Ұлы кемеңгер Абай Құнанбаевтың «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең», – деген сөздері облыста кәсіптік-техникалық білімнің киелі шаңырағын биіктеткен, жастарға кәсіби біліммен қоса ізгілікті тәлім-тәрбие беруге шынайы беріліп еңбек еткен алып азамат, білімпаз ұстаз, іскер басшы, кешкен ғұмыры мен сүрген өмірі өзгелерге нұрын шашқан шамшырақтай болған әріптесіміз Сексенәлі Рахановқа арнап айтылғандай.
Жүрегі кең, әрекеті адал, ойлаған мүддесі асқақ, талап пен жігер жетелеген өмірі өрісінде өзгелерден озып, дараланған әр қадамы қарымды болып, талмай еңбек етіп, бойындағы бар білімі мен адамгершілік қасиетін ұрпақ игілігіне жарату – Сәкеңнің өмірде мақсат тұтқан негізгі ұстанымы еді және осы мақсат мүддесінен Сәкең бір сәтке де ауытқыған емес.
Осы конференцияға дайындық барысында мен Сексенәлі Рахановтың феноменін әлде де түсініп, барынша ашуды мақсат еттім. Ол үшін біраз тікелей әріптестермен пікірлесіп, кітаптарын, мақалаларын оқып, бірге қызметтес болған сәттерді жадымда қайта жаңғырттым, өмір жолын елегімнен өткіздім. Содан мынадай түйін түйдім:
Мектеп қабырғасынан оқу озаты, қоғамдық жұмыстың белсендісі, өз қатарының көшбасшысы болған Сексенәлі өмірінің соңғы күніне дейін халықшыл, мемелекетшіл, кәсіптік білімнің патшасы, руханияттың жаршысы, мәртебелі жетекші-тұлға ретінде қоғамға, әлеуетке қызмет етті. Сонымен Сексенәлі Рахановтың өмір жолының моделін жасағанда, ол кісінің феномені өзінен-өзі ашылды, негізгі бағыттары айқындалды.
Олар:
І. Сәкең үнемі білімін жетілдірді, жаңартты, дамытты. Себебі мектепте, пединститутта оқу озаты болды, кәсіптік білімді, жалпыадамзаттық тәрбиені игеруде психологиялық-педагогикалық ілім-ғылым арқылы биік шыңға жетті.
ІІ. Сәкең кәсіптік және жалпы педагогоикалық тәжірибенің қыр-сырын, көптеген мамандықтардың кәсіби болмысын, теориялық-практикалық мазмұнын үйреніп, игеріп, олардың сапасын қамтамасыз ететін методологиясын іске асырды. Оған негіз болған Сексенәлі Рахановтың бірнеше білім, кәсіптік білім беру оқу орындарында абыройлы еңбек етуі. Мысалы, 3 кәсіптік-техникалық училищелерде, №8 санаторлық мектеп-интернатта, гуманитарлық колледжде, СПФ» Монтажспецсторй» ЖШС, «Торғай Петроеум» АҚ оқу орталықтарында басшы қызмет атқарды.
ІІІ. Сәкең кәсіптік-техникалық білім саласын басқаруда өзінің озық білімін, жаңашылдығын, істі аса тиімді ұйымдастыра алатынын көрсете білді. Осы тұста Сексенәлі Раханов кәсіптік-техникалық училищелерге инновациялық тәжірибелердің қолжетімді болуына, педагогтары мен өндірістік оқыту мамандарының кәсіби потенциялының жетілуіне, нығаюына көп еңбек сіңірді. Мысалы, облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқару барысында Латвия, Эстония, Украина, Ресей, Өзбекстанға мамандар даярлауда өзінің аса жауапкершілігін, мәдениеттілігін, көпшілдігін көрсетті.
Одан кейін кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындары директорларының облыстық кеңестің төрағасы және республикалық директор кеңесінің алқа мүшесі, сонымен бірге «Қазақстан-Германия» жобасын жүзеге асыру мен кәсіптік-техникалық білім мемлекеттің стандартын дайындау комиссиясының мүшесі ретінде де өзінің мол үлесін қосты. Теориялық білімі, тәжірибелік, әдістемелік біліктілігі жоғары С.Раханов әрбір ұстаздың абыройлы еңбегіне жанашырлықпен қарап, оларға арнап өзінің авторлығымен бірнеше қосымша оқу құраларын шығарды. Бұл материалдардың білім-тәрбие сапасын арттыруға көп пайдасы болды.
