Микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды

215

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 85 жылдық мерейтойы аясында биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, екі мәрте мемлекеттік сыйлықтың иегері Амангелді Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

Салтанатты шарада басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан еңбегіне тоқталды.

«Аманкелді Құрбанұлы өзі білім алған қара шаңырақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өркендеп дамуына зор үлес қосып келеді. Оның ішінде бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ғылыми кадрлар даярлау, университетіміздің оқытушы-профессорларын тағлымдамадан өткізу, сондай-ақ «Микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығын» жабдықтап, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін қажырлы еңбек етуде», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Аманкелді Құрбанұлы – Қоқыт ата атындығы Қызылода университетінің түлегі. Инститтутты бірген соң Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөліміне қарасты В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің топырақ биологиясы кафедрасының докторантурасын бітірген. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ғалым 1984 жылы ғылым кандидатты, 1995 жылы ғылым докторы атағын иеленді.

Ғалым жаңа ғылыми бағыттардың бірі топырақ биотехнологиясы мен топырақ микробиологиясын зерттейтін ғалымдарды біріктірді. Сонымен қатар, биологиялық және медициналық препараттар шығаратын «Өнеркәсіптік микробиология» зауытын ашты. Одан шығарылған препараттар халық денсаулығын жақсартуда қолданылып келді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария салаларына арналған 8 жаңа отандық биопрепарат технологиясы әзірленіп, өндіріске ұсынылды. Зауыттан жылына 80-90 тонна әртүрлі биопрепараттар шығарылып, сатылымға жіберіліп отыр.

«Профессор Қорқыт ата университетінің ғалымдарымен ғылым саласында жаңашыл бастамаларымен бөлісіп, үлкен ғылыми жобаларды бірге жүзеге асырып келеді. Осындай толағай еңбектерінің жемісінде «Саданов мектебі» қалыптасты. Біз ғылымдағы осындай тұлғалы ұстаздарымызды мақтаныш етеміз», – деді биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Ибадуллаева.

Аманкелді Садановтың ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша 1036 ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның ішінде 620 ғылыми мақала, 24 монография, жоғары оқу орындарына арналған 39 әдістемелік құралы мен оқулығы даярланып, 155 авторлық куәлік пен патент, тауар белгілері алынды.

Ғалымның жетекшілігімен 40 ғылым кандидаты және 17 ғылым докторы дайындалып, бүгінде ұстаздың шәкірттері алыс-жақын шетелдерде, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.

Аманкелді Құрбанұлының қажырлы еңбегіне мемлекет тарапынан да жоғары баға берілді. Атап айтсақ, Ғылым мен техника саласы бойынша екі мәрте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанған.

Айта кетейік, микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының тұсаукесер салтанатында лента қию рәсімі Бейбіткүл Сәрсемханқызы мен Аманкелді Құрбанұлына берілді.

Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар мен білім алушылар, ғалымның шәкірттері мен замандастары қатысты.