АУДАН ӘКІМІ АҚТАН БАТЫР МЕН ЖАНҚОЖА БАТЫР АУЫЛДАРЫНА БАРДЫ

933

0

Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен бүгінгі кездесулері түстен кейін Көларық және Арықбалық ауылдық округтерінде жалғасты.

Ақтан батыр мен Жанқожа батыр ауылдарының мәдениет үйлерінде өткен басқосуларда Мұхтар Әуесұлы ең алдымен ауданда атқарылған жұмыстарды қысқа-нұсқа айтып беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Биылғы Барыс жылының басты жаңалығы деп жаңадан басталған «Қарлаң» көпірінің құрылысы деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін маңыздылығы жоғары темір-бетон көпірінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Аудан басшысы одан бөлек, Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Қ.Пірімов ауылында спорт кешені, Қазалы қаласында 140 орындық «Өрімтал» балабақша, Кәукей ауылында 150 орындық клуб және тағы басқа да құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, «Әйтеке би-Қазалы» «Әйтеке би-Басықара», «Бозкөл-Кәукей», «Басықара-Абай», «Бекарыстан би-Майдакөл», «Майдакөл-Түктібаев» және «Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» бағытындағы жолдар жөндеуден өтіп, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылын газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде қос ауылдың тұрғындары елдің мәселелерді көтеріп, халықтың талап-тілектерін жеткізді.

Ақтан батыр ауылының тұрғындары балабақша салу, газдандыру және мектепке қосымша құрылыс салу жөнінде айтса, арықбалықтық ағайындар ауыл маңындағы жайылымдылық жерлерді көбейтіп, оларды суару, құрылысқа қажетті топырақ алатын карьер, полигонның орнын ауыстыру және тағы басқа бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Ахмедия Төлеш балабақшаға қатысты сұрақтарын қойып, елді мекенге салынған мал қорымына қатысты ұсыныстарын айтты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындарды мұқият тыңдап, әрбір сұраққа жеке-жеке жауап берді.

Аудан басшысы 2021 жылы Жанқожа батыр ауылында ауыз су сервистік желіге қосылып, елді мекенге аяқ су айдайтын насос алынғанын жеткізді. Ал, биылғы жылы бөлінген қаржыға «Аққолқа» каналына тазаланғанын, мұнымен қатар, «Атсойған» каналына да механикалық тазалау жұмыстары жүргізілгендігін тілге тиек етті.

Кейбір мәселелерге байланысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов, аудандық ветеринария станциясы бастығының орынбасары Темірлан Мұратов түсініктеме беріп, тиісті жауаптарын қайтарды.

Жанқожа батыр ауылына сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап елді мекен тұрғыны Жетібай Қарасаевтың жайқалған жасыл бағына барып, көркейту-көгалдандыру ерекше үлес қосқан азаматқа алғысын айтты.

Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықовқа Жанқожа батыр ауылына кіре беріс жолдың бұзылған учаскелерінің нақты есептемесін шығарып, қажетті қаржы көлемін нақтылауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<