Меморандум жасалды

883

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев пен облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов өзара әріптестік меморандумға қол қойды. Мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің интеллектуалды ойын дамыту, дүниатанымын кеңейту, кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру.

Осы мақсатта мемлекеттік қызметшілер арасында «Жылдың үздік оқырманы» атты облыстық байқау өткізу жоспарланып отыр. Бұл байқауға поэзия және проза жанрындағы таңдаулы шығармалар ұсынылады. Сайыста мемлекеттік қызметшілердің тіл шеберлігіне, сөйлеу мәнеріне ерекше мән беріледі. Сонымен қатар, меморандум аясындағы байқауда «Ең үздік кітап оқитын мекеме» номинациясын анықтау көзделген.

Руслан Рүстемовтың айтуынша, кітапхана – шығармашылық және рухани ордаға айналуы тиіс. Сол үшін уақытпен үндес жобалар жоспарланып, оның нәтижесі еселене түседі.

Бүгінде аталған кітапхана 32000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Ал, кітап қоры 418680 дананы құрайды. «Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы аясында 6030 данасы цифрлы форматқа көшірілген.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<