«Балмұздақ алуға шыққан»: Алматы облысында бір үйдің екі қызын көлік қағып, мерт қылды

403

0

Фото: видео скриншот

Алматы облысында дүкенге балмұздақ алуға шыққан бір үйдің екі қызын көлік қағып, мерт қылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

14 жастағы Ақбота мен оның төрт жастағы сіңлісі Қазына кешқұрым жолдың арғы бетіне, жаяу жүргіншілерге тиесілі емес жерден өтпекші болған. Алайда қатты жылдамдықпен келе жатқан «Мерседес» автокөлігі балаларды қағып кеткен. Екі қыз да оқиға орнында көз жұмған.

Оқиға куәгерлері дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсеткенімен, қыздарды аман алып қала алмадық дейді.

Тұрғындар оқиға болған жер қаладағы ең қауіпті жолдардың бірі екенін айтады. Олар түнде жүргізушілер жаяу жүргіншілерді көрмейтінін айтып, тас жолды жарықтандыруды, «Сергек» камераларын орнатуды талап етіп отыр.

Балаларды қаққан көлік жүргізушісі осы ауылдың тұрғыны екен. 33 жастағы азамат бірден қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған.

«Апат салдарынан кәмелетке толмағандардың екеуі де оқиға орнында қайтыс болды. Автакөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды», – деді Алматы облысы ДП ресми өкілі Меруерт Морякова.

Айта кетейік, марқұм Ақбота мен Қазына бір үйдің кенжелері болған. Енді артында қара жамылып туған екі ағасы мен бір әпкесі, ата-анасы қалды. Отбасы тергеудің әділ өтуін талап етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<