Қауіпсіздік шаралары ескерілмеген

251

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бейсенбі күні қаладағы «Қорқыт» сауда үйінде жаппай сатылымға барған тұрғындардың шектен тыс жиналуына байланысты жеке кәсіпкер дүкенді жабуға мәжбүр болған.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Әбсаттаров хабарлады.

– Аталған дерек бойынша әлеуметтік желіде дүкен иесі халықтан кешірім сұрады. Оқиға 25 қаңтар күні Қызылорда қаласындағы «Қорқыт» сауда үйінде орын алған. Осы сауда үйінде субарендада отырған жеке кәсіпкер «Бекнұр Картай» «BiAi» спорттық аяқ киімдер дүкені 23 қаңтарда әлеуметтік желілерде барлық аяқ киімдерді мың теңгеден жаппай сатылымға шығаратындығы туралы хабарлама таратқан. Бұл туралы «TENGRI NEWS» порталында Қызылорда қаласында аяқ киімнің жаппай сатылымы халық арасында дүрбелең туғызғандығы туралы мақала жарияланған. Жағдай халық арасында дүрбелең туындатқаннан кейін кәсіпкер аяқ киімдерді мұқтаж адамдарға таратып, қарттар үйіне берді. Қазір «Қорқыт» сауда үйінде жағдай тұрақталды. Жеке кәсіпкерге қатысты полиция тарапынан тиісті шаралар қаралатын болады, – деді басқарма басшысы.

Бүгінде сауда нысандарында жаппай сатылымдарды алдын ала қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру арқылы жүргізу қажеттігі туралы түсіндірме жүргізілуде. Алдағы уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау және халық арасында дүрбелең туғызбау мақсатында тауарларды жаппай сатуды жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен келісіп ұйымдастыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жұмыстар жүргізілетін болады.

Мөлдір САҒЫНБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<