Фото ашық дереккөзден
Кейінгі бірнеше онжылдықта қазақстандық отбасылардың өмірінде белгілі бір өзгерістер пайда болған. Қазір ерлі-зайыптылар арасында мынадай тенденциялар байқалады: отбасында ұрыс-керіс азайған, оны сақтауға деген көзқарас өзгерген, отбасы бұрынғыдай «маңызды жоба» емес, болашақ жұбайды таңдаған кезде материалдық жағдайына назар аударатындар артқан және азаматтық неке немесе некені ресми тіркеусіз бірге тұратындар көбейген, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның қоғамдық даму институтының баяндамасына сәйкес, қазіргі отбасылардың өміріне бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, жаңа шаңырақ көтерген отбасыға дәстүрдің әсері айтарлықтай зор. Олардың ішінде, «отбасы – басты құндылық», «кіші ұлдың ата-анасымен бірге тұру дәстүрі», «ресми некеге дейін бірге тұруға тыйым салу», «күйеу туыстарының келінге билік етуі» сынды мысалдар түсініспеушілікке әкеледі.
«Біздің қазақ отбасында кіші ұлы ата-анасымен бірге тұруы керек. Бұл да қиындық, мұнда билік етуге ішінара күрес пайда болады, кім басты, кім маңызды сияқты проблемалар басталады», – дейді қарағандылық психолог.
Мамандардың айтуынша, некеге дейін бірге тұруды табуға айналдыру – қателік, себебі адамдар тұрмыста бірін-бірі жақсы таниды.
«… бізде менталитетке байланысты некеге дейін бірге тұруды құптамайды. Мұндай тәжірибе бар, алайда көп отбасы бұл жағын ұнатпайды. Бұл – үлкен қателік. Адамдар бір-бірін тұрмыста, тәжірибеде көріп білу керек. Олар бірге тұрып, тәжірибе алады. Содан кейін ғана, жайсыз, белгісіз жағдайға түсіп қаламын деген қорықпай отбасын құруы керек», – дейді психологтардың бірі.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында жанжал бірге тұра бастаған кезде жиі болады. Ал жыл өте ұрыс-керіс жеңіл қабылданады.
«Ұрыс-керіс жиілігі, әрине, өзгереді. Бірге тұра бастаған кезде жанжал жиі болды. Себебі тұрмысқа шыққан кезде жаңадан танып, өз жұбыңды зерттеп бастағандай боласың. Үйлеспейтін жағдайлар да болды. Осындай кезде ұрыс-керіс көп болады, әрине», – дейді тұрмыс құрғанына 18 жыл болған шымкенттік Наргиз.
Ал Астана тұрғыны Айгүл биыл күйеуге шыққанына 8 жыл болған. Қазір ол екі бала тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, бұрын түсініспеушілік жиі болса, кейіннен сиреген, өйткені ымыраға келуді үйренген.
«Дүниеге бала келген соң жауапкершілік те, жұмыс та, шығын да көбейді. Қаржылық жағы бар. Сондықтан бала дүниеге келгенге дейін жеңіл-желпі ұрысатын едік. Қазір, бала өскен сайын ұрыс-керіс те азайған сияқты», – дейді павлодарлық Эдуард.
Ұрыс-керістің негізгі себептері
Отбасындағы ұрыс-керіс себептеріне үңілетін болсақ, сауалнамаға қатысқанның көбі «татуласқаннан кейін ұрыс-керіс туралы бірден ұмытып кетеміз» деп жауап берген. Ерлі-зайыптылар арасында жанжалға қатысты көзқарастың екі түрлі болуы бір жағдайды әйелі мен күйеуі әртүрлі қабылдауына байланысты.
Зерттеу нәтижесі бойынша, отбасындағы жанжал көбіне қаржыға және ата-анасын ренжітуге байланысты болады.
