Қызылордада такси жүргізушілерін тақырға отырғызған алаяқ сотталды

181

0

Қызылордада такси қызметімен айналысқан азаматтарға алаяқтық жасаған 44 жастағы күдіктіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол өзінің арам ойын биылғы мамыр-маусым айларында жүзеге асырған. Алдау жолымен жеңіл ақша табуды көздеген ол такси қызметімен айналысатын жергілікті тұрғындардан қомақты қаржы жымқырып кеткен. Қызылорда қаласында орналасқан ауруханалар мен емханалар алдында көлігімен тұрған азаматтардың сеніміне кірген.

«Ол емдеу орындарындағы өзінің жақын туыстарының мәйітін қашық орналасқан елді мекендерге алып баруға алдымен өтініш айтады. Одан соң кейін қайтаратынын айтып, олардан ақша алдап алады. Алаяқ мұндай әрекетін бірнеше мәрте қайталаған. Сот тергеуі нәтижесінде сотталушы өз кінәсін толық мойындады», – деді Қызылорда қаласы №2 сотының баспасөз хатшысы Таңшолпан Алтынбаева.

Қызылорда қаласы №2 сотының үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4- тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<