Саналы ұрпақ тәрбиелеу парыз

763

0

Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Әйел отбасының ұйытқысы бола отырып,  болашақты қалыптастыруға атсалысады. Ал жарқын болашаққа жету үшін саналы, білімді, көзі ашық қырағы ұрпақ өсіру міндет. Бұл орайда әрине нәзік жаратылыс иелеріне артылар жауапкершілік жүгі зор.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында республикалық Аналар кеңесін қолдау туралы арнайы тапсырма берген болатын. Бұл кеңес елдің бірлігі мен татулығының өзегі саналатын құндылықтарды жастардың бойына дарытуға септігін тигізетінін ерекше атап өткені есімізде. Аналардың құқығын қорғап, әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүрген ұйымның атқарып жатқан игі істері орасан зор. Осы орайда ұйымның төрайымы Назипа Шанаи, ҚР Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева Сыр өңіріне келіп, Достық үйінде кездесу ұйымдастырды. Оған этномәдени бірлестік жетекшілері, өңірлік Аналар кеңесінің белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары және іскер әйелдер қауымы қатысты.

Аймақтағы Аналар кеңесінің атқарған жұмысы жайында Рахима Ахметова баяндап берді. Айта кетейік, Аналар кеңесі 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Ал Сыр өңірінде 113 аналар кеңесі бар. Оның құрамында 1103 белсенді ана отбасында өзекті мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүр.

– Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт»  жобасының мақсаты – саналы ұрпақ тәрбиелеу, бүгінгі заманауи ана бейнесін қалыптастыру. Қазір  ғалымдар XX ғасырдағы тұлғаларды зерттеп жатыр. Ал бізден кейінгі ұрпақ кімді зерттейді? Осы тұрғыда біз Аналар кеңесі еңбегі жанған арулар, яғни өз күшімен, білімімен жетістікке жеткен жандарды елге танытуымыз қажет. Үйдің модераторы да медиаторы да ана. Сондықтан өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу біздің басты миссиямыз. Мәдениетті анадан ғана мәдениетті ұлт шығады, – деді Назипа Шанаи.

Кездесу барысында отбасылық құндылықтар кеңінен талқыланып, өзекті мәселелер сөз болды. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының негізгі бағыттары бойынша жұмысты қарқынды түрде жүргізу керектігі нақтыланды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<