Тастүбек тұрғындарына су таситын жаңа автокөлік табысталды

696

0

Арал ауданының әкімі Мергенсай ауылдық округіне қарасты Тастүбек елдімекенінде болды. Осыған дейін де тірлігі теңізбен тікелей байланысты ауыл жұртшылығының ұсынысын тыңдап үлгерген аудан әкімі Серік Сермағамбетов бұл сапарында халықтың қуанышымен бөлісті.

Ауыз су мәселесі бойынша бұған дейін де айтып келе жатқан тастүбектіктерге 12 тонналық су таситын көлік жеткізілді.

– Халықтың жағдайы әркез биліктің назарында. Аудан тұрғындарының әрбір мәселесі бізді бей-жай қалдырмайды. Өздеріңізбен алдыңғы жолы кездескен кезде ауыз су жеткізу жайындағы қиындықтарды айтқан болатынсыздар. Бүгін міне, сол қиындық артта қалды деп толықтай сеніммен айтсаңыздар болады. Сіздердің сол кездегі өтініштеріңіз бойынша жұмыс жасадық. Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Аралым – айдын шалқарым» қорына қаржы берілген болатын. Сол қордың төрағасы Арғынбай Асанбаев орталарыңызда. Көліктің кілтін арнайы табыстауға келіп отыр, – деп, жаңа су таситын жүк көлігінің кілті «Жалаңаш» СТК төрағасы Табын Әленовке тапсырылды. Сондай-ақ жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде ешқандай кедергі болмауы қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар елді мекенде салынып жатқан медициналық пункттің құрылысымен жақын танысты.

Кездесуге жиналған ауыл тұрғындары аудан әкіміне басқа да ұсыныстарын жеткізіп, заңдылығына байланысты жауаптарын алды. Алдағы уақытта да көтерген мәселелер бойынша бірлесе жұмыс жасайтындарына сенім білдіріп, аудан басшысына алғыстарын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<