Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы нормаларын ауданда іске асыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау бойынша нақты міндеттер айқындалды.
«Мемлекет басшысының Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстанды қалыптастыру бағытындағы бастамаларды аудан халқы бірауыздан қуаттап, референдумға үлкен ұйымшылдықпен қатысты. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, Президент атап өткендей, Конституция күні енді жыл сайын 15 наурызда ұлттық деңгейде аталып өтеді. Осыған орай, Президент қол қойған Жарлыққа сәйкес Конституция нормаларын іске асыру, халық арасында кеңінен түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет», – деді А.Ибраимов.
Жиында аудан әкімі жаңғыру кезеңіндегі референдумға белсенді қатысқан барша жалағаштықтарға облыс әкімінің алғысын жеткізді.
Мәжіліс қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






