Өнерлі өрендердің шығармашылық шыңы

332

0

Фото: Сұлу-ай шығармашылық өнер орталығы

«Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының үйірмелері қазіргі уақытта ауданға қарасты 8 елді мекенде тұрақты түрде жұмыс жасауда. Республикаға «ауылдардың астанасы» атауымен танылған Нағи Ілиясов ауылында «Эстрадалық вокаль», «Ұлттық би», «Домбыра», «Хор» үйірмесі орталық ашылғаннан бері халық баласын өнерге баулуда. Бүгін ауылдық мәдениет үйінде «Өнерді өрге тартқан өрендер» тақырыбында шығармашылық кеш өткізілген болатын.

Кеш барысында жыл көлемінде табысты өнер көрсеткен 70-ке жуық талантты балғындарға, үйірме жетекшілері Жанат Шайзадаева, Ботакөз Қалиасқарова, Аружан Әлішероваға орталық құрылтайшысы арнайы «Алғыс хаты» табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Ауыл балалары жекелеген үйірмеден үйренген шығармаларын көпшілікке ұсынды. Білім мен өнерді ұштастыра білген білікті мамандардың жұмысы жоғары бағаланып, әрбір ата-ананың ыстық ықыласына бөленді. Сахна төрінде ән айтылып, би биленді. Күмбірлете күй орындалып, хор өнерпаздары даралана білді.

Нағи Ілиясов ауылындағы өнерпаздар жыл көлемінде аудандық, облыстық іс-шараларға қатысып, сан бағыттағы байқаулардың жүлдегірі атанды. «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева шығармашылық әлемінде таныла бастаған жастардың өнеріне баға берді.

– «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының әрбір ауылдағы үйірмесінің жұмысы ұдайы біздің бақылауымызда. Балалардың сабаққа қатысуы, шығарманы жетік меңгеруі, байқауда бақ сынауы – назардан тыс қалмайды. Нағи Ілиясов ауылындағы ұстаздар қауымы кәсіби біліктілігі жоғары. Әрине, баласын бізге сеніп тапсырған ата-ана алдында есеп беруге мүдделеміз. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауды кез келген отбасының көз қуанышы сезінуі тиіс. Орталық ашылған уақытта барлық 8 елді мекендегі мәдениет ошағының басшысымен бірлесіп, қандай үйірме ашу керектігі жөнінде ортақ шешімге келдік. Осы күні ауылда ашылған үйірменің озық нәтижесін көріп отырмыз. Бүгінгі шығармашылық кеште келешек жас жұлдыздардың шоғары қалыптасқаныңа көз жеткіздік, – деді орталық құрылтайшысы.

Кеш соңында барлық өнерпазға балмұздақ таратылды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<