Кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады

581

0

«Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушысына ұсынылатын 100 кітап» жобасы аясында қызылордалық зияткерлер өзара сайысқа түсіп, Мұхтар Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасы» повесі бойынша білімдерін тексерді.

Іс-шара барысында оқушылар «Кешкі асқа кіммен барғыңыз келеді?» әдісі арқылы кейіпкерлердің еңбек ету, жігерлілік, ар-намыс, адалдық, өз мақсатына жете білу секілді жақсы қасиеттерін өздеріне үлгі ету арқылы, қазақ халқының басына төнген түрлі қиындықтарды талқылап, шығармалар бойынша алған әсерлерімен бөлісті.

Нәтижесінде 9 «С» сынып оқушысы Аида Тұрсынбекова барлық сұрақтарға дұрыс жауап беріп, І орынды иеленді. 7 «А» сынып оқушысы Мардан Русланұлы ІІ орын, 9 «С» сыныбының 3 оқушысы Баянсұлу Ермекқызы, Жания Усенгазина, Айым Нұржан және 9 «А» сынып оқушысы Нұрсила Әмірбекқызы ІІІ орын иемденді.

Сондай-ақ, оқырмандар «Ұлы Дала ақындары» жобасы аясында Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі мен «Бәйгеторы» әңгімесі бойынша сайысқа түсті. Оқушылар шөл даланы мекен еткен елдің мейірін қандырып, шыңырау құдық қазып берген бейнетқор Еңсептің жанкешті өмірін, өңірге аты танылған Бәйгеторының жарақаттан соң иесіне керексіз болып қалуы, аттың аянышты халін талқылады.

Онлайн форматта өткізілген тестілеу нәтижесі бойынша 9 «С» сынып оқушысы Мереке Мұрсал І орын, 9 «А» сынып оқушысы Нұрсила Әмірбекқызы ІІ орын, Балнұр Жақсыбай мен Мухсина Базарбай ІІІ орынды өзара бөлісті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<