Ең үздік көрсеткішке қол жеткізді

695

0

Футболдан UEFA Ұлттар лигасы алтыншы турында Қазақстан құрамасы Әзербайжаннан жеңілісінен кейін де турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық футболшылар С лигасы үшінші тобында сынға түсті. Қарсыластары – Словакия, Әзербайжан және Беларусь.

Ел құрамасы алты ойынның 4-еуінде жеңіске жетсе, 1-еуінде тең ойнап, 1-еуінде қарсыласқа есе жіберді .

Қазақстандық футболшылар бір тур бұрын В дивизионына жолдамаға қол жеткізді. Оған қоса 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін жолдаманы сарапқа салуға мүмкіндік алды.

Енді ел құрамасы алдағы маусымда В дивизионында Англия, Украина, Ирландия, Норвегия, Словения және өзге де құрамалармен ойнайды. Олардың толық құрамы 27 қыркүйекте толықтай белгілі болады.

Аталған топта турнир кестесінде бірінші орын Қазақстанға бұйырса, одан кейінгі орындарда Әзербайжан, Словакия, Беларусь құрамалары орналасты.

Биыл Қазақстан құрамасы қарсыластар қақпасына сегіз гол соғып, өз қақпасына алты гол жіберіп алды. Турнир барысында ел құрамасынан Абат Айымбетов 3, Аслан Дарабаев, Ян Вороговский, Эльхан Астанов, Михаил Габышев, Бактиер Зайнутдинов бір-бірден гол соқты.

Турнир барысында қазақстандық футболшылар 18 мәрте сары, 2 мәрте қызыл қағаз алды.

Ел құрамасы бұған дейін UEFA Ұлттар лигасы турниріне екі мәрте қатысты. Биыл аталған турнирдегі үздік көрсеткішіне қол жеткізді.

Алдымен 2018/2019 жылдарда D дивизионында екінші орын алды. Алдына Грузия құрамасын салып, Латвия мен Андорраны артқа қалдырды.

Ал 2020/2021 жылдарда С дивизионында Албания, Беларусь және Литваны алға салып, төртінші орынды місе тұтты. Өтпелі ойында Молдованы (2:1,0:1, пенальтиден 6:4) орта жолда қалдырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<