С.Раханов феноменінің 4-ші қыры: тәрбие теориясын жоғары дәрежеде игерген ол, бұл білімін өз тәжірибесінде академиялық тұрғыдан өте сауатты пайдаланды. Тәрбие жұмысының өзекті мақсаты «Жастарды әлеуметтік өмірге және өнімді еңбекке даярлап, оларға қоғамдық тарихи тәжірибені үйрету арқылы қоғамның алға қарай дамуына қамтамасыз ететін тұлға тәрбиелеу» деп түсінетін. Сондықтан Сәкең тағылымды тәлім-тәрбие беру жұмысының ұлттық құндылықтарына, педагогиканың қоғамдағы қызметіне, жеке бастың позитивті дамуына үлкен мән беретін ғалым-падагог еді.
Тәрбиелік істі кәсіби педагогикалық білімге негіздеп, жастардың руханиятын жетілдіруіге негіз болған Сәкеңнің падегогикалық интеллектісі, зерделі ой-өрісі деп білеміз. Осы орайда С.Рахановтың тәрбие жұмысының мән-мағынасын, құндылықтарын түсініп, тәжірибе жинақтау сәті сонау мектеп қабығасынан, жалындаған жастық шағынан, комсомол қызметімен байланыстыруға болады. Мысалы, мектеп комсолмол ұйымының хатшысы, студенттер құрылыс отрядында жетекші, пединститутта партбюро мүшесі, әрі қарай ірі құрылыс мекемелерінде, облыстық комсомол комитетінде жастар жетекшісі, жауапты қызметкер болып еңбек етті. Нәтижесінде Сексенәлі жастарды білімге, спортқа, мәдениетке, өнерге, қоғамдық қарым-қатынасқа, белеснді, салауатты өмір сүруге бағыттады, жетекшілік етті.
Рухы биік Сексенәлі Раханов өзі де тыным таппай ғылыми-шығармашылық ізденіс жұмыстармен айналысты. Мысалы, Сұлтанбек Қожанов, Саттар Ерубаев, Алпамыс батыр эпосы туралы туындылары, кәсіптік-техникалық училищелердің тарихы, басшыларының асыл қасиеттері, түлектердің еңбек табыстары жайлы жазғандары ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға, жастардың көркем ой-санасын, мінез-құлқын, оптимистік көзқарасты тәрбиелеуге ықпалы мол болды. Сонымен, ойды түйіндей келе Сексенәлі Рахановтың осындай феноменін қалыптастырған көп қасиеттермен бірге келесі қабілеттері деп білемін:
- Сәкеңнің ерекше өзінің тұлғалық жаратылысы, тегі.
- Академиялық қабілеті – яғни, білім, ой-өрісі өскелең өмір талабына сай болуы.
- Перспективті қабілеті – оқушылардың ішкі жан дүниесін тани білуі.
- Конструкті қабілеті – оқу және т әрбие міндеттерінің үйлесімді шешілуін қамтамасыз етуі. Жұмысты жоспарлау, салыстыру, болжам жасау, логикалық ойлау қабілеттерін танымдық іскерлікпен ұштастыра алатын қасиеті.
Бүгінгі күні оқу-тәрбие процесінде интегративті педагогиканы пайдалану маңызды. Сәкең бұны 40-50 жыл бұрын іске асырған (Өйткені педагогикалық логикасы дамыған еді)
Сәкең тіршілігінде өзі ғана биік шыңға көтерілген жоқ, сол биіктікке жетуге көптеген әріптестерге, шәкірттерге, ұжымға, жалпы салаға ұстаз ретінде жетекшілік етті.
Сәкеңнің ерекшелігі де осында: Өзімде барым айналамдағыларға артығымен болсын деген өмірлік ұстаным, өзінің еңбегінен гөрі, басқаның еңбек табысына қуана білген, қуанта білген, жақсы-жайсаңдарды қадірлей білген нар тұлға Сәкең!
Жатқан жері жайлы болсын, қалдырған өрісі аман болсын!
Әлима Әбдіхалықова,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<