Мемлекет басшысы өндіріс саласындағы кемшіліктерді атады

595

0

Фото: Ақорда

Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Қазақпарат.

«Еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру қажет. Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда, нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар, дегенмен, бұл жұмыс та толық аяқталмаған.

«Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ. Көптеген жобаны қаржыландыру көздері айқындалған жоқ. Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Осы тұста, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртумен қатар, еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру керек», – деді Мемлекет басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<