Мәжілістегі партия фракциясы мүшесінің өңірге жұмыс сапары басталды

281

0

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлының Сыр еліндегі жұмыс сапары облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлымен бірге Қармақшы ауданынан бастау алды.

Фракция мүшесі алдымен аймақ басшысымен бірге аудандағы киелі орындардың жағдайымен танысып, оларды жөндеу, жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын саралады.

Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің бойында орналасқан «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені мен ХІХ ғасырда салынған жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші – Марал ишан кесенесінде болды. Аталған кесене бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізіміне, Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасына енгізілген. Кесене туралы ақпарат енгізілген QR-код тақтайша орнатылған. Алдағы уақытқа Марал ишан кесенесіне апаратын жол салу мақсатында жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, арнайы мамандардың тексеруінен кейін кесененің бүгінгі қалпын сақтап қалу үшін жөндеу жұмыстары да жүргізілмек.

Өз кезегінде аталған нысандарда аға буын және мәдениет саласы өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныс – пікірлері тыңдалды.

Мұнан соң Фракция мүшесі аймақ басшысымен бірге Қармақшы ауданына жұмыс сапары кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алынатын 50 тұрғын үйдің дайындығымен танысты.

Елімізде «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде «Тұрғын үй саласындағы іс-шараларды іске асыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Бағдарлама аясында биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алуға Ұлттық қордан Қармақшы ауданына 480 млн. теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға аудан орталығынан 50 тұрғын үй сатып алу жоспарланған.

Бүгінгі күні 12 үй пайдалануға беруге дайын. Әрбір пәтердің орташа аумағы 60 шаршы метр.

Сонымен бірге Жосалы кентінде партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы аясында биылғы жылы жөндеуден өтіп жатқан 15 көшедегі жұмыстармен танысты.

Мәжіліс депутатының жұмыс сапары алдағы күндері облыс орталығы мен Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарында жалғасатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<