Сондай-ақ, отбасындағы ұрыс-керістің мынадай себептері бар:
Ұсақ-түйек тұрмыстық проблемалар;
Балаларды бағу және тәрбиелеу бойынша;
Үйдегі міндеттерді бөлуге қатысты;
Ата-аналармен бірге тұрған кездегі келіспеушіліктер;
Виртуалды ойындарға деген құштарлық (күйеуі достарымен ұзақ уақыт PlayStation ойнайды);
Ішімдік ішу (күйеуі кейде қатты мас болып келеді);
Әйелдің өз құндылықтары, көзқарастары, отбасындағы өмірге деген көзқарасы болуына наразылық (әйелдің күйеуі мен енесінің пікіріне тәуелді болуы);
Күйеуінің тарапынан жеткіліксіз көңіл бөлу;
Қызғаныш (күйеуі хабарламаларға, қоңырауға жылдам жауап бермеген жағдайда әйелінің реніші);
Қонақ күту және қонаққа баруға қатысты келіспеушіліктер;
Басқа некедегі балалармен уақыт өткізу мәселелері.
Әдетте ұрыс-керісті кім бастайды?
Сауалнамаға қатысқандардың 46 пайызы отбасындағы жанжалды әйелі мен күйеуі ұрыс-керісті бірдей бастайды деп жауап берген.
Ал психологтардың айтуынша, әдетте, отбасындағы ұрыс-керісті қызба мінезді, сабырсыз адам бастайды.
Ұрысқанда мінез-құлық қандай болады?
Америкалық психолог және әлеуметтанушы К.Томас ұрыс-керіс жағдайындағы мінез-құлықтың негізгі түрін анықтаған.
1) Бәсекелестік – басқаның мүддесіне зиян келтіру арқылы өз мүддесін қанағаттандыруға ұмтылу. Бұл жағдайда басқа адамның позициясы ескерілмейді.
2) Бейімделу – бұл ұрыс-керіске қатысушы өзінің мүдделерінен бас тартуға және қарама-қайшылықты болдырмау үшін басқа адамға көнуге дайын мінез-құлық тәсілі.
3) Қашқақтау – қатысушы келеңсіз мәселелерді болдырмауға және күрделі шешім қабылдауды «кейінге қалдыруға» тырысады.
4) Ымыраға келу – бұл жанжалдасушы тараптардың мүдделерін ішінара қанағаттандыру.
Ғалымдардың айтуынша, бұл ұзақ мерзімді қарым-қатынастағы ең оңтайлы мінез-құлық стилі, ол басқа адамды тыңдауға, оның көзқарасын түсінуге, оның мүдделерін ескеруге және даулы жағдайда барлық тараптарды қанағаттандыратын шешім табуға деген ұмтылысымен ерекшеленеді. Осының арқасында қарым-қатынастар берік әрі тұрақты бола түседі.
Ерлі-зайыптылар ұрыс-керіс жағдайында кеңес пен көмек алу үшін кімге жүгінеді?
Достар мен құрбылар;
Әпке-сіңлі/қарындастар;
Ана;
Қайын ата, ене;
Психолог;
Интернеттегі психологтар;
Әлеуметтік желілердегі «психологиялық сайттар»;
Форумдар;
Қазіргі психологиялық кітаптар;
Тренингтер.
Алайда, жалпы алғанда, респонденттердің (сауалнамаға қатысқандар – еск.) көбі ұрыс-керіс кезінде кеңес немесе көмек алу үшін ешкімге жүгінбейтінін айтқан. Оны көбіне «мұндай дүниелер отбасы ішінде болады, сондықтан сыртқа жария етілмеуі керек» деген қағида арқылы алға тартады.
Сондай-ақ, ер адамдар отбасында жанжал шықса, біреуден кеңес немесе қолдау алу үшін өте сирек жүгінеді. Шешілмеген шиеленіс көбіне ерлі-зайыптыларды үшінші тұлғалармен талқылауға итермелейді, бірақ ер адамдар бұл қадамға өте ауыр жанжалдар жағдайында ғана барады.
Кейінгі жылдары психологтарға жүгіну, оның ішінде отбасылық ұрыс-керіс мәселелері бойынша жүгіну жиілігі өскен. Мұнадй жағдай әсіресе пандемия кезінде болған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<