Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі

465

0

Тігін өнеркәсібі – елімізде табысы мол кәсіптердің бірі. Сол себептен де қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың көшін бастап тұр. Бүгінгі «Үздік түлек» айдарындағы кейіпкеріміз де осы текті өнерге бала кезінен қызығып, тігінші мамандығы бойынша білім алуда.

Ұлбике Дауылбаева – Арал индустриалды- техникалық колледжінің «Арнайы тігінші» мамандығының 4 курс студенті. Ұлбикенің анасы мен әпкесі де осы колледжден білім алып, бүгінде тігіншілікті тұрақты тіршілігі еткен. Шығармашылық отбасында туып өскен ол биыл өзінің сүйікті мамандығы бойынша оқуын аяқтайды.

Ұлбике бүгінде колледж қабырғасында теориялық білімін тәжірибеге ұштастырып, өндірістік оқу шеберінің нұсқауымен жаңа үлгідегі заманауи тігін машиналарымен жұмыс жасап, тігіншіліктің қыр-сырын үйренді. Қазіргі таңда ол Арал қаласындағы «Келжанова» тігін шеберханасында өндірістік тәжірибеден өтіп, мамандығына машықтануда. Соның арқасында Ұлбике ақылы тапсырыстар алып, отбасына қолғабыс етіп келеді.

«Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі» дегендей, болашақта өзімді жұмыспен қамтамасыз етіп, кәсібімді ашуға мақсат қойып отырмын дейді ол.