Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті

745

0

Биыл пайдалануға берілген 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінде бүгін аудан басшысының балғын бүлдіршіндерге арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті.
Оқушылар үйі балалар үшін жаңалық пен жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер мекеніне айналды.

Жаңа жылдық мерекелік іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасының балалары, ерекше жағдайдағы балалар мен білім, өнер, спортта жетістікке қол жеткізген талантты да дарынды оқушылардан барлығы 100 бала қатысты.
Жаңа жылдық шырша оқушылар үйінің өнерпаздары әзірлеген қойылыммен басталды.

Қызықты кешке жиналған балалар Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетіп, керемет сыйлықтарға ие болды. Ертегілік персонаждар, жаңа жылдық көріністер мерекенің көрігін қыздырып, қатысушыларды ерекше әсерге бөледі.
Аудан әкімі Асқарбек Есжанов барша бүлдіршіндерді жаңа жылдық мерекемен құттықтады.

  • Қымбатты балалар, бүгін Сіздер, ауданымыздың басты жаңа жылдық шыршасын мерекелеу үшін әр мектептен жиналдыңыздар. Бұл аға-буынның өздеріңіздей өнегелі өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі.

Бұл күні әр баланың арманы мен тілектері орындалып, әр бала мереке қуанышына бөленуі тиіс, әр бүлдіршіннің жүзінен қуаныш пен шаттық лебін көрсек, атқарған ісіміздің зая кетпегені деп санар едік, – деген жүрек жарды лебізін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан басшысы балаларға жаңа жылдық арнайы сыйлықтар табыстады.

Мерекелік іс-шара жаңа жылдық шыршаны айналып, жаңа 2023 жылға ерекше көңіл күймен қадам басты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<