Парасат биігіндегі жазушы

9673

0

Арал өңірі елдің елдігін сақтап қалуда ерен ерлік үлгісін көрсеткен қас батырлар мен от ауызды орақ тілді атақты билер, аттары аңызға айналған арқалы ақындар мен қарымды қаламгерлер шыққан тарихи да шежірелі өңір.

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жазушы, журналист, «Меценат. Кз» әдеби байқауының жеңімпазы Шархан Қазығұлдың шығармашылығына арналған кеш өтті.

Шара алдымен аудандық мәдениет үйінің фоесінде орналасқан «Парасат биігіндегі жазушы» кітап көрмесінен басталды. Бүгінде жазушылар әлемінде Аралды арқау етіп, қаламын тереңінен тербеп жүрген бірегей қаламгер Шархан Қазығұл 1956 жылы қасиетті Арал өңірінде дүниеге келіп, 80-ші жылдардан бастап бүгінге дейін қаламгерлік қасиеті мен жазушылық өнердегі өзіндік өрнектерін қазақ журналистикасында қалыптастырды.

«Қарапайымдылықты жақсы көремін», – деген Шархан Нағметұлы кездесу бастала сала ашық-жарқын қасиетімен көпшілікті тәнті етті.

Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қарымды қаламгерге елге атбасын бұрып келгеніне ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Кездесуде 2022 жылы алғаш рет Қазақстандағы үздік романға жарияланған жобада Шерхан Қазығұлға «Меценат.кз» тәуелсіз әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты атағын берген «Күлпет» романының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Кеште ақын – жырау, күйші – композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Мұрат Сыдықов сөз алып, қаламгер шығармашылығынан сыр шертті. Мұнан соң, шараға қатысқан жазушының сыныптас достары Шархан Нағыметұлының жастық шағына тоқталып, естеліктермен бөлісті.

Кездесуде одан әрі қаламгер оқырмандардың «Күлпет» кітабы туралы әр сауалына әдемі әзіл, әсерлі ойлармен жауап беріп, көпшілікті бірде күлдірді, бірде сүйіндірді.

– «Күлпет» романымдағы басты кейіпкер Абужан мен туған жер арасындағы тартылыс күшін үш ұрпақ сабақтастығы арқылы жеткіздім. Бұл – ұрпағымыз жаһандану кезеңінде жұтылып кетпесін деген ниетпен жазылған шығарма», – дейді жазушы.

Жиналған қауым сырлы сұқбатты ерекше ыждаһатпен тыңдады. Ұлт болашағы үшін көңілі алаң қаламгердің жандүние парасатына риза болған жандар, Шархан Қазығұлмен естелік суретке түсіп, ерекше көңіл күймен тарқасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<