Қызылорда облысында 22 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды

1253

0

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Қызылорда облысы бойынша 2023-2024 жылғы жаңа эпидмаусымда 22 мыңнан астам адам жіті респираторлы вирусты инфекция жұқтырды, деп хабарлайды Kazinform.

Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыста 2023-2024 жылғы жаңа эпидмаусымда жіті респираторлы вирусты инфекцияның 22 170 жағдайы тіркелген. Олардың 67 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның ішінде 10 пайызы – 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында кездесіп отыр.

Облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 560 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен тұмау ауруының 21 жағдайы нақтыланды. Басым бөлігі (71,4 пайыз) облыс орталығында көрініс берді.

«Тұмау ауруының алдын алудағы ең тиімді әдіс – вакцинация. Вирусқа қарсы иммундау науқаны жыл сайын күзде басталады. Бұл екпе аурудың ауыр түрлерін, ауруханаға түсу жағдайын, өлім-жітімді төмендетеді. Тұмауды жұқтырып алу қаупін сейілтеді. Жалпы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға өз септігін тигізеді. Вакцинация қауіпсіз. Одан кейін кейбір адамдарда екпе жасаған жерде қызару және ауырсыну, бас ауыруы және бұлшық ет ауыруы, азғана дене қызуы, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Бұл әсерлер тез жойылады. Тұмау ауруының алдын алу мақсатында ҚР Үкіметінің «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қаулысына сәйкес 84 430 доза вакцина сатып алынды», – деп мәлім етті Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Ведомство мәліметінше, қазірге дейін облыста 83 168 азаматқа тұмауға қарсы вакцина салынған. Оның ішінде балалар саны – 20 418, ересектер – 62 750 адам.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<