Сыр спортшыларының бір арманы орындалды

642

0

Бүгін қаламызда «QYZYLORDA CYCLING TEAM» аймақтық велосипед клубының ашылу салтанаты болып өтті. Бұл клубтың ашылуын барша велоспорт сүйер қауым жылдар бойы күтіп келді. Сол себепті, бүгінгі шараның атмосферасы бөлек, ерекше көңіл-күймен өтті.

Салтанатты шараны облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Рүстемов Руслан Рүстемұлы ашып, бұл күннің спортшылар үшін үлкен маңызға ие екендігін және облыс басшылығы тарапынан бұл салаға әрдайым қолдау болатындығын айтты.

Облыстық велосипед спорты федерациясының президенті Мұстафаев Садық Шоңмұрынұлы барша жиылған қауымды айтулы күнмен құттықтап, жаңа клубқа сәттілік тіледі.

Сондай ақ, мерекеге Ким Юрий Федорович пен Жалдыбаев Абылай Жалдыбайұлы бастаған велосипед спортының ардагерлері қатысты, олар өз кезегінде қаламызда велоспорт мектебінің енді құрылған кезеңі мен тарихын еске алды. Кешке талай белестерді бағындырып жүрген спортшыларымыздың ата-аналары да қатысып, өз алғыстарын білдірді.

Меркелік шара барысында демеушілер «Раим» ЖШС басшысы Раимов Ерлан Қаниұлы мен «Шах-Изат» ЖК басшысы Сыздықов Шәкәрім Магауияұлы жас спортшыларға жаңа, заманауи велосипедтер мен Вело-шлемдерін сыйлыққа табыстап, Сыр спортының дамуы жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Сонымен бірге, ашылу салтанатында вело клуб құрамы таныстырылды. Барша қонақтар бүлдіршін велошабандоздардан бастап, Азия, Әлем чемпионаттарын бағындырып жүрген жасөспірім чемпиондарымызбен танысып, олардың велосипед спортының қай түрімен айналысатынының куәгері болды.

КСРО кезеңінде Сыр өңірінен шыққан талай чемпион велошабандоздар қазір әлемнің әр түкпірінде, бүгінгідей қуанышты күнді өз жерлестерімен бөлісу үшін олардың бірқатары бейне байланыс арқылы тікелей эфирге шықты, бұл шараның ең жүрек тебірентер бөлігі болды десек қателеспейміз. Қай-қайсымыз болсақ та өзіміз жанымызды беріп, өмір бойы айналысқан саламыздың дамып, өсіп-өнгенін қалайтынымыз сөзсіз.

Ендеше жаңадан ашылған клубымызға жаңа жетістіктер тілейміз. Көп ұзамай клубымыз өз жағымды жаңалықтарымен Сыр елін қуантатынына сеніміміз мол. Сәттілік!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<