есімімен атау туралы шешім шықты. Кезінде елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты ақын есімімен аталған көшенің ашылу рәсімі кейінге қалдырылған еді. Бүгін аудан орталығындағы көшеге ақын есімінің берілуі салтанатты жағдайда атап өтілді. Салатантты рәсімге қатысушыларды аудан әкімі Асқарбек Есжанов құттықтап, ақынның ғибратты ғұмыры мен шығармашылығына тоқталып, халық жүрегіндегі екінші ғұмырының басталғанын, тағылымды шараның кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<