Қызылордалықтар Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті

1003

0

Қызылордадағы Мемлекеттік рәміздер аллеясында «Рәміздер – елдігімнің, теңдігімнің айбары» атты шара өтті. Салтанатты жиын 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналды.

Сыр жұртшылығын ел тарихындағы елеулі мерекемен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов мемлекеттік рәміздер – халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі екенін атап өтті.

– «Туың жығылмасын» деп бата берген дана халқымыз үшін көтерілген байрақ – ерлік пен өрліктің, елдік пен бірліктің нышаны. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» деген сөзі әрбір ұлтжанды азаматың жадында мәңгі сақталуы тиіс. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы Олимпиадалар мен түрлі халықаралық мәртебелі жиындарда желбіреп, Гимніміз шырқалуда. Аспанкөк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына тігіліп, Арктика мен Антарктидаға, «Байқоңыр» ғарыш айлағы арқылы ғарышқа самғады. Біз, Сыр бойы тұрғындары Елтаңба авторларының бірі – жерлесіміз, танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков екенін мақтан тұтамыз. Құрметті жерлестер, Елтаңбамыз еңселі, Туымыз биік болып, әрбір жетістігіміз үшін Гимн шырқала берсін! – деді ол.

Атаулы күн 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңның қабылдануына орай жыл сайын мерекеленіп келеді. Бүгінде көгілдір түсті Туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге тәуелсіз еліміздің бейнесін паш етті. Ал өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысында халық арасында кең тараған «Менің Қазақстаным» патриоттық әні жаңа Әнұран негізіне айналды.

Жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті. Жиын авто-велошеруге ұласты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<